КЕҢЕСТІҢ ҚАЗЫҒЫ – ХАЛЫҚ ҚАМЫ

ДАЛА ЕҢБЕГІ – ЕЛДІҢ ТІРЕГІ
Ең алдымен жиында сөз алған аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы М.Әшірбеков пен аудандық су шаруашылығы мекемесінің басшысы Д.Әубәкіров ауыл еңбегінің бүгінгі ахуалын баяндады. Айтылған деректер – жай ғана статистика емес, ауданның тынысы мен халықтың несібесін айқындайтын көрсеткіштер.
Ең алдымен жиында сөз алған аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы М.Әшірбеков пен аудандық су шаруашылығы мекемесінің басшысы Д.Әубәкіров ауыл еңбегінің бүгінгі ахуалын баяндады. Айтылған деректер – жай ғана статистика емес, ауданның тынысы мен халықтың несібесін айқындайтын көрсеткіштер.
2025 жылдың 1 тамызындағы мәліметке сүйенсек, аудан диқандарының маңдай терімен 5788,8 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда өсім байқалады. Бұл – еңбек адамдарының табандылығының, су тапшылығы мен ауа райының тосын мінезіне қарамай, жерге дән еккен жанның қайсарлығының айғағы.
– Биыл ауданда 30 мың гектардан астам жерге егін егілді. Оның ішінде басты дақыл – күріш. Қай заманнан қазақтың ақ маржаны атанған бұл дақыл 12 мың гектардан асатын алқапты алып жатыр. Алайда су тапшылығы салдарынан биылғы көлем біршама қысқарды. Соған қарамастан диқан қауымы жаңа технологияға бет бұрып отыр. 9500 гектар жер лазерлік технология арқылы тегістелсе, 2100 гектар алқапқа тамшылатып суғару әдісі енгізілді. Бұл – су үнемдеудің, заманауи егіншіліктің нақты көрінісі, – деді Мұрат Әшірбеков.
Жердің ырыздығы да жиналып жатыр. Бақша мен көкөністің жартысына жуығы орылып, қазірдің өзінде 60 мың тоннадан астам өнім қамбаға құйылыпты. Жоңышқаның екі орымы аяқталып, малға қыстық азық та дайындалуда. Бидай, жүгері, мақсары сияқты әртараптандыру дақылдары да ауданда қарқын ала бастағанын білдік. Бұл – бір дақылға тәуелді болмай, халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің стратегиялық қадамы.
Мал шаруашылығы да еңсе тіктеп тұр. Ірі қара – 83 448 бас, уақ мал – 141 005, жылқы – 27 132, түйе – 1870, құс – 30 096 бас. Бұл – Шиелі даласының малға жайлы, елдің тұрмысқа бейім екенін білдіреді.
Азық-түлік бағасының тұрақтылығы – қашанда халық көңілін алаңдататын мәселе. Осы орайда аудан басшылығы жергілікті сауда орындарымен меморандум жасап, негізгі тауарларға бағаның шектен тыс көтерілуіне жол бермеуге күш салып отыр. Жыл басынан бері өткен он жәрмеңке – халықты арзан өніммен қамтуға жасалған игі қадам. Ал ауылдан тыс жерге заңсыз мал тасымалдаудың алдын алу шаралары – жергілікті мал басын сақтап қалуға бағытталған нақты әрекет.
Шиелінің өнімі тек ішкі нарықпен шектеліп отырған жоқ. Ауданнан Қырғызстанға 352 тонна күріш, Ресейге 10 асқабақ тұқымы, Қытайға 20 тонна мия тамыры экспортталуда. Бұл – ауыл еңбегінің халықаралық деңгейге шыққанын көрсетеді.
Осы деректердің бәрі бір-ақ шындықты айтады. Шиелі – еңбек еткеннің несібесі молайған, жердің жомарттығына сенген өлке. Су тапшылығы, нарықтағы құбылмалы жағдайлар, қуаңшылық сынды сын-қатерлерге қарамастан, ауыл еңбеккерлері тіршіліктің күретамырын тоқтатпай келеді. Олардың әрбір күні – егін басында, мал қасында, су арнасында өтіп жатыр.
