Жасанды интеллект – журналистиканың жаңа тынысы
Жасанды интеллект – бүгінгі заманның ең үлкен жаһан жаңалығы болуымен қатар, медиа саласының дамуына тегеурінді ықпал етіп отырған шешуші факторға айналды. Кейбір сарапшылар ЖИ журналистиканың жаназасын шығарады десе, өзгелері ақпарат тасқыны өрістеген дәуірдегі оның деректі саралау, жаңалықты жедел жеткізу, мәтін мен визуалды контентті автоматты түрде өндіру мен өңдеу мүмкіндігін алға тартып, масс-медиа жұмысына жаңа тыныс бергенін айтады. Кеше Астанада «Ұлтқа қызмет ету – медиа миссиясы» деген тақырыппен басталған «Astana Media Week 2025» форумының бірінші күнінде осы өзекті тақырып пленарлық отырыстардың әңгіме арқауына айналды.
Медиафорумның «Жасанды интеллект пен цифрландыру кезеңіндегі журналистиканың жаңа бағыттары: қоғам сенімі және өркендеу» деп аталған алғашқы пленарлық сессиясы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау сөзімен ашылды.
Дәстүрлі жиын тәжірибе мен ақпарат алмасудың маңызды алаңына айналғанын тілге тиек еткен министр алғы сөзінде еліміздің цифрлық трансформация жолымен нық қадам жасап, мемлекет пен қоғам арасындағы тұрақты диалог алаңы ретінде заманауи медиа ортаны қалыптастырып келе жатқаны айтылған.
«Биылғы медиа-аптаның күн тәртібіндегі маңызды тақырыптың бірі – жасанды интеллектіні пайдалану мәселесі. «Artificial Intelligence» (AI) технологиялары бүгінде көптеген БАҚ-та виртуалды жүргізушілер мен цифрлық ассистенттер құру, аударма, субтитр жасау, контентті автоматтандыру және деректерді визуализациялау үшін кеңінен қолданылып жүр. Бұл сала масс-медиа алдында тың мүмкіндіктер ашып қана қоймай, журналистерге жаңа талап жүктейді. «Astana Media Week» аясындағы пікірталастар саланың өзекті мәселелерін шешудің конструктивті жолдарын анықтауға мүмкіндік береді деп сенемін», делінген А.Балаеваның құттықтауында.
Сессия модераторы, «Euronews»-тің еліміздегі бюро жетекшісі Боян Бркичтің айтуынша, Қазақ елі заманауи мемлекет ретінде жан-жақты дамып, өркендеп келеді. Қоғамның қай саласын алсаң да, ілгерілеу мен жағымды өзгерістер бар. Бір кем дүние – еліміздің қол жеткізіп жатқан осы жетістіктерін әлемде көп адам біле бермейді. Олқылықтың орнын толтыру үшін «Euronews» телеарнасында Қазақстан туралы үш бағдарлама, атап айтқанда, қазақтың тарихы мен мәдениетін, туристік, көз тартар орындарын паш ететін Modern nomads (Заманауи көшпелілер), қазақтан шыққан танымал тұлғалар туралы сыр шертетін Voices from Central Asia (Орталық Азиядан жеткен үндер) сериалдары, сондай-ақ East-West Connect (Батыс пен Шығыс байланысы) экономикалық бағдарламасы беріліп келеді. Б.Бркич әлемнің 160 еліндегі «Euronews» көрермендері қазақ елі туралы бағдарламаларды тамашалап отырғанын жеткізді.Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов медиа құралдарының заманауи цифрлық ортаға бейімделуі жайында әңгіме қозғай келе, хабар тарату мен ақпарат берудің мультимедиалық және интерактивті тәсілдері жөнінде әңгіме айтты.
«Бірінші мәселе – цифрлық ортаға бейімделу. Бұл өте өзекті. Екінші бағыт – цифрлық дәуірдің басталуымен жалған ақпараттар мәселесі жаңа қарқын алатыны сөзсіз. Осыған орай мен әріптестерімізден бұл мәселеге айрықша назар аударуларын сұрағым келеді. Үшінші мәселе – жасанды интеллект элементтерін қолдану. Қазір көптеген ақпарат құралдары өз өнімдерін дайындауға ChatGPT секілді ЖИ мүмкіндіктерін белсенді пайдаланады. Бұл кемшілік емес, керісінше заман көшіне ілесу деуге болады», деді вице-министр.
