Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Елдіктің тірегі – заң мен тәртіп

Елдіктің тірегі – заң мен тәртіп

Қай қоғамның да кемелдігі – заңға деген құрметімен өлшенеді. Заң – мемлекеттің қаңқасы болса, тәртіп – оның тынысы. Осы екеуі үйлесім тапқанда ғана ел ішінде тұрақтылық орнығып, әділет салтанат құрады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген «Заң мен тәртіп» қағидаты – бүгінгі Қазақстанның даму философия­сына айналған стратегиялық ұстаным. Бұл қағидат – азамат пен билік арасындағы өзара жауапкершілікке негізделген жаңа қоғамдық мәдениеттің бас­тауы.
Шиелі ауданында өткен көшпелі жеке қабылдаулар осы ұстанымның нақты өмірлік көрінісіне айналды. Бұл – кабинет шеңберінен шығып, ел ішіне бару, халықтың көзіне тіке қарап, көкейіндегі сауалға жауап беру, түйткілді мәселеге бірге шешім іздеу деген сөз. Мұндай формат – мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты жойып, сенім көпірін нығайтатын пәрменді тетік.

БӘЙГЕҚҰМДАҒЫ БАСҚОСУ
Көшпелі қабылдаудың алғашқы нүктесі – Бәйгеқұм елді мекені. Бұл жиынға Бәйгеқұммен қатар Ортақшыл, Талаптан және Жөлек ауылдық округтерінің тұрғындары жиналды. Ауылдық клубта өткен басқосу шынайы диалог алаңына айналды.
Жиынға аудан әкімі Айтбай ­Жандарбековпен бірге аудан прокуроры Мейрамбек ­Маханбетжанов, аудандық сот төрағасы Нұржан Бекетаев, ҚР ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің Шиелі аудандық бөлімше бастығы Асқар Баймаханов, аудандық полиция бөлімінің бастығы ­Болатхан Мұханов қатысып, азаматтарды жеке қабылдады.
Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік биліктің барлық маңызды буындары бір үстел басында бас қосқан сирек формат. Мұнда әлеуметтік қолдау, жер қатынастары, инфрақұрылым, қоғамдық қауіпсіздік, коммуналдық мәселелер секілді сан түрлі сұрақ көтерілді. Әрбір өтініш мұқият тыңдалып, заң талаптарына сәйкес нақты түсіндірме берілді.
Ең маңыздысы – көтерілген мәселелер жай тіркеліп қоймай, аудан басшысының жеке бақылауына алынды. Тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, кезең-кезеңімен шешу тетіктері айқындалды. Бұл – жауапкершіліктің нақты көрінісі.

ТҮНГІ ЖОЛДАҒЫ ТӘРТІП
Кейде үлкен реформалар мен биік мінберлерден айтылатын ұрандардың шынайы құны ауыл клубындағы қарапайым кездесуден айқындалады. Бұл жолы сөз тек инфрақұрылым немесе әлеуметтік көмек туралы ғана емес, болашақтың тағдыры жасөспірімдер туралы да өрбіді.
Ауыл кешкісін ерекше тыныштыққа бөленеді. Күн ұясына қонып, көшелерді самал жел кезген шақта, ауыл адамдары ертеңгі тіршіліктің қамын ойлап, тынығуға бет алады. Бірақ сол тыныштықты кейде мотордың гүрілі бұзады. Рөлге отырған әлі кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер. Түнгі жолда жүйткіген темір тұлпарлар еркіндіктің емес, жауапсыздықтың белгісіне айналып барады.
Осы мәселені Жөлек ауылының тұрғыны, зейнеткер Қайрат Мусаев­ көшпелі қабылдау барысында батыл көтерді. Оның алаңдаушылығы бір атаның емес, бір ауылдың емес, тұтас қоғамның алаңдаушылығы. «Бала – болашағымыз» дейміз. Бірақ сол болашақ түн ішінде көлік тізгіндеп, өз өмірін де, өзгенің өмірін де қатерге тіксе, бұл баршамызға ой салатын жағдай.
Қайрат ақсақалдың сөзі – тәжірибенің үні. Ол мәселені жай айтып қана қойған жоқ, оның астарында қауіп барын жеткізді. Заң – жасқа қарамайды. Жүргізуші куәлігі жоқ жасөспірімнің көлік басқаруы – құқық бұзушылық. Бірақ мәселе тек заң бұзуда емес. Мәселе – қауіпсіздік пен тәртіпте. Мәселе – ата-ананың жауапкершілігінде. Мәселе – тәрбиеде.
Жиында құқық қорғау органдары түнгі рейдтер мен профилактикалық жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтты. Бірақ бұл жеткілікті ме? Егер бала рөлге отырса, оның артында ересек адамның немқұрайдылығы тұрмай ма? Темір тұлпарды кім берді? Кілтті кім ұстатты? Заң бұзған тек жасөспірім бе, әлде оған жол берген орта ма?
«Заң мен тәртіп» деген сөз құрғақ қағида емес. Ол – күнделікті өмірдегі нақты әрекет. Заң үстемдігі сот залында ғана емес, ауыл көшесінде де көрінуі керек. Тәртіп – мектептен басталып, отбасында – бекіп, қоғамда – нығаюы тиіс.

