Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан-Ресей: Ынтымақтастық ауқымы кең

Қазақстан-Ресей: Ынтымақтастық ауқымы кең

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге мемлекеттік сапармен барды.

Внуково-2 әуежайында мәртебелі мейманның келуіне орай Мәскеу гар­низонының құрмет қарауылы мен әскери үрмелі оркестрі сап түзе­ді. Мемлекет басшысын Ресей Феде­рациясы Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары Денис Мантуров пен басқа да ресми тұлғалар қарсы алды. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Президент сапар аясында Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының студенттерімен әң­гі­мелесті.
Студенттер Мемлекет басшысына қазақша тіл қатты. Олар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап­тарында көрініс тапқан дипломатия мен ашықтық қағидалары Мәскеу мемлекеттік халықаралық қаты­нас­тар институтында үлгі ретінде оқы­тылатынын жеткізді. Сонымен қатар жастар Абай Құнанбайұлы шығар­машылығына зор қызығушылықпен қарайтынын айтты.
– Ақынның «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген достық туралы ой орамдары өте ерекше. Ресей мен Қазақстан – мәңгілік достықтың қос қанаты деп есептейміз. Екі елді, екі халықты риясыз, шынайы достық қарым-қатынас байланыстырады, – деді жастар.
Мемлекет басшысы студенттердің қазақ тілін үйренуге деген ынтасына жоғары баға беріп, оларға сәттілік тіледі.
– Мәскеу мемлекеттік халық­ара­лық қатынастар институты – өте беделді жоғары оқу орны. Бүкіл әлем­ге танымал. Қазақстан бүгінде дербес мемлекет. Менің ойымша, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында алған білімдеріңіз бола­шақта мол пайдасын тигізеді. Өйт­кені түрлі елдер туралы, оның ішінде Ресейдің бұрыннан келе жатқан одақ­тасы Қазақстан жайында көп мағ­лұмат білу Сіздерге кейін жұмысқа орналасуға, сондай-ақ әлем­де және өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті маман болуға көмектеседі, – деді Президент.
Қазақстан мен Ресей президенттері бейресми кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Ресей Прези­­дентіне ерекше құрметі үшін ризашылық білдірді.
– Құрметті Владимир Влади­миро­вич, ең алдымен, Мәскеуге, осынау қа­сиетті жерге табаным тиген сәттен бастап көрсетілген ерекше сый-құр­мет үшін Сізге ризашылығымды біл­діремін. Жаңа ғана протокол аспек­тілері жөнінде айтылды. Шын мәнін­де, Ресей астанасындағы ыстық ықы­лас мені қатты таңғалдырды әрі қуантты. Екіжақты ынтымақтастық страте­гиялық серіктестік, одақтастық қаты­настар сипатына ие. Барлық бағытта бірлесе жұмыс атқарып келеміз. Мемлекеттеріміз арасында ешқандай түйткіл жоқ. Мәселе туындаған күн­нің өзінде президенттер мен үкімет­тер басшыларының күш-жігері арқа­сын­да оң шешімін табады. Сіздің шақы­руыңызды зор ықыласпен қабыл алдым. Расында, бүгін бейресми жағ­дайда пікір алмасамыз. Менің Өзіңіз­бен талқылағым келетін біраз пікір-пайымым бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл ретте Владимир Путин Қазақстан Президентімен жүздескеніне қуанышты екенін жеткізді.
 – Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, ең алдымен, Сізге уақыт тауып, келіскеніміздей, мемлекеттік сапармен келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Бұған шын жүректен қуаныштымын. Әрине, біз ұдайы байланыстамыз. Алайда мемле­кетаралық қатынастарда мұндай прото­колдық дүниелер де маңызды. Бүгін бейресми жағдайда кездесіп, барлық өзекті мәселе бойынша әңгімелесеміз. Ал ертең әріптестермен бірге екіжақты қарым-қатынастың күн тәртібін қарастырамыз және перспективті бағыттарға назар аударамыз. Жалпы алғанда, біз осы жылды өте жақсы нәтижелермен аяқтаймыз, сондай-ақ таяу келешекке арналған жоспарды орындаймыз деп ойлаймын, – деді Ресей Президенті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапарының екінші күні Александр бағындағы «Белгісіз жауынгер бейіті» мемориалына гүл шоғын қою рәсімінен басталды.
Бір минут үнсіздіктен кейін оркестр Қа­зақстан Республикасының мемлекеттік ән­ұранын орындады. Содан соң Құрмет қарауылы еліміздің ресми делегациясының алдынан салтанатпен сап түзеп өтті.
Қазақстан Ұлы Жеңіске зор үлес қосты. Майданға 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық аттанып, олардың тең жартысы ерлікпен қаза тапты. Бес жүзден астам отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанды.
Мемлекет басшысы Ресей Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті. Кездесу барысында Президент бұл сапарын Қазақстан-Ресей сан қырлы ықпалдастығының айтулы кезеңі ретінде қарастыратынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Мәскеуде келіссөз жүргізді.
