Батыс Қазақстан өңірінде 7 мыңнан астам адам эвакуацияланды
Су тасқыны кезеңінің басынан бастап Батыс Қазақстан облысының аумағында 581 тұрғын үй және оның ауласын, 245 аула аумағын, 427 саяжай үйді су басты.
Автожолдардың 71 учаскесінде су басу және 60 шаю оқиғасы тіркелді. Көлік қатынасынсыз 9 елді мекен қалып отыр. Жергілікті ауқымдағы 6 ТЖ жарияланды. 7 мыңнан астам адам эвакуацияланды, оның ішінде 3 665 бала бар. Бұл туралы БҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Қарабалаев мәлімдеді, деп хабарлады turkystan.kz.
Оның айтуынша, уақытша орналастыру пункттерінде 1 455 адам орналастырылды, оның ішінде 536 бала бар. Сыйымдылығы 9 мыңға жуық адам болатын 161 уақытша орналастыру пункті дайындалды.
«Су тасқыны басталғаннан бері облыстық Азаматтық қорғау қызметтерінің қатысуымен су тасқынын жою жөніндегі облыстық жедел штаб жұмыс жасауда, осыған ұқсас штабтар Орал қаласы мен облыс аудандарында жұмыс жасауда. Су тасқыны салдарын жоюға барлығы 4 251 адам, 954 бірлік техника, 100-ге жуық бірлік жүзу құралдары, 332 бірлік су сорғыш құралы, 2 бірлік әуе кемесі жұмылдырылды»,-деді спикер.
Қазіргі таңда Орал қаласы, ондағы Жайық және Шаған өзендері деңгейінің көтерілуіне байланысты, ал Деркөл ойпатты учаскелерде орналасқан саяжайлар мен тұрғын үйлерді су басу қаупі сақталуда. ЖАО бірлесіп, инженерлік техникасын тарта отырып, қапшықтарды дайындау және төсеу, халықты эвакуациялау, сондай-ақ 3 учаскеде жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде. ҚР ТЖМ АМО қызметкерлері медициналық және психологиялық көмек көрсетуде.
«Бөрлі ауданында Елек және Жайық өзендерінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Успеновка, Қарашығанақ, Димитрово, Жаңаталап, Жарсуат елді мекендерін су басу қаупі сақталуда. Димитрово және Қарашығанақ елді мекендерінен 25 адам алдын ала эвакуацияланды. Қалған тұрғындар өз бетінше эвакуацияланып, туыстарына орналасты», -деді ведомство өкілі.