Бұл баяндамалар – құрғақ есеп емес. Ол – ауыл тіршілігінің шынайы суреті, елдің еңсесін көтеріп отырған еңбек адамдарының бейнесі. Өйткені далада тер төккен диқан мен қырда мал баққан шаруа – ауданның ғана емес, мемлекеттің де азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған басты күш.
СУ – ТІРШІЛІКТІҢ ӨЗЕГІ, ШАРУАНЫҢ ҮМІТІ
Ауыл тіршілігінің тамыры – жер болса, жердің нәрі – су. Шиелі секілді ауыл шаруашылығына арқа сүйеген өңір үшін су – тек егістіктің ғана емес, елдің де тағдырына тікелей ықпал ететін фактор. Сондықтан да су мәселесі жыл сайын аудан күн тәртібінен түспейтін өзекті тақырып болып қала береді. Аудандағы су шаруашылығының бүгінгі жағдайы жөнінде «Шиелісушар» өндірістік учаскесінің басшысы Д.Әубәкіров мәлімдеме жасады.
Ауыл тіршілігінің тамыры – жер болса, жердің нәрі – су. Шиелі секілді ауыл шаруашылығына арқа сүйеген өңір үшін су – тек егістіктің ғана емес, елдің де тағдырына тікелей ықпал ететін фактор. Сондықтан да су мәселесі жыл сайын аудан күн тәртібінен түспейтін өзекті тақырып болып қала береді. Аудандағы су шаруашылығының бүгінгі жағдайы жөнінде «Шиелісушар» өндірістік учаскесінің басшысы Д.Әубәкіров мәлімдеме жасады.
«Шиелісушар» өндірістік учаскесінің теңгеріміндегі 1 магистральды және 13 шаруашылықаралық каналдың жалпы ұзындығы 284,9 шақырым. Сол арналар бойында орналасқан 31 су тоспасы жыл он екі ай ауыл еңбегінің ажырамас серігіне айналған. Канал бойындағы қозғалысты бақыласаң – тоқтаусыз тіршіліктің тынысын көресің. Судың ағысы, насостың үні, диқанның тынымсыз қимылы. Мұның бәрі – ел ырысы жолындағы еңбек.
Биыл Шиеліге сағадан 470,13 млн текше метр су егістікке бағытталған. Бұдан бөлек, экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін көлдер мен жайылымдарға 120 млн текше метр су берілмек. Бұл – табиғат пен адам арасындағы тепе-теңдікті сақтау амалы.
Су шаруашылығы мекемесінің басшысы Д.Аубакировтың айтуынша, егінге берілетін су тамыздың үшінші онкүндігінде толық жеткізілмек, ал экологиялық қажеттіліктерге су қараша айының соңына дейін беріледі.
Ауданда биыл 152 шаруашылықпен келісімшарт жасалып, жалпы 17 336 гектар жерге су жеткізілмек. Оның ішінде күріштің үлесі – 12 586 гектар, өзге дақылдар 4 750 гектар.
Күріш – Сыр бойының басты қазынасы. Бірақ су тапшылығы жағдайында тек күрішке арқа сүйеп қалмай, әртараптандыру – заман талабы. Бұл – шаруаның икемділігін, өзгермелі жағдайға бейімделе білуін көрсетеді.
Соңғы жылдары Сыр өңірінде су тапшылығы жиі айтыла бастады. Биыл да жағдай күрделі. Бірақ амалсыздан қол қусырып отырған ешкім жоқ. Аудан көлемінде 61 насос қондырғысы орнатылып, қашыртқы сулар шаруашылық каналдарына қайта айдалуда. Бұл – «бір тамшыны да рәсуа қылмайық» деген ниет.
Бұл қондырғыларды орнатуға аудандық әкімшілік, су шаруашылығы мекемесі, шаруашылық құрылымдары, тіпті басқа облыстардан көмекке келген төтенше жағдай қызметкерлері атсалысты. Яғни, су мәселесі – тек бір мекеменің емес, тұтас қоғамның ортақ уайымы екені анық.
Сонымен қатар шаруашылықаралық каналдарда бес күндік кезекпен су алу тәртібі енгізілген. Бұл – әділдікке негізделген амал. Әр шаруашылық өз кезегін күтіп, суды тиімді пайдалануға көшті.