Жоғары деңгейдегі келіссөз алдында Кремльдің Георгий залында ресми қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекеттер басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Екі елдің ұлттық әнұрандары орындалды.
Мемлекет басшысы Мәскеуге шақырғаны, сондай-ақ дәстүрлі қонақжайлық танытқаны үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді.
– Ресей тарапы сапарды ұйымдастыруға мұқият әзірленгенін көрдік. Іс-шаралар жан-жақты ойластырылған. Біз үшін Ресей Фе­дерациясына мемлекеттік сапар – биылғы ең айтулы оқиға. Министрліктер, ведомстволар арқылы консультациялар жүргізіп, тыңғылықты дайындалдық. Өйткені ынтымақтастық ауқымы өте кең. Ресей Федерациясымен барлық салада тығыз байланыс орнаттық. Сіз жаңа ғана қандай жұмыс атқарылғаны, алдымызда қандай міндеттер тұрғаны жөнінде егжей-тегжейлі айттыңыз. Оған алып-қосарым жоқ. Шын мәнінде, мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қаты­настар – саяси сыпайылық үшін айтылған сөз емес, өзара ынтымақтастығымыздың мәнін ашатын сипаттау. Сондықтан өзара қарым-қатынасымызда ешқандай түйткіл жоқ деп сеніммен айтуға болады. Әлгінде өзіңіз айтқандай, барлық сала табысты дамып келеді. Тауар айналымын 30 миллиард долларға дейін арттыру міндетін қойдық. Менің ойымша, бұл қол жеткізуге болатын көрсеткіш. Таяу келешекте мақсатымыз орындалады деп ойлаймын. Ресей Федерациясымен атом энергиясы саласындағы ынтымақтастыққа айрықша тоқталғым келеді. Көп ұзамай «Росатоммен» станса құрылысын бастауға мүмкіндік беретін өте маңызды келісімдерге қол қоямыз. Бұл – серпінді жоба. Өйткені атом электр стансасы ғана салынбайды, мүлдем жаңа сала пайда болады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы екіжақты ықпалдастықты қар­қынды дамытуға баса мән берді.
– Ресейдің 9 жоғары оқу орны, соның ішінде танымал университеттер Қазақстанда филиалдарын ашты. Бұл үшін Ресей Федерациясының білім саласы өкілдеріне ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар Омбы университеті жанынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалы ашылды. Бұл да елеулі оқиға. Жалпы, білім саласына ерекше мән беремін. Өйткені жастарымызға жағдай жасау керек деп санаймын. Біздің мақсатымыз – жастарға Қазақстан мен Ресейдің жаңа тарихи және геосаяси кезеңдегі ынтымақтастығы мен достық байланыстарын аманаттау. Өскелең ұрпақ мұндай қарым-қатынассыз осынау алмағайып заманда өмір сүру мүмкін емес екенін түсінуге тиіс. Қазақстан Президентінің Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары бұл міндетті белгілі бір деңгейде орындап отыр. Осы бағыттағы жұмыс жалғасын табады деп ойлаймын. Сол себепті Сізді Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты Кремль сарайында қарсы алғанына өте қуанышты екенін жеткізді.
– Бүгін Мәскеуге Үкімет мүшелерінен және бизнес өкілдерінен құралған үлкен делегация келгенін көріп отырмыз. Қазақстанмен ара­дағы қарым-қатынасымыз қарқынды да­мып келеді. Негізгі құжаттарда жазылған уағ­да­лас­тықтардың өзектілігін өмірдің өзі көрсетуде. Қазақстан мен Ресей – жақын серіктес, достас әрі одақтас елдер. Бұл нақты істерден байқалады. Ресей – Қазақстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің бірі және басты инвесторлар қатарында. Былтыр сауда айналымы 27 миллиард доллардан асты. Биылғы 9 айда бұл көрсеткіш 20 миллиард долларға жетті. Көптеген ресейлік компания Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстанның бизнес өкілдері де Ресейде өз кәсіптерін ашып, белсенді жүргізуде. Біз халықаралық аренада тығыз байланыс орнаттық. Бірқатар өңірлік ұйымға мүшеміз. Алдағы күндері Бішкекте өтетін ҰҚШҰ форумында, одан кейін Санкт-Петербургтегі ТМД-ға және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларының дәстүрлі басқосуларында кездесеміз. Бағдарламамыз өте мазмұнды, оның барлығы орындалып жатыр. Сіздің бүгінгі сапарыңыздың қорытындысы бойынша меморандумдар әзірленді. Бұл байланыстарымызды жоғары мемлекетаралық деңгейге шығаруды көздейді. Әрине, бұл бізді қуантады. Қазақстанмен қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ұмтыламыз, – деді Ресей Президенті.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Кездесу барысында саяси, сауда-эко­но­микалық, инвестициялық және гуманитарлық ықпалдастықтың кең көлемді мәселелері қарастырылды.
13 қараша 2025 ж. 43 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№86 (9353)

11 қараша 2025 ж.

№85 (9352)

10 қараша 2025 ж.

№84 (9351)

04 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930