АУЫЛДАРДА ЖАЛҒАСҚАН ҮНҚАТЫСУ
Көшпелі кездесудің келесі кезеңі Тартоғай ауылында өтті. Мұнда Тартоғай, Сұлутөбе, Майлытоғай және Қоғалы ауылдарының тұрғындары қамтылды. Алдыңғы кездесудегі құрам толық сақталып, аудан әкімі мен құқық қорғау органдарының басшылары азаматтарды жеке қабылдады. Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, билік өкілдері тарапынан нақты әрі уәжді жауап алды. Әсіресе әлеуметтік әділеттілік, құқық қорғау қызметінің тиімділігі, инфрақұрылымдық жобалардың орындалуы секілді тақырыптар кеңінен қозғалды.
Одан әрі көшпелі отырыс Бестам ауылдық округінде жалғасты. Телікөл, Ақтоған, Алмалы, Жуантөбе ауылдық округ тұрғындары да көкейде жүрген түйіткілдерін тарқатып, ашық диалог орнатты.
Халық үніне құлақ түрген кездесудің келесі аялдамасы Бәйтерек ауылдық округінде жалғасын тапты. Иіркөл, Жаңатұрмыс, Қарғалы, Ақмая ауылындағы ағайынның да айтар уәжі назарға алынып, қоғам тыныштығына баса назар аударды.
Заң мен тәртіп. Жәй айтылған тіркес емес. Оны Еңбекші ауылдық округінде өткен кездесуден анық аңғаруға болады. Тұран, Керделі, Жиделіарық ауылдық округінің тұрғындары бас қосқан жиында да жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтар сөз болды.
Мұндай ашық форматтағы кездесулер тұрғындардың сенімін арттырып қана қоймай, олардың құқықтық белсенділігін де күшейтеді. Себебі әр азамат өз мәселесінің заң аясында қаралатынын, мемлекет тарапынан назардан тыс қалмайтынын сезінеді.

РЕФОРМА – ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІН АРТТЫРАДЫ
Кездесулер барысында Конституциялық реформаның мазмұны мен маңызы кеңінен түсіндірілді. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков өз сөзінде реформалардың басты мақсаты – әділеттілікті нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және азаматтардың ел тағдырына қатысты шешімдерге қатысу мүмкіндігін кеңейту екенін атап өтті.
Шын мәнінде, реформа – тек құқықтық нормалардың жаңаруы емес, қоғамдық сананың жаңғыруы. Ол билікке де, халыққа да жаңа талап қояды. Билік – ашық әрі есеп беретін болуы тиіс, ал азамат – құқықтық сауатты, белсенді әрі жауапты болуы қажет. Заң үстемдігі тек құжаттарда емес, адамдардың санасында орныққанда ғана шынайы нәтиже береді.
Шиелідегі кездесулер дәл осы саналық өзгерісті қалыптастыруға бағытталды. Тұрғындарға олардың құқықтары мен міндеттері жан-жақты түсіндіріліп, құқықтық мәдениетті арттыру мәселелері қозғалды. Бұл – болашаққа салынған берік іргетас.

ЗАҢҒА ҚҰРМЕТ – ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ
«Заң мен тәртіп» қағидаты – қоғам тұрақтылығының темірқазығы. Заң үстемдігі орныққан жерде әділет бар, ал әділет бар жерде сенім бар. Сенім – мемлекеттің ең қымбат капиталы.
Шиелі ауданындағы көшпелі қабылдаулар осы сенімді нығайтудың жарқын үлгісіне айналды. Билік өкілдерінің халық арасына барып, олардың мәселесін тыңдауы – мемлекеттік басқарудың ашық әрі қолжетімді моделін қалыптастыруға бағытталған нақты қадам.
Бұл кездесулер тек проблемаларды шешумен шектелмейді. Олар азаматтардың құқықтық санасын қалыптастырып, өз құқығын заң аясында қорғауға үйретеді. Сонымен қатар әрбір тұрғынның қоғам алдындағы жауапкершілігін еске салады.
Қазіргі таңда ел дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Ол – құқықтық мәдениеттің деңгейімен, әділеттіліктің орнауымен, азамат пен мемлекет арасындағы өзара құрметпен айқындалады. Осы тұрғыдан алғанда, Шиеліде өткен көшпелі қабылдаулар – «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі.
Қорытындысында айтарымыз, «Заң мен тәртіп» – қағаз жүзіндегі қағида емес, нақты іспен дәлелденетін ұстаным. Шиелі ауданындағы бұл бастама халық пен биліктің арасындағы көпірді бекемдей түсіп, заң үстемдігі салтанат құрған қоғам құру жолындағы маңызды белеске айналды. Әділеттілік – ұлттың ар-ожданы. Ал сол әділеттілікті орнықтыру – баршамызға ортақ міндет.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
16 ақпан 2026 ж. 42 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№12 (9379)

14 ақпан 2026 ж.

№11 (9378)

10 ақпан 2026 ж.

№10 (9377)

07 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728