Рәміздер – рухымыздың айнасы
4 маусым күні – кенттегі Рәміздер алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шара өтті. Ел тәуелсіздігінің басты нышандарын ұлықтаған мерекелік жиынға аудан тұрғындары, ардагерлер, жастар, мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, ұлттық құндылықтарға деген құрметтің жарқын үлгісін көрсетті.Салтанатты шара Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен басталды. Көк байрақ көкте желбіреп, қасиетті Әнұран әуелеген сәтте көпшілік жүрегін мақтаныш сезімі кернеп, Тәуелсіз Қазақстанның жарқын жетістіктері мен баянды болашағы көз алдарынан өткендей болды.
Жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Айтбай Жандарбеков жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, рәміздердің елдік пен егемендіктің, бірлік пен тұтастықтың айғағы екенін ерекше атап өтті.
– Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын көтеретін, тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдейтін қасиетті құндылықтар. Көк Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алған. Оларды құрметтеу – Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі, – деді аудан басшысы.
Мерекелік шарада ауданның қоғамдық-саяси, әлеуметтік және мәдени дамуына өзіндік үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Олардың қатарында Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтиже көрсетіп, аудан мерейін асырған 140 балл иегері Кәусар мен 139 балл жинаған Гаухардың жетістіктері ерекше аталып өтті. Білімді ұрпақ тәрбиелеп, олардың табысқа жетуіне зор үлес қосқан ата-аналары Қанат Әмзе мен Индира Тоқсанбаева да аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар қазақ күресінен екі дүркін Қазақстан чемпионы, үш дүркін қола жүлдегері Ілияс Зікірияұлының спорттағы жетістіктері жоғары бағаланды. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу жолында еңбек етіп жүрген Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы Рамазан Сердалыұлы, №252 Ғ.Н.Ковтунов атындағы мектеп-гимназиясының алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушысы Ерлан Тұрымбетов те марапат төрінен көрінді.
Сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғам тыныштығын қамтамасыз ету бағытында қызмет атқарып жүрген Шиелі ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Назарбай Мырзахметов, Сұлутөбе ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Аралбай Үсенғазин және аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Мира Көбегенова аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Шара аясында мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері салтанатты түрде ант қабылдап, ел мен халыққа адал қызмет етуге серт берді. Бұл рәсім олардың мемлекет алдындағы жауапкершілігін айқындап, Отанға қызмет етудің мәртебелі міндет екенін тағы бір мәрте ұғындырды.
Шараның мазмұнын байытқан мәдени бағдарлама көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндерді нақышына келтіре орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әрбір ән мен әрбір әуен туған жерге деген сүйіспеншілікті тереңдете түсіп, көпшіліктің көңіліне қуаныш ұялатты.
Мемлекеттік рәміздер – азаттықтың айғағы, егемендіктің еңселі белгісі. Олар өткен тарихымызды ұлықтап қана қоймай, болашаққа деген сенімімізді нығайтады. Шиелі төрінде өткен тағылымы терең, рухы биік мереке көпшіліктің жүрегінде патриоттық сезімді күшейтіп, тәуелсіз елдің тұғырлы құндылықтарын тағы бір мәрте дәріптеді.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ







