Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұрлыбек Нәлібаев: Халық сенімі іске серпін береді

Нұрлыбек Нәлібаев: Халық сенімі іске серпін береді

Нұрлыбек Нәлібаев: Халық сенімі іске серпін бередіКейінгі жылдары Сыр өңіріндегі өрісті бастамалар туралы жұрт лебізін жиі естиміз. Аз уақыт ішінде қай сала бойынша да көш басына шыққан аймақта тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы бастамалар да нәтижесіз емес. Жұрт игілігіне жарайтын жобалар жүзеге асып жатқан өңірдегі оң өзгерістер туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тарата айтты.
– Нұрлыбек Машбекұлы, Мемлекет басшысы жақында облысқа жұмыс сапары бары­сында өндіріс, мәдениет, спорт нысандарымен, аймақ инфра­құрылымын дамыту жұмы­сы­мен танысып, оң баға берді. Осы ретте Президент өңірде инвес­тициялық ахуалды жақсартып, бизнеске қолайлы жағдай жасау­ды жалғастыруды тапсырды. Әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Мемлекет басшысының әр сапары бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Президентіміз жұмыс сапарын «Қорқыт ата» халық­ара­лық әуежайының жаңа терми­на­­лымен танысудан бастап, бір­неше әлеуметтік, өндірістік, ірі инфра­құрылымдық нысандар­да болды. Сыр өңірінің әлеу­меттік-экономикалық дамуы, инвес­ти­ция­лық жобалардың жүзеге асуы мен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстардың барысын баяндадым. Сонымен қатар «Orient Ceramic KZO» компаниясының қыш тақта өндіретін зауыты, «Fabe Agro» жылыжай кешені, «With You» қатты тұрмыстық қал­дықтарды өңдейтін кәсіпорны, Seven Rivers Technologies компаниясының шыны ыдыстар, Roka Group компаниясымен бірлескен санитарлық-техникалық бұйымдар өндірісі және басқа да инвестициялық жобалар туралы пайымды пікірін айтты. Өңір жұртшылығымен кездесуде Президент аймақтың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, алдағы уақытта да ауқымды жұмыс атқарылатынын жеткізді. Астана мен Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітапхана Қызылордада ашылатындығын айтты. Бұл бастаманы жерлестеріміз зор қуанышпен қабылдап отыр.
Жаңа нысан жер­лестеріміздің рухани тынысын ашатын тәрбие мен тағылым үйі болмақ. Сапар аясында Мемлекет басшысына шыны кластерін дамыту, бу-газ қондырғысы, тау-кен ба­йыту фабрикасы, кальцийлендіріл­ген сода өндіру зауыты, тауарлы сүт фермасы жобаларын іске асыру жоспары жайында баяндадық. Мемлекет басшысының Қызыл­орда облысының даму қарқыны­на, атқарылған жұмыстарға берген оң бағасы бәріміз үшін зор мәртебе. Бұл баршамызды жаңа жетістіктерге жетелейді.
Өңірдің бүгінгі дамуы жөнінде сөз болғанда осы жылдың 9 айында барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өскенін айтар едік. Облыс бюджеті 851,3 млрд теңгеге жетіп, 2022 жылдан бері 233 пайызға өсті. Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 47 млрд теңге болса, биыл 207 млрд теңгеге жетіп, 4,4 есеге артты.
Әрине, мұның бәрі ең алды­мен әр бастамамыздың жұрт игі­лігіне жұмсалатынына сенім білдірген Мемлекет басшысының қол­дауының арқасы. Бөлінген қар­жының тиімді жұмсалуы да қазіргі басты талаптың бірі. Осыған байланысты бюджет қаражатын оңтайландыру мақсатында 2022 жылдан бастап әлеуметтік салаға терең талдау жүргіздік. Нәтижесінде, 108 млрд теңге үнемделді. Оның ішінде білім саласынан 64,3 млрд, «Арт-спорт» бағдарламасынан 15,4 млрд және әлеуметтік қорғау саласынан 8,2 млрд теңгенің мақсатсыз жұмсалуына жол бермедік. Үнем­делген қаржы аймақтағы ең өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, жаңа инфра­құрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталды.
– Өңірге сырттан тартылған инвестиция көлемі артып келеді. Бұған қандай іс-шаралар ықпал етіп отыр?
– Біздің алдымызда тұрған бас­ты міндет – өңірдің экономика­лық әлеуетін арттыру үшін сыртпен байланысты нығайтып, инвести­ция тарту. Осы ретте инвестициялық ахуалдың дамуына Мемлекет бас­шысының халықаралық деңгей­дегі беделі маңызды рөл атқа­рып отырғанын айта кетуіміз ке­рек. Шетелдерге жасаған сапарлары барысында мемлекет басшыларынан бөлек танымал компаниялардың жетекшілерімен кездесіп, елімізге инвестиция салуға шақырып келеді. Президентіміз 2022 жылы Түркияға жасаған сапарынан кейін сол елдің «Aksa Energy» компаниясы біздің өңірде жаңа жылу электр орталығын са­луға шешім қабылдады. Жаңа ор­­талық 240 мегаватт электр қуа­тын, 277 гигакалория жылу энер­гия­сын өндіреді. Жобаның жал­пы құны – 215 млрд теңге. Бюд­жет есе­­бінен 15 млрд теңгеге 45 шақы­рым газ құбыры жүргізілді. Бұл – тә­уелсіздік жылдарындағы инвес­тор қар­жысына салынған теңдессіз жоба.
2022 жылдың қыркүйегінен бас­тап жаңа жылу электр орталығы­ның жобалау құжаттары әзірленді. Бір жылдан кейін іргесі қаланды. Инвестициялық шартқа сәйкес станса келер жылдың тамыз айын­да іске қосылады. Президенттің тікелей бақылауында тұрған нысанда бүгінде 176 МВт электр энергиясын шығаратын газ турбинасы қосылды. Келесі жылдың басында бу турбинасы іске қосылып, қо­сымша 95 МВт электр энергиясын шығарамыз. Орталық өңірімізге қажетті электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге са­туға мүмкіндік береді.
Былтыр Астана қаласында Қазақстан мен Корея Республикасы басшыларының өзара кездесуі барысында өткен «Қазақстан-Корея» бизнес форумында облыс әкімдігі мен Кореяның «With you E&C» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. «Қызылорда қаласында жылына 300 мың тонна қалдықты сұрыптау және қайта өңдеу зауытының» жобасын іске асыру басталды. Құны 37,8 млрд теңге болатын зауытта 160 адам жұмыспен қамтылады.
Былтыр өңірімізге Еуропалық Одаққа мүше 20 мемлекеттің елші­ле­рі арнайы жұмыс сапарымен ке­ліп, «Қызылорда облысының ин­­вестициялық әлеуеті» тақы­ры­бындағы дөңгелек үстел жұмы­сына қатысты. Онда біз өңірдің инвес­тициялық мүмкіндігі, алыс-жақын шетелдерге экспортталып жатқан өнімдеріміз туралы мәлімет бердік.
Кейінгі үш жылда өңір экономикасына 1 трлн 600 млрд тең­ге инвес­тиция салынды. Биыл ин­вес­тиция көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 233 пайызға артып, 720 млрд теңгеден астам қаржы тартылады. Оның 70 пайызы жеке инвестиция үлесі. 2025–2028 жылдары аймақта құны 2 трлн теңгеден астам 90 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 11 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылмақ. Облыс орта­лығынан түрік инвесторы 4 млрд теңгеге ашқан «Orhun Medical» онко­логиялық диагностикалық орта­лығы жылына 94 мың адамды қабылдай алады.
Жуырда Швейцария Конфеде­ра­циясына жұмыс сапарымен ба­рып, өңірдің экономикалық және ин­вестициялық әлеуетін таныс­тырдық. Халықаралық ұйым­дармен, шетелдік компания­лар­мен әріптестік байланыстарды нығайту бағытындағы сапар шең­берінде аймақта заманауи агро­индустриялық кластер құру жобасын талқыладық. Жобаға сәйкес 20 мың гектар жерге техникалық қарасора, жүгері, соя өсірі­ліп, қайта өңдеу жоспарланып отыр. Ин­вестиция көлемі 51 млрд теңге, 150-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
– Өңірде мұнай өндіру көлемі жыл сайын азайып келеді. Осы орайда жаңа кен орындарын зерттеу жұмысының нәтижесі қандай? Облыс экономикасын әртараптандыру бағытында қандай жобалар бар?
– Ұзақ жылдар аймақ дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан саланың кейінгі 10 жылда кідіріске ұшырағаны рас. Осыдан 12 жыл бұрын облыста жылына 11 млн тонна мұнай өндірілсе, 2024 жылы өндіріс көлемі 3,2 млн тоннаға дейін азайған.
Осыған байланысты аймақта республикалық бюджет қаржысы­на геологиялық барлау жұмысын арттыру, жаңа аумақтарды зерттеу, мұнай қорларын толықтыру, инновациялық технологияларды енгізу жұмыстары қолға алынды. Бұл бағытта «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ негізгі серіктестерінің бірі CNPC-мен бірлесіп жұмысты жандандырады. «Шөгінді бассейн­дер­ді кешенді зерттеу» деректері бо­йынша Оңтүстік Торғай алабының қоры 3,2 млрд тоннадан асатыны болжанып отыр. Былтыр аймақта геологиялық барлау және кен орындарында мұнай өндіруді арттыру тақырыбына арналған II техникалық семинарда осы мәселелер кеңінен талқыланды.
Экономиканы әртараптанды­рып, барлық саланы бірдей дамыту арқылы аймақта биылдың өзінде 302 млрд 500 млн теңгенің 27 жобасы жүзеге асырыла бастап, олардың 11-і іске қосылды. Толық автоматтандырылған, озық технологиямен жабдықталған өндіріс орны – «Қызылорда Саз-М» серіктестігі­нің кірпіш зауыты ашылды. Өнді­ріс орны жылына 90 млн кірпіш шығарып, жергілікті құрылысқа қажетті сұраныстың 90 пайызын қамтамасыз етеді. Жақында ғана 5,2 млрд теңгеге «Қызылорда-нан» кондитерлік, макарон, нан-тоқаш өнімдерін өндіретін кешенінің 1-кезеңі іске қосылды.
2022 жылы қазан айында «Orda Glass» серіктестігінің жылына 197 мың тонна шыны өндіретін зауыты іске қосылып, алғашқы өнімі шығарылғаны белгілі. Кейіннен осы өндіріс маңайынан шағын және орта кәсіпкерлік белдеуін құру үшін ілеспе кәсіпорындар ашу бастамасын қолға алдық. Соның алғашқы нәтижесі 6,7 млрд теңгеге қуаттылығы 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндіру жобасы жүзеге аса бастады. Алдағы уақытта инвестор құны 27,1 млрд теңге болатын қосымша 2 жаңа инвестициялық жобаны іске асырады. Шыны зауытының аумағында жалпы құны 67 млрд теңгеге жететін 3 жоба жүзеге асырылады. «Seven Rivers Technologies» серіктестігі немістің «Horn Glass» технологиясы бойынша жылына 240 млн дана шыны бөтелкесін шығара бастайды.
Машина саласында «Марал нұр» серіктестігінің жылына 740 жолаушы вагонын жөндеу кешені, азық-түлік өнеркәсібінде түйе сүтінен жылына 392 тонна құрғақ ұнтақ өндіру зауыты жыл соңына дейін іске қосылады.
