Қазақ кілемі – әлемдік нарықта

Фабриканың өнімдері ТМД елдеріне, сондай-ақ басқа да алыс-жақын шетелдерге экспортталады. Алдағы уақытта компания экспорттық әлеуетін арттырып, кілемдерді дүниежүзінің үлкен нарықтарында сатуды көздеп отыр.
«Бал Текстиль» «CFE 2025 Carpet and Flooring Expo» көрмесіне қатысу арқылы алдына бірқатар мақсат қойды. Атап айтқанда, сатылым аясын кеңейту, әлемдік кілем өндірісі көшбасшыларына отандық кілемдерді таныстыру, әлемдік нарықта қазақ кілемі мен жоғары сапаның рәмізі ретінде «Bal Carpet» брендін қалыптастыру. Осы көрме барысында B2B кездесулер өткізіліп, фабриканың жаңа кілем үлгілері таныстырылды. Одан бөлек, қонақтарға кілемнің «Millenium», «Estate», «The MOD» сияқты премиум санаттағы үлгілері ұсынылды.
Сондай-ақ келушілер «Bomonti», «Graf», «Grant», «Tron», «Viano», «Venus», «Aura», «Eva», «Oscar», «Flora» секілді кілем түрлерін тамашалауға мүмкіндік алды. «Ыстанбұл қаласында өткен халықаралық көрмеде біз қазақ кілемін тоқудан шеберлік қабілетімізді көрсетіп қана қоймай, оларды шетелге экспорттау бойынша да маңызды қадам жасап қайттық. Соның ішінде Өзбекстан, Беларусь, Әзербайжан елінен келген клиенттермен берік іскерлік байланыс орнаттық. Ресейлік серіктестермен де келісімшарт жасасу туралы маңызды мәмілеге қол жеткіздік. Осылардың нәтижесінде компания өніміне халықаралық сұраныс артып, жаңа нарыққа шығуға мүмкіндік ашылады деп сенеміз. Біз шетел нарығында үлкен сұранысқа ие болатын брендтік өнімдерді көбірек шығаруымыз керек. Отандық кілем өнімдері сол мақсатқа жетудің алғашқы қадамдары болады деген үміттеміз», дейді «Бал Текстиль» басшысы Т.Ысқақов. Отандық тоқыма фабрикасы былтыр Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының маңызды жиынында жоғары мәртебелі қонақтарды қабылдайтын орындар мен залдардың барлығына өзінің кілемдерін бірегей үлгіде әрі ерекше сәнмен тоқып берді. Ел мәртебесін асыру жолында жасаған осы еңбегі үшін компания мемлекет атынан алғыс пен үлкен құрметке бөленді. 2025 жылы Қытай нарығына жол ашып, сауда-саттық байланысты күшейтуді негізгі жоспар мен мақсат ретінде қарастырып отыр. Сонымен бірге кәсіпорын «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай қарапайым еңбеккерлерді әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету жұмысын күшейте түспек.
ШЫМКЕНТ