Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Лудомания: Қауіппен жүйелі күрес толастамайды

Лудомания: Қауіппен жүйелі күрес толастамайды

Күні кеше қабылданған ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеуге қатысты заң негізінен елдегі қамысқа тиген өрттей қаулаған лудомания мәселесін шешуге бағытталған. Бұл кейінгі жылдары нағыз әлеуметтік, қоғамдық кеселге айналып кетті. Бүгінде осы дерттен арыла алмай, букмекерлік кеңселерді күндіз-түні төңіректеп жүргендердің көбі көрсеқызарлықпен ғана емес, қажеттіліктен де ойынхананың есігін ашып көрген. Ал оңай олжаның арты опық жегізетіні көбінің қаперіне кіріп-шықпаған.

Лудомания: Қауіппен жүйелі күрес толастамайды


Ел күткен түзетулер
Лудомания шекара сызығына, қауіпті қорғанысқа қолданылатын тікенек сым секілді. Бір ілінсең шыға алмай, тартқан сайын шырматыла бересің. Ал мұны құмарпаздықтың құрығына түсіп, көзі байланғандар кеш түсініп жатады. Бұл кеселдің асқынып, елдің есін шығара бастағаны соншалық, Мемлекет басшысы лудоманияның арты жақсылыққа апармайтынын, ойынқұмарлықтың ойыныңды осылдырып жіберетінін үнемі айтып жүретін жағдайға жеттік. Арыға бармай-ақ қояйық, былтыр күзде Қауіпсіздік кеңесінің отырысында, биылдың өзінде Атыраудағы Ұлттық құрылтайда, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында, республикалық «Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбаевты қабылдағанда, мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде, өткен айдағы БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде осы лудоманиямен қоғам болып күресу керегін ерекше атап өтті. Әсіресе БАҚ саласы қызметкерлерімен кездескенде кеңірек тоқталды. Өйткені бұл дертті өршітетін де, оған қарсы күресте алғы шепте жүретін де БАҚ екені даусыз.
«Интернет дамыған сайын лудома­ния проблемасы ушыға түсті және нағыз әлеуметтік індетке айнала бастады. Бұл ұлтымыздың болашағына қатер төн­діреді. Сондықтан Мемлекет басшысы ретінде мен осы қауіпті құбылыспен күресу үшін бірқатар пәрменді шара қабылдадым. Былтыр күзде осы мәселе бойынша Қауіпсіздік кеңесінің арнайы отырысы өтті. Жуырда менің тапсырмаммен Үкімет Заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Сонымен қатар тиісті заң жобасын тез арада қабылдау жөнінде бұ­ған дейін бірнеше рет айтқан едім. Атал­ған заңның күшіне енуі азаматтарымызды, ең алдымен, өскелең ұрпақты осы зиянды әлеуметтік дерттен сақтауға мүмкіндік беретініне сенімдімін», деген болатын Мемлекет басшысы БАҚ өкілдері алдында.
Мәжіліс қабылдаған заңды көп ұзамай Сенат та мақұлдап, Ақордаға жолдаған. Осылайша, Президент қол қойған ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеуге тиіс заң 8 кодекс пен 14 заңның нормаларын қозғайтын 150 түзетуді қамтыды. Бұл еліміз тарихында бұрын-соңды болмаған нор­мативтік түзету болып отыр. Өйткені бұл заң қабылданғалы 17 жыл өтсе де, оған мұндай ауқымды өзгерістер енгізілмепті.
Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаевтың айтуынша, заң халық­тың сауаттылығын арттыру, жарнаманы шектеу, сапалы медициналық көмек көрсету, мемлекеттік бақылауды күшейту арқылы лудомания проблемасын шешуге бағытталған. Құжатты әзірлеу барысында Президенттің Қауіпсіздік кеңесінде және Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары түгелдей ескерілген.
– Заңды әзірлеу үдерісінде барлық мүд­делі тараптар қатысты, қажетті қоры­тын­ды­лар алынды, 18 норма бойынша реттеу­шілік әсерге талдау жүргізілді, ашық қо­­ғамдық талқылаулар өткізілді. Заң­ды даяр­лау барысында қарсылық пен лоб­­бизмге де тап болдық. Алайда халық­­тың қолдауы жұмысқа демеу берді. Бұл ретте 50 мың қол жинаған петиция­ның маңыз­дылығын да атап өтемін. Ын­тымақтас­тықтың нәтижесінде қоғамның көңілінен шығатын тарихи Заң жарық көрді, – деп ағынан жарылды вице-министр М.Төлебаев.