Сондай-ақ Қ.Ысқақов БАҚ қандай жаңа технологияны пайдаланса да, ең басты мақсат қоғамның сеніміне ие болу және бәсекеге қабілеттілікті арттыру екенін жеткізді. Бұған қоса министрлік тарапынан медиа саласын реттеуші орган ретінде жасанды интеллектіге қатысты бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын, соның ішінде «Жасанды интеллект туралы» заң Сенатқа жеткенін айтты.
«Жетінші арна» телеарнасының бас директоры Илхам Ибрагимовтің айтуынша, ChatGPT немесе басқа да ЖИ өнімдерінің ешқайсысы қаншалықты дамыса да, бәрібір журналист интеллектісін алмастыра алмайды. Өйткені олардың ұсынатын ақпараттарының 20 пайызы – қате.
«Егер сіз бір ақпаратты бірнеше ЖИ-ден сұрасаңыз, олар бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі мәлімет береді. Сондықтан мен оны телеарнаның эфиріне немесе басқа БАҚ-қа шығаруды қолдамаймын. Тағы бір айта кететін мәселе бар. Қазір кейбір медиа өкілдері ЖИ арқылы көп жобаны жасауды бастап кетті. Алайда әріптестеріміз ЖИ-ға жазылу үшін көбірек ақша салып жатыр. Яғни біз ЖИ адамды алмастырады, маман саны қысқарып, қаржы жағын үнемдейміз дейміз. Алайда оған жазылу ақысымен бәрібір сол қаражат шығын болып кетіп жатыр», деді ол.
Алғашқы панельдік сессия барысында «Euronews» телеарнасының халықаралық тілшісі (Франция) Денис Локтье, Өзбекстан Ұлттық медиа қауымдастығы бас директорының орынбасары Санжар Устабобоев, Түрік Радио телевизиялық корпорациясының (Түркия) Қазақстандағы өкілдігінің директоры Мехмед Заһид Чалышкан да сөз алып, ойларын ортаға салды.
Форумның «Журналистика тоғысында: жасанды интеллекті бар цифрлық медианың пайда болуы» атты екінші панельдік сессиясында осы тақырып одан әрі жалғасын тапты. «Atameken business» серіктестігінің бас директоры Қанат Сахарияновтың айтуынша, жасанды интеллектінің дамуы мен медиа саласына енуін екі деңгейде қарастырған дұрыс. Бірінші деңгей – соны жасаушылар. Оларға біздің ешқандай да қатысымыз жоқ, бұл ойыннан мүлдем тыспыз. ChatGPT секілді ЖИ иелері өз өнімдерін қалай жасайды, қалай дамытады, қандай алгоритмдерді пайдаланады – оны өздері біледі. Біз тек дайын дүниені пайдаланамыз.
«Мені екінші деңгей көбірек қызықтырады. Яғни енді біз қолымызға тиген ЖИ мүмкіндіктерін қалай пайдаланамыз деген сұрақ маңызды. Бұл жерде ұлттық мүдде мен қауіпсіздік мәселесі алдыңғы орында тұруға тиіс. Шын мәнінде бұл деңгейде елімізде көп жұмыс атқарылып жатыр. ЖИ дамуы – Мемлекет басшысының тікелей назарында тұрған мәселе. Өздеріңіз білесіздер, оның кейінгі Жолдауы да жасанды интеллектіге арналды. Жақында елімізде суперкомпьютер жұмысын бастады. Президент биыл БҰҰ-да сөйлеген сөзінде Астанада Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық кеңес құруды ұсынды. Мұның бәрі мемлекет тарапынан ЖИ дамуына ең жоғары деңгейде көңіл аударылып отырғанын көрсетеді», деді ол.
Сондай-ақ Қ.Сахариянов журналистер мен блогерлер қауымынан күтілетін келесі мәселе – қазақтілді контенттің көлемін арттыру екенін жеткізді. Оның айтуынша, сол арқылы біз белгілі бір деңгейде цифрлық тәуелсіздікке қол жеткіземіз. Өйткені қазақтілді контент көп болған сайын ЖИ алпауыттары елімізге немқұрайлы қарамайтын болады.
«Цифрландыру саласының дамуы үшін үш нәрсе керек. Біріншісі – заманауи технология. Екіншісі – қазақ тіліндегі мәліметтер базасы. Үшіншісі – осының бәрін игеретін білікті кадр. Сондықтан енді мемлекет тарапынан, әсіресе қазақтілді журналистердің біліктілігін арттыруға көп қаржы салуымыз керек», деді ол.