Мемлекет басшысының Қатар еліне жасаған сапарының нәти­жесінде қуаттылығы 1 100 МВт-ты құрайтын бу-газ қондырғысын жо­ба­лау жұмысы басталды. Ол үшін 250 гектар жер телімі бөлініп, жобаның техникалық-эконо­ми­калық негіздемесін әзірлеу бас­талды. Жоба құны 892 млрд теңгені құрап отыр. Осыған байланысты Қызылорда-Жезқазған, Қызылорда-Шымкент арасында жоғары қуатты 500 кВт электр желілері салынады.
Биыл құны 553,6 млрд теңгені құрайтын 14 ірі жобаның құрылысы басталады. Келесі жылы «Табиғи тас Қызылорда» серіктестігі 17,3 млрд теңгеге қуаттылығы жылына 1 млн 100 мың тонна әк шығаратын зауытты іске қосады. Бұл өндіріс орнында 92 жұмыс орны ашылса, құны 150 млрд теңгеден асатын кальцийленген сода шығаратын өндіріс орнынан 800 тұрғын жұмыс табады. Қайта жаңғыртылып, 2027–2028 жылдары іске қосылатын «Шалқия» кен-байыту фабрикасында 1 540 жұмыс орны құрылады. Испандық «Roka Group» компаниясымен жылына 500 мың бұйымға дейін санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын жоғары технологиялық зауыт салу жөнінде Үкімет басшысының алдында келісімге қол қойылды. Бұл салада еліміздегі алғашқы өндіріс саналатын бұл зауыттың құны 40 млрд 700 млн теңге, 300-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. Тағы бір шетелдік инвестор – «Orient Ceramic» компаниясы облыста 27 млрд теңгеге керамикалық тақтайша шығару зауытын салуды жоспарлап отыр.
«FABE-Agro» компаниясы 86 млрд. теңгеге жылыжай салу, «КСТ Energy» компаниясы 3 млрд 300 млн теңгеге кальциленген-кера­микалық тақтайша шығару, «Хуч­жоу Хэнан» компаниясы 8 млрд теңгеге автоклавты газобетон өндіру зауыттарының құрылысын бастайды. Аталған жобалар аясында 3 400 жұмыс орны құрылады.
Ауыл шаруашылығы саласында да алдағы үш жылда құны 62,1 млрд теңге болатын 34 жоба жүзеге асырылады деген жоспарымыз бар. Оның ішінде өңірімізде құны 40 млрд теңге болатын жүгері дақылын терең өңдейтін крахмал-сірне зауытын салу бар. Жобаны іске асыру мақсатында биылғы жылдан бастап жүгеріні кептіретін қоңдырғылар орнатылып, келер жылы күзде жиналатын өнімді қабылдау орындарын ашу, әрі қарай терең өңдейтін зауыт салу жоспарланған. Келер жылы 10 мың гектарға жүгері егіліп, алдағы уақытта оның көлемі ұлғая береді.
Осы бағыттағы тағы бір ірі жобаны швейцариялық «HarvestAgro» компаниясымен іске асырамыз. Жоба аясында техникалық қарасора, жүгері мен соя өсіру, қайта өңдеу бойынша аграрлық-индустриялық кластер құру көзделген. Құны 51 млрд теңгені құрайды. Бұл өндіріс орындары аграрлық аймақ ретінде біз үшін маңызды жоба болмақ.
– Кіші Аралдың күретамыры – Сырдария деңгейі жылдан- жылға азайып келе жатқанына бәріміз алаңбыз. Бұл егін ша­руа­шылығы үшін де оңай болмай тұр. Мәселені шешудің жолы қандай?
