Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал теңізіне 1 миллиард текше метр су жіберілді

Арал теңізіне 1 миллиард текше метр су жіберілді

Арал теңізіне 1 миллиард текше метр су жіберілді2024 жылдың қазанынан осы жылдың қаңтарына дейін Солтүстік Арал теңізіне жоспарланған көлемнен 100 миллион текше метрге артық су жіберілген. Орталық Азия елдерімен қол жеткізген келісімдердің нәтижесінде 2025 жылғы наурыз айының соңына дейін жіберілетін судың жалпы көлемі 1,6 млрд текше метрге жетеді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Арал теңізінің құрғап, шөлге айналуы – алаңдатарлық мәселе. Экологиялық апатқа ұшыраған аймақты оңалту керек. Бұған қоса, трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану қажет. Ол үшін су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану маңызды», деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ведомствоның мәліметінше, бүгінгі таңда Солтүстік Арал теңізіндегі судың жалпы көлемі - 22,1 млрд текше метр. 2022 жылдың басында 18,9 млрд текше метр болды. 2025 жылдың соңына қарай теңіздегі су көлемі 23,4 млрд текше метрге дейін жетеді деп күтіледі.
Сонымен қатар Солтүстік Арал теңізінің ауданы да ұлғайып жатыр. Бүгінде ол 3065 шаршы шақырымға жеткен. Бұл 2022 жылдың басындағы көрсеткіштен 111 шаршы шақырымға көп. Солтүстік Арал теңізінің ауданы мен көлемінің ұлғаюы судың минералдануын азайтуға және балықтың 22 түрінің популяциясын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Бұл ретте жыл сайынғы балық аулау көлемі 8 мың тоннаға жеткен.
«Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзені сағаларын қалпына келтіру» жобасы аяқталуға жақын. Бүгінгі таңда «Тәуір» қорғаныс бөгетін салу, Қарашаланкөлі мен Сырдария өзені арасындағы екі учаскедегі бөгеттер мен «Қарашалан-1» каналын және оның бас құрылысын реконструкциялау жұмысы аяқталды. Жыл соңына дейін Солтүстік Арал теңізін Үлкен Аралдан бөлетін Көкарал бөгетін қайта жаңарту жұмысын аяқтау жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру Солтүстік Аралдың сақталуына және судың тұздылығын төмендетуге ықпал етеді», делінген хабарламада.
Қызылорда облысының күріш алқаптарын лазерлік жоспарлаушымен тегістеу және су үнемдеу технологияларын пайдалану шамамен 200 млн текше метр суды үнемдеп, оны Солтүстік Аралға жіберуге мүмкіндік берді. 55 мың гектар күріш алқабы лазерлік жоспарлаушының көмегімен тегістелді, бұл орташа өнімділікті гектарынан 40-55 центнерден 70-80 центнерге дейін арттыруға септігін тигізді.
Министрліктің хабарлауынша, су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру үшін шаруалардың инфрақұрылым жүргізу, су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын субсидиялау мөлшері 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылған. Су үнемдеу жүйелерін пайдаланатын дихандар үшін субсидия мөлшері тарифке байланысты 85%-ға дейін көбейген.
«Арал теңізі бассейніндегі аймақты оңалту мақсатында көгалдандыру жұмысы жалғасып жатыр. Бүгінде Үлкен Арал теңізінің тартылған аумағында 4,4 млн көшет отырғызылды. 2021-2024 жылдар аралығында 475 мың гектар жерге тұқым мен көшет егілді. Биыл 428 мың гектарда көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осының нәтижесінде 2025 жылдың соңына қарай Арал теңізі табанын көгалдандырудың жалпы көлемі 1,1 млн гектарға жетуі тиіс», делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету кезегі Қазақстан Республикасына өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың соңына дейін ХАҚҚ Президенті болып сайланды. Қазақстанның 2024-2026 жылдар аралығындағы төрағалығы кезеңінде ХАҚҚ Атқару комитетінің жұмыс жоспары бекітілді. Құжат 10 түрлі бағыт бойынша 40-қа жуық іс-шараны қамтиды. Президенттің тапсырмаларын іске асыру 2000 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Солтүстік Арал теңізінің су көлемі мен ауданының ұлғаюы судың минералдануын азайтады, бұл оның биологиялық әралуандығын сақтауға көмектесіп және Қызылорда облысының балық шаруашылығының дамуытуға ықпал етеді. Су үнемдеу технологияларын енгізу және су инфрақұрылымын дамыту Солтүстік Аралға қосымша су көлемін жіберуге мүмкіндік береді, сондай-ақ өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға көмектеседі. Арал теңізінің тартылған аумағын көгалдандыру топырақ эрозиясының алдын алады және құмды, тұзды дауылдармен күресуге көмектеседі. Бұл аймақтың экологиялық жағдайын жақсартып, жергілікті тұрғындардың денсаулығын қорғайды.
10 ақпан 2025 ж. 152 0