Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шымқалаға өнер мұражайы керек

Шымқалаға өнер мұражайы керек

Шымқалаға өнер мұражайы керекСуретшілер одағының Шымкент қаласындағы филиалы төрағасы Әбдімүтәліп Ахметов мегаполисте суретшілердің еңбектеріне арналған музей болу керектігін айтады. Бұрынғы Фосфоршылар сарайы мамандардың сараптамалық қорытындысымен бұзылатын болды. Өнер иесі осы мәдениет сарайының орнына салынатын кешен шаһар суретшілерінің туындыларына арналған музей болуға тиіс деген идея­сын ұсынды. Өйткені одақтың құрамында бүгінде жиырма шақты бейнелеу өнерінің майталмандары бар болса, олардың суреттері әрқайсысының үйінде сақтаулы. Музей туындылардың қалпын бұзбай, ұзақ уақыт сақталуына және ең көркем, бағалы картиналарды ұлт мұрасы ретінде өзімізде қалуына мүмкіндік берер еді.  Одақ – қо­ғам­дық ұйым. Мү­­­­ше­ле­рі­не мем­­ле­­кет тарапынан ешқан­дай жәр­дем қа­рас­тырылма­ған. Осы орайда филиал төрағасы су­­­ретшілерге мәр­тебе беру керек деген ой айтады. Егер қылқалам иеле­ріне қоғамда мәр­тебе берілсе, олардың еңбек­терін баға­лауға, ең талант­ты суретшілерге түр­­лі сыйақылар мен жәр­дем қара­жаттарын таға­йын­дауға мүм­кін­дік­тер ашылар еді. Ә.Ахметовтің айтуынша, шетелден көпте­ген қонақ келеді. Олар шаһардың мә­дени көрікті орын­дарын көп аралайды. Сонда су­ретшілер музейін іздейді екен. Шымкент – Астана мен Алматы сияқты республикалық ма­­ңы­­­зы бар мегаполис. Бірақ мұнда өз алдына дербес мұражай жоқ. Сурет­шілерге арналмай-ақ қойсын, жалпы өлкетану мұражайы-ақ болсын, соның бір бұрышында қала суретшілерінің туындылары тұрса да жаман болмас деді ол.
Шымкент мегаполис атанғалы бес жылдан асты. Бірақ осы күн­ге дейін Оқушылар сарайы, Конгрес-холл секілді ғи­ма­раттар салынса да, өлкетану мұра­жайы әлі бой кө­термей келеді. Келешек Фос­фор­шылар сара­йы­ның орнын кере­мет зәулім музейге айналдыруға әбден болады. Атқарушы билік, содан соң осы нысанды қарамағына алған, құры­лысына жауапты компания бұл ұсынысты жақсылап назарында ұстаса екен деген ойын жеткізді суретшілер ұйымының басшысы. Сол музейде шеберлер­дің үлкен шеберханасы болса деп арман­дайды. Үлкен ғимараттың бір бұрышында кілем тоқушылар, басқа жағында мүсіншілер, тағы бір аумағында суретшілер өз еңбек­терін жасап жатса, қандай кере­мет болар еді. Болашақта турис­терді тартуға да оң ықпалын тигі­зері хақ. Мегаполистің өнерін, қазақ халқының ұлттық мұрасын тамашалауға келген жұрт бірден шаһардың өлкетану мұражайына тарта берер еді. Жергілікті әкім­дік те қолөнерші, суретші, мүсінші­лерді жан-жақтан іздемей, бір орта­лықтың аясынан қиналмай табады. Бұл – бар ғұмыры өнермен өріл­ген Ә.Ахметовтің жанашырлықтан туған кезекті идеясы.
Оның айтуынша қазір қала аума­ғы үлкейіп келеді. Көптеген мә­­­дени нысан жаңадан бой кө­тер­ген шағын аудандардан салынып жатыр. Бұл жақсы-ақ үрдіс. Алайда музей секілді нағыз мә­де­­ниет ошақ­тарының орталыққа жа­қын болғаны дұрыс. Себебі шал­ғайдағы нысанға адамдар көп бара бермейді. Бірен-саран турист келсе, баруы мүмкін. Бірақ қарапайым халық ұзақ жол жүргісі келмейтіні аян. Сондықтан музей қала­ның ор­талығына жақын аймақта орна­ласқаны абзал. Ал мұражай галерея залы мен шеберханадан құрал­ған зәулім ғимарат болса, жұртты өзіне тартатын күшті музейге айналар еді. Суретшінің пікірінше, тіпті болашақ музейдің жанынан Франциядағыдай Лувр дәмхана­сын жасау керек. Сол жерде өңірдің суретшілері, ақындары, әншілері бар, бүкіл өнер иелері жиналып, пікір алмасып, сұхбат құрып, на­ғыз мәдениеттің мәйегін, өнердің қара­ шаңырағын қалыптасты­рып, қазақ елінің оңтүстігінде өзінің қайталанбас Луврын дүниеге әке­лер еді.
