Арал теңізіне түскен судың көлемі ұлғайды
Kyzylorda-news.kz Биыл Кіші Арал теңізіндегі су деңгейі Балтық жүйесі бойынша 41,13 метрді құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 21,6 млрд текше метрге артқан. Ал, осы жылдың вегетациялық кезеңінде Шардара су қоймасына 3,6 млрд метр куб су түседі деп жоспарланса, бүгінгі күні 4,5 млрд метр куб су түсіп, өңірде су тапшылығы болмаған. Сонымен қатар, осы жылдың вегетациялық кезеңінде Арал теңізіне түскен судың көлемі де едәуір ұлғайған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов мәлімдеді.
– 2020-2023 жылдары маусым, шілде, тамыз айларында Арал теңізіне орташа есеппен секундына 15 текше метр су түссе, биылғы жылы 70 текше метр су түсуде. Мемлекет басшысының Жолдауында «Ирригация жүйелері және жалпы су шаруашылығы мәселесімен мұқият айналысу, көктемгі қарқын суды жинап, оны дихандардың қажетіне жарату мақсатында гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту» қажеттігін тапсырды. Бұл бағытта облыста бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, старатегиялық маңызды «Қызылорда» және «Әйтек» су тораптары күрделі жөндеуден өтсе, «Көкарал бөгетін сақтау» жобасы іске асырылуда. Сонымен бірге, 2024 жылға республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, «Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының Келінтөбе магистралды каналына су беретін канал» жобасы жүзеге асырылуда. Айта кету керек, облыс үшін су жинау көлемі 775 млн метр куб болатын «Қараөзек» су қоймасын салу өте маңызды. Бүгінгі күні су қоймасын салу мәселесін «Ислам Даму Банкі» есебінен қаржыландыру үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде, - деді Серік Сағитжанұлы.