Осы ретте ведомство өкілі Министрлік атынан 1,5 жыл бойы жобаны дайындап шыққан депутаттарға, атсалысқан қоғам белсенділеріне, сырттан жанкүйер болған отандастарымызға да алғыс білдіре кетті. Оның айтуынша, кейбір нормалар әлі күнге дейін мүдделі топтардың сынына ұшырап отырған көрінеді. Алайда жеке компаниялардың табысы мен ұлттың келешегі, ертеңгі тағдырымыз таразыға салынғанда Парламент пен Үкімет халық­тың үніне басымдық берді.
Заңның негізгі новеллалары
Ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттейтін заңның негізгі новеллала­рына тоқталсақ. Ең бастысы, лотерея тер­­минал­дары мен тираждық элек­трон­­дық ло­тереяларға тыйым салынып отыр. Құмар ойындар мен бәс тігу­дің жар­нама­сына шектеу қойылды, SMS-хабар­ламалар арқылы да шектеу көздел­ген. Букме­керлерді жарнамалауға, оның ішінде көлік құралдарына жарнама жабыс­тыруға да қатаң тыйым салынды. Тек букме­керлік кеңселер, спорт ғимараттары мен спортшылардың жабдықтарына ғана жарнама орналас­тыруға рұқсат етілді.
Мирас Төлебаевтың айтуынша, осыған ұқсас норма интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарына да қатысы бар. Сонымен қатар бұдан былай букмекерлік кеңселердің жарнамасы бар SMS-хабарламалар жіберілмейді.
– Біріншіден, бүгінде мұндай хабарламалар абоненттің келісімінсіз келеді. Екіншіден, хабарламалар, визуал­ды жарнама заңды түрде құмар ойын­дарға қатыса алмайтын 21 жасқа тол­маған азаматтарға бағытталған. Ал заң бұзу­шылар үшін әкімшілік жауап­керші­лік қарастырылған. Сондай-ақ борыш­керлердің бірыңғай тізіміне енгізілген адамдарды құмар ойын­дарға жіберуге және олардың бәс ті­гуіне тыйым салынады. Мерзімі өткен қа­рыздары бар азаматтар құмар ойындарға ақша жұмсамау керек, – деген министрдің орынбасары ел аумағында шамамен 3,5 млн борышкер бар екенін атап өтті.
Сонымен қатар бұл норма бәс тігу арқылы қарыздарын жапқысы келетін азаматтарды да қауіптен қорғайды. Борыш­керлерді, 21 жасқа толмаған және құмар ойындарға қатысуын өз бетінше шектеген адамдарды ойынға жібергені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.
– Жеке тұлғаларды құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан өз бетінше шектеудің ең ұзақ мерзімі 10 жылға дейін ұзартылды. Тізімде 150 мыңнан астам адам бар. Мемлекеттік және әске­ри қызметшілерге құмар ойындарға қатысу­ға тыйым салынған. Заңда құмар ойын­дарға қатысу мен бәс тігу сыбайлас жем­қорлыққа қарсы шектеу ретінде қарас­тырылады. Заңды бұзатындар жұмыстан шығарылады. Тыйымның орындалуын мемлекеттік органдардың кадр қызметі, Антикор және Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қадағалайды. Қазіргі уақытта осы норманы заңға тәуелді актілер деңгейінде іске асыру тетігі бойынша жұмыс жүр­гізіліп жатыр, – дейді М.Төлебаев.
Оның айтуынша, жоғарыда аталған үш новелланың жағымды тұстары букмекерлік кеңселер мен казинолардың клиенттері арасында отандастарымыздың санын айтарлықтай қысқартуға тиіс. Нормалардың шетелдіктерге қатысы жоқ. Бұл – шамамен 4 млн адам. Оның 3,5 миллионы борышкер болса, одан кейінгі 150 мың адам – құмар ойындарға қатысуын өз бетінше шектегендер, қалған 90 мыңы – мемлекеттік қызметші. Сондай-ақ әскери және құқық қорғау саласының қызметкерлері де аз емес.
М.Төлебаев лудомандарды диспан­сер­­лік есепке қоймай емдеудің жаңа тәртібі енгізіліп жатқанын да айтып берді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, ресми есепте барлығы 19 лудоман бар екен.