Сессия барысында ЖИ көмегімен жасалған өнімдерге (видео, сурет, т.б.) арнайы таңба қою мәселесі де көтерілді. Қ.Сахарияновтың айтуынша, әзірге таңба қоюға қажеттілік жоқ. Өйткені ЖИ өнімдері қоғамда бүлік туғызу, фейк тарату секілді жағымсыз үрдістерге бастау болған емес. Дегенмен ол алдағы уақытта заман талабына орай таңба қою мәселесі күн тәртібіне шығуы мүмкін екенін жасырмады.
Медиафорумның алғашқы күні «Медиаэтика – сенімнің іргетасы: редакторлар манифесі» атты медиа менеджерлер отырысы, «Салалық журналистика мамандарын даярлаудың өзекті тәсілдері» атты дөңгелек үстел және «Төлен Әбдік феномені» атты классикпен кездесу өтті.
Айта кетейік, дәстүрлі «Astana Media Week» 2025 үш күнге жалғасады.
Медиафорумның «Жасанды интеллект пен цифрландыру кезеңіндегі журналистиканың жаңа бағыттары: қоғам сенімі және өркендеу» деп аталған алғашқы пленарлық сессиясы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау сөзімен ашылды.Дәстүрлі жиын тәжірибе мен ақпарат алмасудың маңызды алаңына айналғанын тілге тиек еткен министр алғы сөзінде еліміздің цифрлық трансформация жолымен нық қадам жасап, мемлекет пен қоғам арасындағы тұрақты диалог алаңы ретінде заманауи медиа ортаны қалыптастырып келе жатқаны айтылған.
«Биылғы медиа-аптаның күн тәртібіндегі маңызды тақырыптың бірі – жасанды интеллектіні пайдалану мәселесі. «Artificial Intelligence» (AI) технологиялары бүгінде көптеген БАҚ-та виртуалды жүргізушілер мен цифрлық ассистенттер құру, аударма, субтитр жасау, контентті автоматтандыру және деректерді визуализациялау үшін кеңінен қолданылып жүр. Бұл сала масс-медиа алдында тың мүмкіндіктер ашып қана қоймай, журналистерге жаңа талап жүктейді. «Astana Media Week» аясындағы пікірталастар саланың өзекті мәселелерін шешудің конструктивті жолдарын анықтауға мүмкіндік береді деп сенемін», делінген А.Балаеваның құттықтауында.
Сессия модераторы, «Euronews»-тің еліміздегі бюро жетекшісі Боян Бркичтің айтуынша, Қазақ елі заманауи мемлекет ретінде жан-жақты дамып, өркендеп келеді. Қоғамның қай саласын алсаң да, ілгерілеу мен жағымды өзгерістер бар. Бір кем дүние – еліміздің қол жеткізіп жатқан осы жетістіктерін әлемде көп адам біле бермейді. Олқылықтың орнын толтыру үшін «Euronews» телеарнасында Қазақстан туралы үш бағдарлама, атап айтқанда, қазақтың тарихы мен мәдениетін, туристік, көз тартар орындарын паш ететін Modern nomads (Заманауи көшпелілер), қазақтан шыққан танымал тұлғалар туралы сыр шертетін Voices from Central Asia (Орталық Азиядан жеткен үндер) сериалдары, сондай-ақ East-West Connect (Батыс пен Шығыс байланысы) экономикалық бағдарламасы беріліп келеді. Б.Бркич әлемнің 160 еліндегі «Euronews» көрермендері қазақ елі туралы бағдарламаларды тамашалап отырғанын жеткізді.Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов медиа құралдарының заманауи цифрлық ортаға бейімделуі жайында әңгіме қозғай келе, хабар тарату мен ақпарат берудің мультимедиалық және интерактивті тәсілдері жөнінде әңгіме айтты.«Бірінші мәселе – цифрлық ортаға бейімделу. Бұл өте өзекті. Екінші бағыт – цифрлық дәуірдің басталуымен жалған ақпараттар мәселесі жаңа қарқын алатыны сөзсіз. Осыған орай мен әріптестерімізден бұл мәселеге айрықша назар аударуларын сұрағым келеді. Үшінші мәселе – жасанды интеллект элементтерін қолдану. Қазір көптеген ақпарат құралдары өз өнімдерін дайындауға ChatGPT секілді ЖИ мүмкіндіктерін белсенді пайдаланады. Бұл кемшілік емес, керісінше заман көшіне ілесу деуге болады», деді вице-министр.