ЖАСТАРҒА ЖОЛ КӨРСЕТКЕН КЕЗДЕСУ
«Руханият» орталығында өткен тағылымды кездесуде №127 Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-лицейінің жоғары сынып оқушылары мемлекеттік қызметтің қыр-сырымен танысып, елге қызмет етудің маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік алды. «Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет» тақырыбындағы еркін форматтағы жүздесу жастарға үлкен ой салды.Кездесудің негізгі мақсаты – мектеп бітіруші түлектерге мемлекеттік қызметтің мәні мен маңызын түсіндіру. Осы салада білім алудың жолдарын көрсетіп, болашақта төменгі және басшы лауазымдарға даярлану бағыттары жөнінде ақпарат беру болды. Әсіресе бакалавриат пен магистратура арқылы кәсіби өсудің мүмкіндіктері кеңінен айтылды.
Іс-шараға Шиелі ауданы әкімінің аппарат басшысы Ғалымжан Болатұлы, Жуантөбе ауылдық округінің әкімі Қайыркен Дайрабайұлы және «Жөлек ауылдық округі әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жетекші маманы, заң қызметкері Тахмина Жақыпқызы қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Қонақтар мемлекеттік қызметке келу жолдары, конкурс талаптары, қызметшінің кәсіби және адами жауапкершілігі туралы кеңінен әңгімеледі. Олар ел игілігі үшін еңбек ету – үлкен сенім мен жауапкершілік екенін атап өтті. Сонымен қатар жастар үшін мемлекеттік қызметтің ашықтығы, мансаптық өсу мүмкіндіктері мен үздіксіз білім жетілдіру жолдары түсіндірілді.
Кездесудің ең әсерлі сәті – сұрақ-жауап бөлімі болды. Оқушылар батыл түрде өз сауалдарын қойып, нақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Ашық диалог форматында өткен жүздесу жас буынның болашақ мамандық таңдауда саналы шешім қабылдауына серпін берді. Бұл кездесу – жай ғана ақпараттық шара емес, ел болашағын ойлайтын саналы азамат қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ







