Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін – Адамзаттың алғаш ғарышқа ұшқан күні

Бүгін – Адамзаттың алғаш ғарышқа ұшқан күні

12 сәуір – адам баласының ғарышқа алғаш рет ұшқан күні. Биыл бұл айтулы датаға 63 жыл толды, деп хабарлайды Ortalyq.kz EL.kz сайтына сілтеме жасап.
Байқоңыр аймағынан 1961 жылы 12 сәуірде тұңғыш космос кораблі ғарышқа ұшты. Осылайша, Юрий Гагарин – әлемнің тұңғыш ғарышкері атанса, Байқоңыр – ғарыш аймағына айналды. КСРО-ның соңғы және қазақ ұлтының алғашқы ғарышкері Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы ғарышқа экспедициялық сапармен барды. Ал қазақтан шыққан екінші ғарышкер Талғат Мұсабаев болды. Ол ғарышқа үш мәрте ұшып, сол жақта 341 күн 9 сағат 48 минут 41 секунд болып қайтты. Әубәкіров нөмірі бірінші ғарышкер ғана емес, ол алғаш рет басқа кеңістікте жүріп қазақтың ұлттық тағамын жеген адам. Сол жылы ғалымдар ірімшік, айран және қазақша етті ғарышта жүріп жеуге болатындай етіп әзірлеген. Талғат Мұсабаев Гиннесс рекордтар кітабына енген: осы күнге дейін ол секілді ешкім ғарыш кеңістігінде ұзақ уақыт болып көрмеген. Ғарышкер алғашқы сапарына 1994 жылы 1 шілде мен 4 қараша аралығында «Союз ТМ-19» және ЭО-16 кемесінің бортинженері ретінде ұшып, ғарышта 125 күн 22 сағат 53 минут және 36 секунд жүрді. Екінші сапары 1998 жылы 29 қаңтар мен 25 тамыз күндері орындалды. «Союз ТМ-27» мен ЭО-25 кемелерінің командирі ретінде ұшып, сол жақта 207 күн 12 сағат 51 минут 2 секунд болған. Ғарышқа ұшқан бірінші Қазақстан Республикасының азаматы – Айдын Айымбетов. Ол 2015 жылдың 2-12 қыркүйегі аралығында «Союз ТМА-18М» кемесінің екінші бортинженері ретінде ұшты. 1968 жылы қарашада өткен Жалпы халықаралық авиация федерациясының 61-конференциясының Қаулысына сәйкес, дәл осы күнді Халықаралық авиация және ғарышкерлер күні ретінде атап өту туралы шешім шығарылды.

Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ

12 сәуір 2024 ж. 99 0