Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Туристік өңірге айналады

Туристік өңірге айналады

Туристік өңірге айналадыЕлімізде тарихы терең, табиғаты әсем жерлер баршылық. Соның бірі – Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау ауданының аумағы. Оның жолы қалың тоғайлардың арасынан өтеді. Бұрын бұл аудан сұлулығы жағынан Бурабайдан кем түспейтін Имантау – Шалқар демалыс аймағы, ғалым Шоқан Уәлиханов өскен Айғаным ханшаның қыстауы, Ақан сері мен Үкілі Ыбырайдың шағын отаны ретінде әйгілі болса, қазір әлемге аты жайылған Ботай қонысымен де танымал.

Осы Ботайда адамзат 5 мың жыл бұрын алғаш рет жылқы­ны қолға үйретіп, етін жеп, сүтін ішкені халықаралық ауқымда дәлелденген. Сондай жерді көр­мекке ұмтылушылар саны жыл­дан-жылға артып келеді. Ол ол ма, бұл жерден Алтын Орда хандары династиясының «Қызыл оба» пантеоны да осында. 2019 жылы ашылған обадан Алтын Орда дәуіріне тиесілі XIV-XV ғасыр­дың дүниелері көптеп табы­лып жатыр. Облыстық тарихи-мәде­­ни мұраларын қорғау мен қолда­­ну орталығы бөлімінің меңгеру­­шісі Жанат Баймүсеновтің айтуы­на қарағанда, қазылып жатқан ­10 мың шаршы метр аумақтан ­7 кесене табылған.
«Бұл осы аумақта Алтын Орда дәуіріндегі көшпелі ордалар мен Солтүстік Қазақстан даласын мекендеген көшпелілер­дің бұрын белгісіз болған мәде­ни-саяси және қасиетті орталы­ғы­ның орналасқанын көрсетеді. Қызыл Оба төбесіндегі кесенелер Қазақстанның ортағасыр­лық тарихынан сыр шертетін археологияның бірегей ескерткіші десек болады», дейді ол. Осы жерден сол ғасырлар­ға тән кесенелердің қирандыла­ры, қолөнер құрылыстарының қалдықтары мен арықтар жүйе­сі, ежелгі суару және су көтер­гіш механизмдердің шығырларына қол­данылған ыдыстар, алтын-кү­міс әшекей бұйымдары та­былған.
Міне, осындай сан қилы тарих пен сұлу табиғат тұнған Айыртау жерін туристік мекен­­ге айналдыруға әлі күнге қолы­­мыз жете алмай отыр. Әкімдік­тен алынған дерекке қарасақ, бәрі оп-оңды, былтыр ғана бұл жерге 60 мыңдай турист саяхат жасаған. Бірақ мұнда асты аласа жеңіл машинамен сапарлағандар келгені­не өкінері сөзсіз. Өйткені мұнда­ғы жолдардың сапасы өте на­шар, машинаның астын соғатын то­лып жатқан шұқыршақтар. Иман­тау – Шалқар курорттық аймағын­­­да жалпы саны 44 демалыс орны ­бар. Осылардың жолын жарқы­ра­­тып қойса, бұл ландшафтқа келу­ші­­лер еселеп артар еді.
Дегенмен аудандағы елді мекендердің ішкі жолдары, ауыларалық жолдар жөнделіп, тегістеліп, жүргіншінің жыл­дамдығын арттырып отыр. Мә­селен, «Ауыл – ел бесігі» бағ­дарламасы аясында бөлінген қа­ражат Антоновка, Кирилловка, Карасевка, Шалқар, Айыртау, Имантау ауылдарының жол­дарын жөнге келтірген. Ал қа­зір Имантау ауылындағы 1970 жылы пайдалануға берілген 33 метрлік көпір күрделі жөн­деуден өткізіліп жатыр. Осы көпір Имантау ауылының түбінен ағатын Жыланды өзе­нінің бойына салынған. Бұл – Ақмола мен Солтүстік Қа­зақ­­стан облыстарының ауылда­рын жалғайтын «Еленовка – Арықбалық – Чистополье – Есіл» автомобиль жолының 142-шақырымында. Көпір құ­ры­лысын жүргізіп жатқан мер­ді­гер Виктор Казенновтың айтуынша, қазір жұмыстың жартысынан көбі аяқталған. «Құрылыс бригадасы 14 адамнан тұрады. 