– Өңірдің экономикалық, эко­ло­гиялық жағдайы, халқының ты­ныс-тіршілігі Сырдария өзенінің деңгейіне тікелей байланысты. Су тапшылығы Мемлекет басшысы мен Үкіметтің назарында тұрған мәселе. Облысқа жасаған сапарында жұртшылықпен жүздескен Президент су үнемдеудің жоғары технологиясын қолдану қажеттігін атап өтті. Бұл – дарияның басын­дағы мемлекеттерді де тығырық­қа тіреп отырған проблема. Бірақ осы­ған қарамастан қыста Арал­ға өтетін суды молайтып, кіші теңіз­дің ауқымы ұлғайды. 2022 жыл­ғы қазанда Арал теңізіндегі су көлемі 18,5 млрд текше метрге де­йін азайған болса, биыл 22,8 млрд тек­ше метрге артты. Мемлекет бас­шысының Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу мен әрі қарай дамыту туралы тапсырмасына сәйкес, Дү­ниежүзілік банктің қайтарымсыз гранты есебінен «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жоба­сының техника экономикалық негіз­демесі әзірленді. Су ресурс­тары және ирригация министрі Н.Нұржігітов өңірге бірнеше мәр­те арнайы жұмыс сапармен ке­ліп, облыстың су шаруашылығы сала­сының мамандарымен, жер­гі­лікті тұрғындармен кездесті. Нәти­­жесінде, теңізді ұлғайтудың бір­деңгейлі нұсқасы қолдау тауып,­ Көк­арал бөгетін Балтық жүйесі бо­йынша 42 белгіден 44 белгіге биік­тету ұсынылды. Бұл жобаны жү­зеге асырудың арқасында теңіздегі су­дың көлемі 7 млрд текше шақы­рым­ға көбейіп, кепкен теңіз табаны­ның 762 шаршы шақырымы сумен жабылады, судың минералда­нуы 8,89-дан 7,28 грамм/литрге дейін төмендейді, жайылымдықтар мен шабындықтардың көлемі ұлғая­ды. Сонымен қатар Арал, Қазалы аудандары халқының әлеуметтік-экономикалық жағ­дайын жақсар­туға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Су ресурстары және ирри­га­ция, Ауыл шаруашылығы министр­лері бірнеше мәрте жұмыс сапарымен келіп, су нысандары­ның жұмысын, суару кезектілігінің ­тиісті деңгейде ұйымдастырылуын ­күн­діз-түні бақылауда ұстады. Төтен­­ше жағ­дайлар министрлігі еліміз­дің барлық өңірінен 139 қызметкер­­ден құралған жеке құрамды, 25 насос қондырғысын көмекке жеткізіп, ­­2 ай бойы шаруалардың игілігі ­үшін үлкен жұмыс атқарды.
Үкімет резервінен 53 насос алуға 1 млрд теңге бөлініп, «Арна» ком­муналдық мемлекеттік мекемесі елді мекендердегі су нысандарын тазалап, гидротехникалық құры­лыстарды жөндеді.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі жыл сайын өсіп, 234 млрд 800 млн теңгеге жетті. Сыр диқандары биыл 189 600 гектарға егін екті.
Оның 80,9 мың гектары күріш алқабы. Одан 58,1 центнерден өнім алынып, 470 мың тоннаға жуық астық жиналды. Су ресурстарын неғұрлым тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу, су жүйелерін цифрландыру – бүгінгі күннің басты талабы.
Биыл диқандар күріш егіс­тік­терінің 60 мың гектарын лазер­лік тегістеуден өткізіп, суды айтар­лықтай үнемдеп, өнімділікті 30 па­йызға арттырды. Облыстың өсім­­­дік шаруашылығын әртарап­тан­дырып, су үнемдеу техноло­гия­сын кеңінен енгізуге бағыттал­ған мемлекеттік қолдау шарала­ры­на алдағы 3 жылға 34 млрд тең­­ге­ден астам қаржы бөлінді. Ке­­ле­сі жылға су үнемдеу технология­ла­рын мемлекеттік қолдауға 9 млрд­ тең­ге қарастырылды. Биыл су үнем­деу технологияларын пайда­ла­ну көлемі 8 100 гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2 есе артты. Үкімет басшысы біз­дегі су үнемдеу тәжірибесін басқа өңір­лерге тарату туралы тапсырма берді.
– Осы күні шалғай ауылдар­дан қалаға көшіп жатқандар қата­ры көп. Бұл үдеріс әрі қарай жалғаса бере ме? Болашақта осы үрдіс ауылдың жағдайына, ондағы әлеуметтік нысандар жұмысына қалай әсер етуі мүм­кін?
– Ауылдарды дамыту – мем­ле­кеттік саясаттың маңызды страте­гиялық мақсаттарының бірі. Бүгінде облыстың 447 мың тұрғыны (облыс халқының саны 845 мың адам) немесе 53 пайызы ауылда тұрады. Қазір еліміздің барлық өңірлері қарқынды дамып, ірі өндіріс орындары іске қосылып жатыр. Шалғай елді мекендерге ауызсу, газ тартылып, жол салынып, әлеуметтік нысандар бой көтеріп келеді.
Мемлекеттің ауылдарды да­мытуға жасаған қолдауын Қызыл­орда облысынан айқын көруге болады. Аймағымыздағы Нағи Ілиясов, Бесарық ауылдарының тұр­мысы қалаға бергісіз екенін мақ­танышпен айтамыз. Биыл біз­дің тәжірибемізбен танысуға Абай, Жамбыл, Ақтөбе облыстарынан келген делегация өкілдері осы ауылдардың дамуын жоғары бағалады.
Биыл қыркүйек айында өткен «Ауылдық аймақтарды дамыту­да­ғы азаматтық қоғамның рөлі» атты форумда да бұл мәселені кеңі­нен талқыладық. Ауылды дамыту – мем­лекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі болып қала береді. Біз жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан «Үлгілі елді мекен» облыс­тық конкурсы да ауыл-аймақтың ажарын айшықтап, онда қолайлы өмір салтын қалыптастырудың қадамы. Кейінгі үш жылда бюджеттен 2 млрд теңге бөлініп, кон­курс жеңімпаздарына 67 арнайы коммуналдық техника және қар­жылай сыйақы табысталды.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында аймақта 6 900 орындық 10 мектеп іске қосылды. Оның ішінде 5 мектеп ауылдарда бой көтерді. Биыл облыс орталығынан «Білімді қолдау қоры» арқылы 8 млрд 400 млн теңгеге физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты салынып, ел игілігіне табысталды. Білім ордасында оқуға еліміздің 17 аймағынан 1 445 оқушы өтініш білдіріп, білім бәйгесінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген балалар қабылданды. Оның ішінде шалғай елді мекендердегі білімге құштар оқушылар да бар.
Ауыл халқының табысын арттыру, тұрмыс-тіршілігін жақ­сарту мақсатында осы жазда Арал ауда­нының Ақбасты ауылы­на ауыз­су жеткіздік. Облыс, аудан орта­лықтарынан шалғай жатқан аядай ғана ауыл тұрғындары осыған дейін ауызсуды жерасты құдығынан тасып келген еді. 3 млрд 100 млн теңге болатын жоба аясында ауылдың мәселесі шешіліп, ондағы жұрттың алғысын естідік. Биыл біз облыс тұрғындарын орталықтандырылған ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз етеміз.