Қазіргі қолға алынған шаралар – уақытша ғана амал емес, келешек үшін жасалып жатқан қадамдар. Су мәселесі – бүгінгі егіннің ғана емес, ертеңгі ұрпақтың да несібесі. Егер әрбір тамшыны қадірлей білсек, келешекке де мирас ете аламыз.
Су – адамзат үшін киелі. Ол – өмірді жалғайтын, жерді жандандыратын күш. Шиелі жерінде суды тиімді пайдалану жолындағы ізденіс – тек ауыл шаруашылығының қамы ғана емес, елдік деңгейдегі міндет. Өйткені әрбір тамшы су – бір дәннің, әр дән – халықтың несібесі.
БІЛІМ – БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ
Шиелі – білім мен ғылымға ден қойған, ұрпақтың келешегін кемел етуді мақсат еткен өңір. Қоғамдық кеңестің отырысында аудандық білім бөлімінің басшысы Д.Насибеков 2025-2026 оқу жылына дайындық барысы туралы жан-жақты баяндама жасады.
Шиелі – білім мен ғылымға ден қойған, ұрпақтың келешегін кемел етуді мақсат еткен өңір. Қоғамдық кеңестің отырысында аудандық білім бөлімінің басшысы Д.Насибеков 2025-2026 оқу жылына дайындық барысы туралы жан-жақты баяндама жасады.
– Қазіргі таңда ауданда 59 мемлекеттік білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 38 мектеп, 18 балабақша және 3 қосымша білім беру орталығы бар. Биылғы оқу жылында 960 сынып комплектісі ашылып, онда 18 235 оқушы білім алмақ. Ал мектепалды даярлық сыныптарында 56 комплектіде – 1115 бала оқуды бастайды. Денсаулығына байланысты 147 бала үйден оқытылады, – деп білім бөлімінің басшысы баяндамасын бастады.
Жаңа оқу жылында 1600 оқушы мектеп табалдырығын алғаш аттайды деп жоспарланса, бүгінгі күнге дейін 1455 оқушының ата-анасы өтініш білдіріп, орын толық қамтамасыз етілді. Бұл – жоспарланған көрсеткіштің 91 пайызын құрайды.
Әрбір бала тең білім алуға құқылы. Осы бағытта мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілуде. ҚР Үкіметінің №64 қаулысына сәйкес әлеуметтік осал топтағы 4011 балаға жалпы сомасы 185,4 млн теңге қаржылай көмек көрсетіліпті. Әр балаға бөлінген бір реттік қаржы – 46 228 теңге.
Сонымен қатар жаңа оқу жылында 9117 оқушы мектеп асханасында тегін ыстық тамақпен қамтылады. Оның ішінде 1-4 сыныптарда – 6680 бала, ал әлеуметтік қолдауды қажет ететін 5-11 сыныптардан 2437 бала бар. Ең бастысы аудан мектептерінде «Әлеуметтік әмиян» жобасы іске қосылып, тамақтану процесі цифрландырылуда. Қазіргі таңда 9 мектепте автоматтандырылған бағдарлама орнатылса, жаңа оқу жылында тағы 5 мектепке енгізілмек.
Білім беру нысандарының сапасын арттыру – басты назарда. Ауданда 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жаңа ғимараттар 2025 жылдың 23 тамызында пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар №219 Ы.Алтынсарин атындағы мектепте күрделі жөндеу жұмыстарының 95%-ы аяқталды. Жөндеуге бөлінген қаржы көлемі – 363 млн теңге. Бұдан бөлек, аудан мектептерінің барлығында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Көкшоқы» елді мекеніндегі «Сыр Ұланы» тынығу жайы, «Жадыра» және «Қарлығаш» балабақшаларының қоршауы жаңартылды.
Жылу маусымына дайындық та ұмыт қалмаған. Аудандағы 13 мектеп сұйық отынмен, 23 мектеп қатты отынмен, тағы 23 мектеп газбен жылытылмақ. Кейбір білім ошақтарында қазандық пен құбырлар жаңартуды қажет етуде. Мәселен, №127 Ш.Уәлиханов атындағы лицейге жаңа дизель генераторы алуға 4,7 млн теңге, ал №142 Б.Қашқынбаев мектебіне жылу қазандығын ауыстыруға 382 мың теңге қаржы ұсынылды. Қажетті қаражат толық бөлінбесе де, үнемделген қаражат есебінен жұмыстар атқарылып жатыр.
– Оқушылардың қауіпсіздігі – басты назарда. Қазіргі таңда ауданның барлық мектебі бейнебақылаумен қамтылған. 38 мекемеде 1091 камера орнатылған. Жақында қосымша 640 жаңа камера қойылып, барлығы аудандық полиция басқармасына қосылды. Хабарландыру жүйелері де жаңартылып, төтенше жағдайда автоматты ескерту мүмкіндігі жасалды, – дейді білім бөлімінің басшысы.
Алайда тәрбие мәселесінде де өзекті проблемалар бар. Өткен оқу жылында мектепішілік есепте 34 оқушы болса, биыл олардың саны 68-ге жетті. Негізгі себептер – сабақтан қалу, тәртіп бұзу, психологиялық күйзеліс. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 247 рейдтік шара ұйымдастырылып, 15 мыңнан астам оқушының қатысуымен кездесулер өтті.
Жаңа оқу жылына дайындық барысында оқулықтар мен әдістемелік құралдар сатып алуға 194,3 млн теңге бөлініпті. Оқулықтарды жеткізуді «MB-Logistic» мекемесі жүзеге асырады.
Оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау үшін биыл бірқатар жаңа жобалар қолға алынуда. Олардың ішінде:
«ІТ-мектеп» – бағдарламалау мектебі, «Жасыл мектеп», «Кәсіпкерлік мектебі», «Отбасылық тәрбие мектебі», «Балалар кітапханасы» жобасы бар.
Сонымен қатар «Цифрлық ұстаз», «Ауыл мектебі – сапа алаңы» сияқты республикалық жобалар жалғасады.
Жыл сайын дәстүрге айналған «Мектепке жол» акциясы да назардан тыс қалған жоқ. Өткен жылы демеушілердің қолдауымен 944 балаға – 33 млн теңгенің көмегі көрсетілсе, биыл да бірқатар қайырымдылық шаралары жүзеге асуда. Аудандық мешіт 50 балаға, «Ел Арай» қоры 70 балаға, «Шиелі-Сұңқар» ұйымы 150 балаға оқу құралдарын табыс етуде.
Шиелі – болашаққа сеніммен қадам басқан, ұрпағының біліміне ерекше мән берген аудан. Жаңа оқу жылына дайындық барысы – тек сандар мен есеп емес, бұл – ел ертеңіне салынған инвестиция. Әрбір салынған қаржы, әрбір көтерілген ғимарат, әрбір орнатылған камера – балалардың жарқын болашағына, қауіпсіздігіне, сапалы білім алуына жасалған қамқорлық.
ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛЕТТІЛІК
Тәуелсіз ел болу – тек шекара мен туға ие болу емес, ол – тарихи әділетті қалпына келтіру, өткеннің ауыр жүгін ескеріп, болашаққа сеніммен қарау. Қоғамдық кеңестің жуырдағы отырысында қабылданған шешім осы қағидаттың айқын көрінісі болды.
Тәуелсіз ел болу – тек шекара мен туға ие болу емес, ол – тарихи әділетті қалпына келтіру, өткеннің ауыр жүгін ескеріп, болашаққа сеніммен қарау. Қоғамдық кеңестің жуырдағы отырысында қабылданған шешім осы қағидаттың айқын көрінісі болды.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Төлегенов жариялағандай, енді аудандық мәслихаттың өткен жылғы қаулысына өзгеріс енгізіліп, Желтоқсан оқиғасына қатысушылар мен саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарына әлеуметтік көмек көлемі нақтыланды.
1986 жылдың 17-18 желтоқсанында Алматыда алаңға шыққан қазақ жастарының батылдығы – ұлттық рухтың оянуы еді. Сол күндері жасалған қиянат пен жазықсыз жаза – тарихтың ащы беттері. Бірақ ол оқиға Тәуелсіздіктің бастауы болды. Міне, содан бері еліміз азаттықтың ақ таңы атқан күнді жыл сайын қастерлі мереке ретінде тойлап келеді.
– Қазіргі шешімнің мәні – сол оқиғаға қатысқандардың азаматтық ерлігін әділет тұрғысынан бағалап, оларға қоғам тарапынан лайықты құрмет көрсету. Енді Желтоқсан қаһармандарының қуғын-сүргінге ұшырағандарына – 60 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек беріледі. Бұл – тек қаржылай қолдау ғана емес, ең алдымен, тарихи әділеттіліктің орнауы, – деді А.Төлегенов.