Жеті басты айдаһар
Сондай-ақ ойын бизнесін заңсыз ұйымдастырушыларға ақша жіберуге тыйым салынады. Елімізде онлайн-ойын­ханаларға тыйым салынған және бук­мекер­лік қызмет үшін лицензия қажет. Өкінішке қарай, бұл мәселенің толық­қанды шешімі болмай тұр. Интернет-ойын­­ханалар біз тұрмақ, заңы қатал, ғалам­­дық желінің цензурасы бар елдерде де өркен жайып тұр. Мұндағы бар қол­дан келетіні тыйым салынған интернет-ресурстарды бұғаттау ғана. Алайда жеті басты айдаһар іспетті сайттардың бірін жапсаң, олар екіншісін ашып алудан жалығар емес. Былтыр мемлекеттік органдар Кибербақылау ақпараттық жүйесі арқылы 4 мыңнан астам заңсыз ойынхана мен букмекерлік сайттарға кіруге тыйым сал­­ған. Сондықтан сайттарға төленетін бар­­­лық төлемді бұғаттау да көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, ведомство өкілі азаматтардан шетелдік интернет-ойынханалар­ға және заңсыз букмекерлік сайттарға кір­меу керегін де ескертті. Осы ойын биз­несін заңды ұйымдастырушылардың тізімі Министрліктің сайтында және Е-ли­цензиялау порталында орналас­ты­рылған.
Заңмен лотерея терминалдары мен электронды лотереяларға (лото клубта­ры) тыйым салынып отыр. Лотерея опе­ра­торының электрондық өнімдері оның ресми интернет-ресурсында және мобильді қосымшасында ғана қолжетімді болмақ. Классикалық лотерея тұрғын үйлерде, мәдениет, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында, сондай-ақ діни мекемелерде сатылмайды.
Кешенді жоспардың көздегені не?
Жаңа заңды басшылыққа алған Үкімет жуырда 2026 жылға дейін лудоманиямен күресетін кешенді жоспар бекітті. Жоспар Заң нормаларымен үндестірілген және профилактикалық іс-шараларды жүргізуге бағытталып отыр. Оны іске асыру қорытындысы бойынша букмекерлік кеңселер мен ойынханалардың белсенді клиенттерінің санын 42%-ға төмендету, тегін оңалтудан өтетін лудоман санын 500-ге дейін жеткізу, жыл сайын кемінде
7 мың интернет-ойынхана мен букмекерлік сайттарды бұғаттау көзделген.
– Құжатта 4 блокке бөлінген 28 іс-шара қарастырылған. Әр блоктің өз мақ­сат­ты аудиториясы бар. Бірінші бөлім құ­мар ойындарды бұған дейін ойнамаған азамат­тарға арналған. Екінші бөлім тәуе­кел тобын анықтауға және олармен жұ­мыс істеуге бағытталған. Үшінші блок лудо­мандарға көмек көрсетуді көздейді. Жос­пар аясында лудоманияның алдын алу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзір­леу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Ту­ризм және спорт вице-министрі М.Төлебаев.
Соңғы ақпаратқа сүйенсек, бүгінде елімізде 6 ойынхана, 3 ойын автоматтары залы және 8 букмекерлік кеңсе бар екен. Оларда 5 мыңға жуық адам жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүр. Өткен жылы Министрліктің талабымен сот шешімдері негізінде заңнаманы бұзған 14 букмекерлік кеңсе, тотализатор және 1 ойын автоматтары залының қызметі тоқтатылыпты. Ал осы жылдың бірінші жар­тыжылдығында Қонаев қаласында 4 бук­мекерлік кеңсе мен 2 ойын автоматтары залына жоспардан тыс және жоспарлы тексеріс, сондай-ақ лотерея операторына жоспардан тыс тексеру жүргізіліпті.
Елімізде алғаш рет әлеуметтік желі­лер­де заңсыз лотереяларға қарсы күрес жұ­мыс­тары да басталып кетті. Ол үшін 400 мыңнан 3,7 млн теңгеге дейін айыппұл қарастырылған. Қазірдің өзінде 16 азамат жалпы сомасы 7 млн теңгеге жуық әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Соттың қарауына құқық бұзушылық туралы 30 хаттама жіберілген. Енді әлеуметтік желілердегі заңсыз ұтыс ойын­дарын ұйымдастырғаны үшін тиісті материалдары жиналып жатқан 35 фактінің «кейіпкерлері» жауапқа тартылудың кезегін күтіп тұр.
20 шілде 2024 ж. 152 0