Келесі қазақ ғарышкері ғарыштың ғылыми бағдарламасы дайын болғанда шығады – Айдын Айымбетов
Алматыда IQ BBQ ғылыми-музыкалық фестивалі өтті. Ауқымды іс-шараның қонағы болған ҚР ұшқыш-ғарышкері, ҚР Халық Қаһарманы Айдын Айымбетов келесі қазақ ғарышкері қашан шығуы мүмкін екенін айтты.
Оның сөзінше, бүгінгі күні қазақстандық ғылыми институттар ғарыштың ғылыми-зерттеу бағдарламасын дайындап жатыр.
– Қазіргі уақытта ғылыми-зерттеу бағдарламасы дайындалып жатыр. Онсыз ғарышкерді жай ғана ғарышқа жіберудің мәні болмайды. Осы ғылыми бағдарлама дайын болған кезде келесі ғарышкердің аты аталады. Үміткерлерді табу қиын болмайды деп ойлаймын. Өйткені қазіргі жастар мықты. Біздің кезде көбі салауатты өмір салтын ұстана бермесе, бүгінгі жастар спортқа жақын және ғылым-білімге ұмтылады, – деді ол.
Сондай-ақ Айдын Айымбетов Қазақстан бейбіт мақсатта ғарышты зерттеуге көбірек көңіл бөлуі керек екенін атап өтті.
– Ғарышқа бірнәрсе жібергенде «оның не қажеті болды, одан да ақшаны бәріне бөліп берейік» деген әңгімелер болады. Оны таратқанда әрі кетсе 10 мың теңгеден бөлінер, адамдар оны бір күнде ішіп-жеп қояды. Ай бағдарламасын алайық, онда ешқашан атмосфера болған жоқ. Бірақ сол жерде жиналған материалдар әлемнің пайда болуының құпиясын ашуы мүмкін. Ғарыштағы астероидтар тас күйінде ғана емес, темірден не алтынннан құралған болуы мүмкін. Міне, осындай нәрселерді зерттеуіміз керек. Ал егер «оны қайтеміз, ақшаны таратып берейік» деп жүре берсек, онда дамыған елдердің артынан ғана жүреміз, – деді ғарышкер. Айта кеткен жөн, Айдын Айымбетов 2015 жылғы 2-қыркүйекте ғарышқа ұшып, онда 10 күн болды. Осылайша ол үшінші қазақ ғарышкері атанды.