Желтоқсаншылармен қатар, ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргіннің зардабын тартқан жандардың балаларына да қолдау қарастырылған. Олар кезінде ата-анасымен бірге айдауда, жер аударуда, арнайы қоныстарда өмір сүрген, кейбірі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тағдыр иелері. Енді сол азаматтарға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көмек көрсетілмек. Бұл шешім – мемлекет тарапынан олардың тағдырын ескеріп, өмір жолына құрметпен қараудың белгісі.
ҚҰЖАТ МӘСЕЛЕСІНЕ ТІРЕЛГЕН ТАҒДЫР
Қоғамдық кеңес отырысы күн тәртібіндегі мәселелерді талқылаумен ғана емес, ел жадында қалатын тарихи тақырыпқа да тоқталды. Күн тәртібіндегі соңғы мәселе Ұлы Отан соғысының қаһарманы Қожамбаев Пернебек Баймаханұлының есімін ұлықтау жайлы болды.
Қоғамдық кеңес отырысы күн тәртібіндегі мәселелерді талқылаумен ғана емес, ел жадында қалатын тарихи тақырыпқа да тоқталды. Күн тәртібіндегі соңғы мәселе Ұлы Отан соғысының қаһарманы Қожамбаев Пернебек Баймаханұлының есімін ұлықтау жайлы болды.
Ол 1924 жылы 10 қаңтарда қазіргі Балаби елді мекенінде дүниеге келген. Құрдастары әлі бозбала шағында жүргенде, ол Отан алдындағы борышын орындау үшін 18 жасында майданға аттанды. Сержант мектебін тәмамдап, 27-інші Гвардия мотоатқыштар полкінің барлау ротасында командир болып қызмет етті.
1943 жылы Германияның Трептев қаласында көрсеткен ерлігі үшін ол «Слава» орденінің ІІІ дәрежесімен марапатталды. Кейінгі шайқастарда да талай мәрте ерліктің үлгісін танытты. Оның кеудесінде «Ұлы Отан соғысы» І дәрежелі ордені, «Берлинді алу үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Польша үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары жарқырады.
Жеңісті жақындатқан жауынгер елге оралған соң да қол қусырып отырмады. 1947 жылдан бастап бейбіт еңбектің алдыңғы сапынан табылды. Батыс Қазақстан темір жолында бригадир қызметін атқарып, 1984 жылы зейнетке шықты. Ел экономикасының тамыры саналатын теміржол саласына қосқан үлесі үшін бірнеше мәрте марапатталды.
Пернебек Баймаханұлы – тек жауынгер ғана емес, әке, шаңырақ иесі болды. Артында 3 ұл, 3 қыз, 29 немере қалдырды. 1997 жылы 22 сәуірде дүние салды. Бірақ артында қалған өнегелі өмір жолы, елге сіңірген еңбегі ұрпақ жадынан өшпек емес.
Кеңес отырысында батыр есімін мәңгілікке қалдыру үшін оған көше атауын беру ұсынылды. Бұл бастаманы Талаптан ауылдық округінің әкімі Х.Тәжіев қолдап, арнайы баяндама жасады. Алайда тиісті құжаттардың рәсімделуінде кеткен техникалық олқылықтарға байланысты мәселе кейінге қалдырылды.
Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында қаралған мәселелердің басым бөлігі бірауыздан қолдау тапты. Тек Ұлы Отан соғысының ардагері Пернебек Баймаханұлының есімін көше атауына беру мәселесі ғана құжаттық сәйкессіздіктерге байланысты уақытша кейінге қалдырылды. Кеңес мүшелері бұл мәселені күн тәртібінен мүлде алып тастамай, алдағы уақытта толықтырылып қайта қаралатынын жеткізді.
Осылайша, бір мәселе кейінге шегеріліп, қалғанының барлығы мақұлданып, қоғам игілігі үшін жүзеге асырылатын болды. Бұл – Қоғамдық кеңестің әр шешімі халықтың сұранысы мен ел мүддесіне негізделіп қабылданатынын тағы бір мәрте айқындады.
Сұлушаш МАДИЯРОВА