Былтыр өңірде «Руханият жылы» жарияланып, 7 ауданда құны 11 млрд 500 млн теңге болатын орта­лықтар салынды. Ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жас­тар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият» орталықтарында ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүріміз кеңінен насихатталып, өскелең ұрпақтың өзі туып-өскен өңір тарихы, ұлттың бай қазынасы туралы танымы қалыптасады. Әр ауданнан бой көтерген бұл орталықтар ауыл тұрғындарына да ортақ игілік. Аймақта әлеуметтік бағыттағы бастамаларымыз алыс ауылдар тұрғындарын да қамтиды.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңіріміздің барлық аудандарында 10 млрд 763 млн теңгеге 28 медициналық нысан салынды. Соңғы 2 жылда жергілікті бюджеттен 5 млрд 400 млн теңгеге 225 жаңа санитарлық автокөлік алынып, барлық елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарына табысталды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендерде тағы да 6 спорт кешені ашылады. Осының барлығы ел бесігі саналатын ауылды сақтап қалу жолындағы маңызды жұмыстар.
– Биыл облыстағы жақсы жолдар үлесі 95 пайызға жетті. «Қызылорда–Жезқазған» күре жолының облыс аумағындағы бөлігі салынып, қатынас бұрын­ғыдан жеңілдей түсті. Ел енді «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының Ақтөбеге дейінгі бөлігін кеңейтуді күтіп жүр. Бұл жұмыс қашан жүзеге аспақ? Тағы бір өзекті мәселе – Қызылорда қаласында орталықтандырылған ыстық су жүйесінің болмауы. Осы жобалар туралы не айтасыз?
– Мемлекет басшысы 2023 жылғы 10 қазанда Сыр өңіріне жа­са­ған сапарында осы мәселелерді тұрғындар өтініші ретінде жеткізген едік. Президент қолдау білдіріп, жедел жобалау жұмыстарын бас­тауды тапсырды. Жобалауды тезі­рек аяқтау мақсатында демеуші­лер есебінен 350 млн теңгеге жоба сметалық құжаттама әзірленді. Қала маңында айналма жол салу жұмыстарына кірістік. Екінші ­бө­­лігі – Ақтөбе шекарасына дейінгі ­462 шақырымның техникалық эко­но­микалық негіздемесі дайын­далды. Жоба құны – 832 млрд 812 млн теңге. Жоба аяқталғанда жарты мың шақырымға жуық жол 1-санатқа ауысады.
Облыста 2022 жылдан бері 1 600 шақырым автомобиль жолы мен 30 көпір өткелін салуға, күрделі жөндеуден өткізуге 150 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. 2021 жылы жақсы жағдайдағы жолдардың 75 пайыз болса, жүйелі жұмыстардың нәтижесінде биыл бұл көрсеткіш 95 пайызға жетті.
Елдің экономикалық және әлеу­меттік тыныс-тіршілігінің күре­та­мырына айналған автокөлік жол­­дарының сапасына баса мән бе­ре­­міз. Бұл, ең алдымен, сапалы жол жалпыұлттық міндетке айналуы керектігін айтқан Мемлекет бас­шысының тапсырмасы. Сапаны ба­қы­лауда ұстауда Жол активтері ұлт­тық сапа орталығының орны ерекше.
Президенттің Қызылорда қала­сын ыстық сумен қамтамасыз ету жө­нінде берген тапсырмасына сәйкес был­тыр 186 көпқабатты тұрғын үй­ге ыстық су жетсе, биыл 237 көп­қа­батты тұрғын үйді қамтимыз. Осы­­­ған дейін қалалықтар ыстық су мә­­се­лесін электрлі жылытқыш ар­қы­лы шешіп келген. Оның шығы­ны­нан бөлек тиімсіздігі айтпаса да тү­сінікті. Сондықтан да қызыл­ор­да­лықтардың арманына айнал­ған бас шаһарды ыстық сумен қам­­тамасыз ету мәселесін кешік­тір­мей­міз. Бұл жұмыстарға 26 млрд 200 млн теңге бөлінген. Жоба жыл аяғына дейін аяқталып, ел игілігін көреді.
 
Әңгімелескен –
Мұрат ЖЕТПІСБАЙ,
«Egemen Qazaqstan» 
19 қараша 2025 ж. 48 0