Қазақстанда педагогтер саны 8 мыңға артқан
Осы және басқа да сандық деректерді Орта білім комитеті ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz. 2024-2025 оқу жылында орта білім беру ұйымдарында педагогтер саны 406 мыңға жеткен, бұл былтырғы оқу жылымен салыстырғанда 8 мыңға көбейгенін көрсетеді.
Педагогтерді жұмысқа қабылдаудың жоғары көрсеткіші Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарында және Шымкент қаласында тіркелген. Осылайша, өңірлердегі маман тапшылығы толығымен жойылып отыр.
Сұраныс педагог мамандығын бітірген түлектер есебінен толықтырылып жатыр. Себебі, соңғы жылдары дарынды жастар арасынан педагогикалық мамандықтарға түсушілердің оң динамикасы байқалған. Мысалы, былтыр 1500 «Алтын белгі» иегері педагог мамандығын таңдаса, биыл 1800-і таңдады.
«Жергілікті атқарушы органдар тарапынан педагогикалық мамандықтар бойынша білім беру гранттарының саны артып келеді және шекті балдың 50-ден 75 балға дейін өсуіне қарамастан, мамандыққа деген қызығушылық жоғары болып қала береді. Биыл педагогикалық бағытта ЖОО аяқтаушылар саны 48 мың адамды құраған, оның 2 мыңға жуығы облыс әкімдерінің гранты бойынша білім алған. Жаңа оқу жылы басталғалы 8 мыңға жуық педагог жұмысқа қабылданды», дейді Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.
Айта кетсек, жалпы 2021 жылдан бастап білім беру жүйесіне жас мамандарды тарту бойынша бірқатар шаралар қабылданып келеді. Атап айтқанда, педагогикалық бағыттарға гранттар саны артқан, ЖОО студенттері үшін стипендия мөлшері 58 мыңнан 67 мың теңгеге дейін ұлғайтылған. Бұл ретте педагогикалық мамандықтарға түсетін талапкерлердің ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балы – 115-ті құрады.