Атырау облысында су тасқыны қайталана ма

«Жол инфрақұрылымын қалыпқа келтіру аясында үкіметтік резерв қаржысы мен жергілікті бюджет есебінен 30 шақырым жол жөнделіп, 4 көпір қалпына келтірілді. Жол бойында 13 мал өткелі салынып, бұрын су шайып кеткен 49 учаскеге су өткізу құбырлары қондырылды», деді Серік Шәпкенов.
Әкімнің дерегіне сүйенсек, су тасқынына қарсы шаралар аясында Жылыой ауданындағы Жем өзені мен Құрсай арнасының түбін тереңдету жалғасып жатыр. Жобаға сәйкес 95 шақырым түптің 80,3 шақырымы тереңдетілген.
«Жоспарланған 61 шақырым бөгеттің 29 шақырымы соғылды. Қызылқоға ауданының 9 ауылдық округі мен 5 елді мекенінде 41,9 шақырым бөгет нығайтылып жатыр. Индер ауданында қолданыстағы 34,5 шақырымдық бөгеттің қорғаныстық құрылыстары күшейтілді. Махамбет ауданында 105 шақырым бөгет салынды. Биыл қосымша 29,9 шақырым бөгет нығайтылып, 12,4 шақырым жаңа бөгет тұрғызылады», деп мәлімдеді Серік Шәпкенов.