Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҒАЖАЙЫП ҒАРЫШ ӘЛЕМІ

ҒАЖАЙЫП ҒАРЫШ ӘЛЕМІ

Кеңестік кезеңнің кез келген кішкентай бүлдіршініне «Өскенде кім боласың?» деп сауал қойсаңыз, міндетті түрде «ғарышкер» немесе «ұшқыш боламын» деп саңқ еткен жігерлі дауысын естір едіңіз. Бұл заңды да. Өйткені, Кеңес одағы тұсында ғарышкер – ең қадірлі мамандық саналды.Бұл ғарыш әлеміне Қазақстанның Байқоңыр қаласынан алғаш сапар шеккен Юрий Гагариннің есімімен тікелей байланысты еді. Ал, қазір заман ағымына сай, жаһандану дәуірінің тумалары мықты ІТ маманы (айтишник) болуды армандайды.
Адамзаттың ғарышқа ұшып, белгісіз әлемді тікелей өзінде зерттей бастағанына, жалпы жер шары өркениетінің, ғылымы мен техникасының дамуына үлес қосқанына биыл 58 жыл толды. 12 сәуір – Халықаралық ғарышкерлер күні. Бұл мереке жыл сайын ескерусіз қалмайды. Әсіресе, барлық білім ордаларында мерекеге орай ұйымдастырылатын сурет байқаулары мен тәрбие сағаттары балалардың ғажайып ғарыш әлеміне қиялымен қанаттанып қайтуына мүмкіндік береді.

Ғарышты бағындырған қа­зақтың үш алыбы
Қазақ ел болғалы үш батырын аспан көгіне ұшырды. Олар – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов. Адамзат ғарыш кеңістігін бағындырғаннан соң 30 жылдан кейін, яғни, 1991 жылы ғарышқа қазақ баласы көтерілді. Бұл – халық қаһарманы, Кеңес одағының батыры Тоқтар Әубәкіров еді. Бұдан кейін де қазақтың қайсар ұлдарына ғарышты бағындыру бұйырды. Ашық ғарышқа 8 рет шыққан келесі қазақ баласы – Талғат Мұсабаев. Ол – ғарышкер, техника ғылымдарының докторы, авиация генерал-лейтенанты. Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығының қарсаңында ғарышқа ұшуға тағы бір қазақ баласының жолы түсті. Адамзат ғарышты бағындырған 1961 жылдан 11 жыл кейін дүниеге келген Айдын Айымбетов – Қазақстан ғарышкері, Халық қаһарманы.
Осылайша, қазақ даласында бой көтерген дүниежүзіндегі ең көлемді ғарыш айлағы – Байқоңырдан бүгінге дейін қазақтың үш азаматы ғарыш кеңістігіне сәтті сапар жасап қайтты. Бұл – біздің елдің, халықтың, ұлттың жетістігі.

Цифрландыру жүйесінің жетістігі
Ғарыш – игерілмеген қырлары көп, адамзаттың қызығушылығын арттырып отырған тың ғылым. Тұңғыш Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жаңа дәуірдегі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын атап өтті. Бүгінгі таңда адамзат атаулыны жұмыр жердің асты мен ғаламат ғарыш кеңістігі жайлы жан-жақты ақпараттармен қамтамасыз етіп отырған цифрландыру жүйесінің маңызы ерекше. Қазіргі жоғары технология заманын цифрландыру жүйесінсіз елестету мүмкін емес. Жаңа дәуірде әлемдік кеңістікке шыққан қазақ елі бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп, халықаралық аренада абыройы асқақтады. Ғарыш әлеміне ұшырылған жер серігі арқылы экономикалық қажеттілікті өтеуге қол жеткізді. Бұл елдегі ауылшаруашылық, өнеркәсіп, инфроқұрылым, транспорт салаларының ілгерілеуіне айтарлықтай септігін тигізіп отыр. Әсіресе, мамандар диқанның мол өнім алуы үшін дақыл себілетін жердің құнары мен құрамын анықтауға осы жер серігі таптырмас құрал екендігін айтады. Сонда да болса ғарыш ғылымының мүмкіндігін толық игере алмай келеміз.
Иә, ғарышқа ұшу – қазақтың кешегі арманы еді.Ал, бүгінгі қазақ – ғарышты бағындырғандардың алдыңғы қатарында алшаңдай басып жүр…

Г.СӘБИТҚЫЗЫ.
13 сәуір 2019 ж. 40 271 0