Көктемде 116 ауылды су басу қаупі бар
Синоптиктер Солтүстік Қазақстан облысында биыл да су тасқыны болады деп болжап отыр, бірақ оның ауқымы әлі белгісіз. Мамандардың айтуынша, облыста 116 елді мекенді су басу ықтималдығы жоғары, деп хабарлайды Egemen.kz. Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылының тұрғыны Мақпал Жағыпарованың үйін өткен жылдың 12 сәуірінде су басқан. Су үш жыл бұрын ғана салынған үйдің терезе жақтауларының деңгейіне дейін көтеріліп, бүкіл мүлік жарамсыз болып қалған.
Үйді ретке келтіру үшін шатыр, қабырғалар мен терезелерден басқаның барлығын ауыстыруға тура келді. Қазір қабырғаларда жарықтар пайда болып, олар кеңейіп жатыр.
«Су тасқыны туралы хабарланғанда, 11 сәуірде үйімізден кетуге мәжбүр болдық. Іргетасын биік қойдық, бірақ су 2 метрге дейін көтеріледі деп ойламадық. Су деңгейі төмендеген кезде оның салдарын 5 мамырда жоюға кірістік. Үй жаңа, газ блоктарынан тұрғызылғандықтан, тұруға жарамды болды. Тиісті ақшаны алдық, туыстарым, достарым, ауылдастарым, тіпті оқушыларым да қаржылай көмек көрсетті. Жаз бойы жөндеу жұмыстарын жүргіздік, енді бұл жұмыстың нәтижесіз қалу қаупі бар. Уайымдап отырмыз», дейді Бескөл ауылының тұрғыны.
Қарт тұрғындар Есілде көктемде бұрын-соңды мұндай су тасқыны болмағанын айтады. Сондықтан табиғат апатына тұрғындар ғана емес, арнайы қызмет өкілдері де дайын болмады. Салдарынан облыста 4 мыңға жуық үйді су басқан. Оның тең жартысы Қызылжар өңірінде. Үлкен су тасқынының жолында 22 елді мекен болды. Қауіпсіз жерге жеткізілген 8,6 мың адамның 1,5 мыңы эвакуациялық орталықтарға орналастырылған. Сондай-ақ, тек осы ауданда 29 шағын және орта бизнес, 13 ауыл шаруашылығы нысаны, 7 мемлекеттік және әлеуметтік нысан зардап шеккен. Комиссия 415 үйді қауіпті деп таныса, оның 314-інің иелеріне Петропавлдан баспана сатып алынған, қалғандары жаңадан салынған «Бірлік» шағын ауданында қоныстанған.
«Ауданда 971 үй қалпына келтірілді. Оның ішінде 71 үйді механикаландырылған бригадалар, қалғанын тұрғындардың өздері жөндеген. 900 үйді қалпына келтіру үшін тұрғындарға 5 млрд теңге бөлінді. Барлық зардап шеккен тұрғындар баспанамен қамтамасыз етілді. Малы қырылғандар мен кәсіпкерлерге жәрдемақы толығымен төленді», дейді Қызылжар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлия Салтықова.