Испанияда әйгілі «Эль Гордо» рождестволық лотереясының ұтыс ойыны өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Дәстүр бойынша, жыл сайын Рождество мерекесінде миллиондаған испандық 20-дан 400 мың еуроға дейін ұтатынына үміттеніп, өздері үшін және сыйлық ретінде құнды лотерея билетін сатып алады. Мадридтегі Корольдік театрында (Teatro Real) әйгілі «Эль Гордо» рождестволық лотереясы тікелей эфирде ойнатылды. Оның биылғы жүлде қоры 2,7 млрд еуроны құрайды. «Эль Гордо» (испан тілінен аударғанда «семіз адам») 1812 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл әлемдегі ең танымал, ең көне және сыйақы мөлшері бойынша ең көлемді лотерея болып саналады. Оған қатысу алып барабаннан шарлар құлағанын тікелей тамашалайтын миллиондаған испандық азамат үшін мерекелік дәстүрге айналған. Барабан ішінде 100 мың дана шар бар. Ұтыс ойыны олар таусылғанда аяқталады. Билеттің құны – 20 еуро. Лотерея өте танымал болғандықтан, мемлекет бюджетіне одан жақсы кіріс түседі. Биыл 193 млн билет сатылымға шықты. Көбінің нөмірлері бірдей, ал ұтыс жеңімпаздар арасында бөлінеді. Сондықтан бір кенттің тұрғындары мен бір компанияның қызметкерлері джек-потты қалай ұтқаны туралы әңгімелер жиі айтылады. Жүлде сомасы – 20-дан 400 мың еуроға дейін. 40 мың еуродан асатын ұтысқа 20% салық салынады. Дегенмен, оларды 2025 жылдың 22 наурызына дейін алып кету керек: одан кейін ұтыс билеті жарамсыз саналады.