ӨТКЕНГЕ ТАҒЗЫМ: ТАРИХИ ОРЫНДАР ТАЗАЛАНДЫ
Көктемнің шуақты күнімен бірге Шиеліде жаңару мен жаңғыру лебі келді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологияға жанашырлық белең алды. «Тазалық табалдырықтан басталады» деген қағиданы қатаң ұстанған аудан жұртшылығы «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», игілігі ортақ іске жұмыла атсалысуда. Өткен сенбілік Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күнімен тұспа-тұс келіп, ауданда ауқымды істер атқарылды. Атап айтар болсақ, «Тағзым орны таза болсын, рух пен тазылық – егіз ұғым» атты жалпыхалықтық акция ұйымдастырылып, мемлекет қорғауындағы «Оқшы ата» кесенесі, «Бес Арыс Тұяқты баба» кесенесі, «Шашты ата» және «Жаназар батыр» кесенесі, «Арғын ата» кесенесі, «Жансейіт баба» кесенесі, «Дәуіт ата» кесенесі, Қаратау жотасының етегіндегі «Сауысқандық» шатқалы аумағында тазалық жұмыстары жүрді.
Оқшы ата кесенесі аймағында өткен игі іс-шараға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев, аудандық ардагерлер кеңісінің төрағасы Өркен Исмайл, қоғамдық кеңес төрағасы Қаблеш Бекішов арнайы қатысты. Сондай-ақ қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған акцияға мемлекеттік мекеме өкілдері, кәсіпорын қызметкерлері, еріктілер, табиғат жанашырлары мен аудан тұрғындары белсенділік танытты.
Өз сөзінде аудан басшысы Айтбай Жандарбеков:
– Аудан тұрғындары тазалық тұрғысында жауапкершілікті сезінгені жөн. Өйткені, туған жердің таза әрі тартымды болуы өзімізге тікелей байланысты. Біздің мақсатымыз – экологиялық жауапкершілікті әр азаматтың күнделікті әдетіне айналдыру. «Таза Қазақстан» – қоғамды осы ортақ игілікке жұмылдыратын аса маңызды акция. Осындай жүйелі іс-шаралар арқылы біз елді мекендеріміздің санитарлық ахуалын жақсартып қана қоймай, қоршаған ортаға деген жаңа көзқарас қалыптастырамыз. Бүгінгі игі шараға үлес қосуға келген әрбір азаматқа үлкен алғысымды білдіремін, – деп жиналған жұртқа сәттілік тіледі.
«Оқшы ата» кесенесінде өткен шарада алдымен ауданның бас имамы Рахат Қожанов ата-баба рухына Құран бағыштап, дұға жасады. Сонан соң тазалық шаралары басталып, кесене аумағы толықтай тазартылып, ағаштардың түбі, бордюрлар әктелді. Кесене аумағы сыпырылып, қоқыстар жиналып, аяқ су арықтарына су жіберілді. Аудан әкімі мен ел ағалары, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Оқшы ата кесенесі аумағына ағаш көшеттері отырғызылды.
Экологиялық акцияның мазмұнын айшықтай түскен жайттың бірі – жастардың белсенділігі.
– Халқымыз береке бастауы бірлік пен тазалықта деп білген. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы іс-шаралар барысында осы екі мәселе ұштасады. Сондықтан бүгінгі сенбілік байыпты басмалардың алғашқы қадамдары деп білемін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей барлық аудан жастарын алдағы сенбілік жұмыстарына қатысып, еліміздің көріктенуіне үлес қосуға шақырамын, – дейді Қазыбек Жәнібекұлы.
Ауа мен су, жер мен желек – баршамызға ортақ қазына. Сондықтан оны аялау, жанашырлық таныту – тұтас қоғамның азаматтық міндеті. Дана халқымыз «адамның табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ» деп тегін айтпаса керек. Қадыр ақын «Туған жердің тылсым сырын ұғып көр» деп жырлағандай, біз туған өлкеміздің табиғатын тек көктемгі науқанда ғана емес, әр сәтте жүрекпен сезіне білуіміз қажет. Көктемнің ерке самалымен келген осы бір тазалық лебі көшедегі қоқысты ғана емес, көңілдегі бейжайлықты да аршып, жүрегімізге туған жерге деген шынайы жылылық ұялатса игі.
Эко бастаманың тағы бір мәні – ескі ағаштарды кезең-кезеңімен жаңартып, олардың орнына жаңа көшет ағаштарын отырғызу. Бұл ауданның келбетіне көрік берсе, әрі экологиялық ахуалды жақсартуға едәуір пайдасын тигізеді. Сенбілік аясында көктемгі гүлдер, сондай-ақ 600 түп көшет ағаштары отырғызылды.
Айта кетейік, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына жалпы 2 мыңға жуық азамат қатысып, жалпыұлттық акция үн қосты.
Халқымыз адам өмірінің ең үлкен байлығы – денсаулық дейді, ал денсаулықтың негізі – тазалық. Сол себептен, тазалық тек сыртқы көрініс емес, адамның рухани байлығының, мәдениеті мен адамгершілігінің өлшемі болып саналатынын естен шығармағанымыз жөн. Тек санамыз сауыққанда ғана туған жердің тынысы ашылып, келер ұрпаққа мөлдір суы мен жасыл орманы сақталған таза аманат қалдыра аламыз.
Мейіржан ИБРАГИМОВ







