Шымкенттегі индустриялық аймақта өрт шықты
Бүгін Шымкент қаласының Еңбекші ауданындағы «Ордабасы» индустриялық аймағының аумағында техникалық газ күкірті тұтанып, өрт басталды. Өрт «KMG Supple Company» ЖШС-нің ашық алаңында сақталып тұрған күкірт қаптарын шарпыған. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ, деп хабарлайды Egemen.kz.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінше қазір қала әкімі Ғабит Сыздықбеков оқиға орнында жүр. Өртті сөндіру үшін Төтенше жағдайлар департаментінің 84 қызметкері және 22 техника жұмылдырылған.
Өртке оранған күкірт Шымкент мұнай өңдеу зауытынан шыққан. Тараздағы «Қазфосфат» ЖШС-нің минералды тыңайтқыштар зауытына тасымалдануы тиіс болған. Өртті жоюға Орталық Медициналық комитет, жергілікті атқарушы органдар, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік қызметкерлері де атсалысып жатыр.
«Жақын маңдағы аудандардың тұрғындарына терезелер мен есіктерді жауып, мүмкіндігінше сыртқа шықпауға және тыныс алу кезінде жеке қорғау құралдарын пайдалануға кеңес береміз. Шымкент қаласының әкімдігі азаматтардың қауіпсіздігі үшін өртті сөндіру және оның салдарын жою кезінде Шаңырақ шағынауданы тұрғындарын уақытша эвокуациялау туралы шешім қабылдады. Жағдай Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбековтің бақылауында. Өртті сөндіру жұмыстары әлі де жалғасады», делінген әкімдіктің Facebook парақшасында.