Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЗАҢ – ҚОРҒАНЫҢ, ТӘРТІП – ТІРЕГІҢ

ЗАҢ – ҚОРҒАНЫҢ, ТӘРТІП – ТІРЕГІҢ

Қоғам дамуының негізгі тірегі – заң мен тәртіпке бағыну. Бұл – әрбір азаматтың саналы түрде мойындайтын, күнделікті өмірінде ұстанатын басты қағидаларының бірі болуы тиіс. Себебі кез келген өркениетті елдің тірегі – заң үстемдігі. Тек заң аясында әрекет еткен қоғам ғана әділеттілікті қамтамасыз етіп, тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтай алады.
Бүгінде елімізде құқықтық базалар жеткілікті деңгейде қалыптасқан. Заңнамалық актілер жаңарып, заман талабына сай жетілдіріліп отыр. Алайда кез келген заң қағаз жүзінде емес, іс жүзінде орындалғанда ғана оның шынайы күші сезіледі. Сондықтан заңның орындалуын қамтамасыз ету тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әр азаматтың да борышы болуы тиіс. Бұл – қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілік.
Осы ұстанымды басшылыққа алған Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен өңірде «Заң және тәртіп» қағидасын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында нақты іс-шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Иіркөл ауылында өткен кездесу.
Бұл басқосуға аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов, аудан прокуроры Қанат Жантөреев, сондай-ақ аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев қатысты. Кездесу барысында қоғамда белең алып бара жатқан құқықбұзушылықтар мен қылмыс түрлері ашық түрде сөз болды.
Аудан прокуроры Қанат Жантөреевтің айтуынша, бүгінде Шиелі ауданында алаяқтық қылмысы едәуір өсім көрсетіп отыр. Әсіресе интернет пен мобильдік қосымшалар арқылы жасалатын қылмыстар – тұрғындарды алдаудың жаңа түріне айналды. Түрлі банктік смс-кодтарды сұрап, азаматтардың жеке деректерін иемденіп, олардың шотынан қаражат жымқыру деректері көбейген. Бұл, бір жағынан, құқықтық сауаттың төмендігінен туындаса, екінші жағынан, қауіпсіздік мәдениетінің әлсіздігін көрсетеді.
Осы орайда тұрғындар арасында алаяқтықтың алдын алу бағытында ақпараттық-насихат жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Құқық қорғау органдары азаматтарды күмәнді сілтемелерге кірмеуге, жеке деректерін ешкімге бермеуге және қажет жағдайда бірден полицияға хабарласуға шақыруда. Бірақ бұл тек ескерту шарасы ғана емес, әр адамның жеке қауіпсіздігіне деген жауапкершілігі болуы керек.
Сонымен қатар кездесу барысында жастар арасында есірткі қылмыстарының көбеюі де алаңдатарлық мәселе ретінде көтерілді. Уақыт өте келе жасөспірімдердің есірткіге тәуелділігі артқан. Бұл тек қылмыстық емес, сонымен бірге әлеуметтік және тәрбиелік сипаттағы дағдарыс екенін естен шығармауымыз керек. Ата-аналар, мектеп ұжымдары және қоғам болып бұл мәселеге бейжай қарамай, бірігіп әрекет ету қажет.
Кездесу соңында ауыл тұрғындары жеке мәселелері бойынша қабылдауға жазылып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Бұл – билік пен халық арасындағы сенімді нығайтудың тағы бір жарқын көрінісі.
Түйіндей айтқанда, қоғамда заң мен тәртіпке деген құрметтің артуы – тұтас елдің дамуына жол ашады. Ол үшін әр азамат өз құқығын біліп қана қоймай, өзгенің де құқығын сыйлап үйренуі керек. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген ұлағатты сөз – бүгінгі таңда әрбіріміз ұстанатын ұстаным болуы тиіс.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
25 маусым 2025 ж. 33 0