«Қылқалам өнері шеберлерінің суреттері мемлекет тарапынан сатып алынбайтын болған. Сондықтан олар туындыларын базарда, қара нарықта сатып, өз күндерін өздері көруге мәжбүр. Суретшілер қазір тек іс-шара өткенде ғана керек боп қалады. Жуырда жоғары жақтан қоңырау шалып, Ташкентте өтетін биеналлеге бір суретшіні тезірек жібере қойыңыздар деп өтініш жасады. Табан астында Өзбекстандағы іс-шараға кімді аттандырарымызды білмей абдырап қалдық. Осындай маңызды оқиғалар болмаса, басқа уақытта қолына қылқа­лам ұстаған өнер саласының өкілде­­рін аса көп іздей бермейді. Кезінде, 90-жылдары, қиын жағ­дай болғанын бәріміз жақсы білеміз. Сол кезде жан бағу бірінші орынға шығып, өнер тасада қалып кетті. Сондай уақытта небір мықты суретшілердің туындыларын шетелдің байлары арзымайтын бағаға сатып алды. Кейін кім білсін, арада жүз­деген жыл өткен соң, ол картиналар баға жетпес өнер туындысына айналуы да ғажап емес. Әлемге әйгілі суретші Ван Гогтің салған еңбектері көзі тірісінде бағаланбай, кейін құны жетпес дү­ниеге айналған жоқ па? Сол Ван Гог қайыршылықпен өмір­ден өткен адам. Бүгін­гі еліміздің сурет­шілері­нің жағдайы Ван Гог­тен алысқа ұзай қой­маған. Сол үшін өнер иесін көзі тірісін­де бағалау керек», дейді Ә.Ахметов. Суретшілер одағы Шымкент қаласы бойынша филиалы­ның төраға­сы қала әкімі­не бірне­ше ұсыныспен хат жолдапты. Хатында Шымкенттің сәулеттік келбетін қазақ халқының ұлттық мәдениетіне сай шығыстық үлгіде дамытайық деген ұсыныстар айтылыпты. Себебі сырттан кел­ген турист Шымқалаға аяқ басқанда қандай шаһарға тап болғанын бір­ден сезінуі керек екен. Өнер иесі Өзбекстанды үлгі етіп, кескін-кел­беті нағыз шығыстық мәдениет­ке сай үйлесім тауып өркендеп жат­қан Ташкент қала­сын мысалмен келтіріп өтті. Бірақ, өкінішке қа­­рай, Шымкенттің кейінгі жыл­дары қаланың көр­кін асырған ескерт­кіш, мүсіндерінің сапасы мен сыр-сипа­ты көңіл көн­шіт­пейтінін мәлім етті. Нағыз шеберлерге еңбегіне арзи­­тын бағасына жасатпаған соң, осын­дай арзан дүниелер жасалып жата­ды. Мәселен, суретші қаланың сол­түс­тік бөлігіндегі айналма жолда тұр­ған түйелер мүсінін Ойсылқара тө­ліне емес, басқа жануарға ұқсап кет­ке­нін айтады. Сондай-ақ Ташкент тас жолы бойындағы Алпамыс батыр­ға арналған ескерткіштің жанына екі дәу арыстанды отырғызып қой­ғаны да сәл ақылға қонымсыз екенін айтты.
Өнер майталманы сурет салу мен бейнелеу өнерінің табиғи таза сұлулығын сақтап қалу өте маңыз­ды дейді. Себебі қарапайым көрініс­ті, өмірдің таза өрнектерін салудан қашқан еуропалықтар бүгінде портрет, пейзаж салудан қалған. Тіпті бұл жағынан таланттары кеміп жат­­қан ұқсайды. Оның орнына қа­зір Батыстың сурет өнері әлемін еш­кім түсінбейтін абстрактілі бейне­лер басып кеткен. Осы орайда, қа­зақ­тың қылқалам өнерін сондай аб­страк­­ционизмнен сақтап, жас сурет­шілерге өмірдің таза кө­рі­ністерін бейнелеуді үйрете беру керек деген оймен сөзін қоры­тындылады.
 
ШЫМКЕНТ 
23 тамыз 2024 ж. 110 0