5 техника жұмыс істеп жатыр. Жұмыс сапасына 5 жылға дейін кепілдік береміз», дейді ол. Имантау ауылының өзі – осы аудандағы ірі елді мекендер­дің бірі. Қазір онда 2,8 мыңдай тұрғын бар. «Ауылымызда бес серіктестік жұмыс істейді. Биыл ауылға таза ауызсу мәселесі де шешілмек, оған қажетті қаражат бөлінді», дейді ауыл әкімі Бақыт­жан Жантілеуов.
Жуырда осы аймаққа жұмыс сапарымен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те келіп кетті. Ол көпірді жөндеу жұмысы­мен жіті танысып, оны сызба­ға сәйкес уақтылы аяқтау керек екенін ескертті. «Ауданның туристік инфрақұрылымын мүм­кіндігінше жақсарта түсу керек. Оны дамытудың жос­пары жасалған. Биыл мына көпір­ден басқа «Шалқар су» санато­рийі­нен балалардың «Сокол» демалыс лагеріне апа­ратын жол да жөнделіп жатыр», деді облыс басшысы. Сонымен бірге ол Ботай қонысына да соғып, ондағы қазба жұмыстарының ­ба­ры­сымен танысты.
Осы орайда Айыртау ауда­ны­ның тарихы мен экономикасы­­на да тоқтала кетейік. Жоғары­­да айтқанымыздай, бұл аудан­ның табиғи сұлулығы Бурабайдан ­кем емес. Кейін Шоқандай дана­ның әжесі болған, Уәли ханның жас тоқалы Айғаным Бурабайдағы бәйбішеден аулақ отыру үшін қыстауын осы жердегі Сырым­бет тауына салғызғаны біліп жасал­ған іс екенін ежелгі тұрғындар жиі айтады.
Айыртау ауданы 1928 жылы құрылып, 1993 жылға дейін Во­лодар ауданы аталды. Осы күн­гі жастар В.Володардың кім еке­нін де білмейді. Ол (шын есімі Моисей Гольдштейн) – орыс төң­керісшілерінің бірі. 1918 жылы эсер партиясының тапсырысымен Моисей Урицкиймен қатар өлтірілген. Осы жылы эсерлер (социал-революционерлер партиясы) Ленинге де қастандық жасағаны белгілі. Осы себептердің бәрі «қызыл террордың» басталуына себеп болған. Ал Володар­ский мен Урицкийдің есімдері көптеген қала мен ауданға, көше­лерге берілген. Сол үрдіспен алыс түкпірдегі Қазақстанда құрыл­ған жаңа аудан да Володар ауданы аталған. Ал 1930 жылы аудан көлемі ұлғайтылып, Айыртау ауданы аталған. Алайда 1963 жы­лы Айыртау және осы жерде құрылған Қазан аудандары біріктіріліп, қайтадан Володар ауданы болды. Сөйтіп, бұл атауы мен құрылымы жағынан талай құқайды бастан кешіріп, әйтеуір Тәуелсіздіктің арқасында ежелгі тарихи атауын алған аудан.
Жайлы жер, көрікті мекен болған соң мұнда өзге ұлт өкілдері көп келген. Қазірдің өзінде қазақ халқының үлесі барлық тұрғынның 40 пайыздайы ғана, ал орыстардың үлесі 47 пайыз, қалғаны – басқа этнос өкілдері.
Ауданның ауыл шаруашы­лығына пайдаланатын жері – 735 мың гектар, соның 437 мың гектарына дәнді дақылдар егеді. Шабындығының көлемі – 13,4 мың, жайылымы – 285 мың гектар. Ауданның орманды алқабы 142 мың гектарды алып жатыр. Ал өзен көлдер алып жатқан көлем – 29,9 мың гектар.
 
Солтүстік Қазақстан облысы,
Айыртау ауданы 

15 тамыз 2024 ж. 70 0