Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрылтай нәтижесі: Шекара маңындағы 3,5 млн халықтың жағдайы жақсарады

Құрылтай нәтижесі: Шекара маңындағы 3,5 млн халықтың жағдайы жақсарады

Фото: Нұрболат Нұржаубай
Ұлттық құрылтай жаңадан құрылған облыстардың дамуына айрықша серпін берді. Бұл пікірді Мәжіліс депутаты, қоғам қайраткері Нұртай Сабильянов Қызылордада өтіп жатқан V Ұлттық құрылтайда айтты.
Депутат жақында өңірлерге сапарлап, сайлаушылармен тікелей кездесу өткізгенін атап өтті.
— Сапар барысында ел көлемінде іске асырылып жатқан іргелі істер мен байыпты бастамалардың мазмұны мен мәнін халық жоғары бағалап отырғанына көз жеткіздік. Әсіресе жаңадан құрылған Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында атқарылып жатқан шаруалар жүйеленіп, нақты құрылымға ие болып, оң нәтижесін беріп жатыр. Мұның жемісін қарапайым халық көріп отыр. Жаңа облыстардағы ауқымды жұмыстың жүзеге асуына осы өңірлерді қаржылай қолдау жөнінде Сіздің ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмаңыз айрықша серпін берді. Соның нәтижесінде қомақты қаржы бөлінді. Өзім сайланған Абай облысына республикалық бюджеттен алдағы үш жылға 1 трлн 200 млрд теңге қарастырылды. Бұл біздің өңіріміз үшін бұрын-соңды болмаған нақты әрі қомақты қаржылай қолдау, — деді Нұртай Сабильянов.
Сонымен бірге, еліміздің шығыс өңірлерінде күрделі мәселеге айналған республикалық Өскемен — Аягөз — Талдықорған, Қалбатау — Майқапшағай, Семей — Өскемен бағытындағы жолдар жөнделіп, көлік қозғалысы едәуір жақсарған. Осы тұрғыда Қарқаралы — Аягөз — Бұғаз республикалық автожолын да жөндеу маңызды. Бұл жол толық жөнделсе, шығыс пен орталық өңірлер арасындағы байланыс нығая түсер еді.
— Оған қоса, Сіздің Бурабайдағы Құрылтай отырысында айтқан ұсынысыңызға сәйкес, ел тарихында алғаш рет шекаралық аумақтарды дамытуға арналған заң жобасы дайындалды. Бұл елдің аумақтық тұтастығы мен экономикалық тұрақтылығын нығайтуға ықпал ететін стратегиялық құжат. Заң қабылданса, 65 шекаралық аудандағы 3,5 млн жуық халқының жағдайы жақсара түседі, — деп толықтырды Мәжіліс депутаты.
Айта кетейік, Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы басталды. Құрылтайдағы талқылауға танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың, бизнес-қауымдастықтардың, сараптамалық қауымдастықтың және облыстардың қоғамдық кеңестерінің өкілдері келді.
20 қаңтар 2026 ж. 43 0