ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫН ЫСТЫҚ СУМЕН ҚАМТУ ЕКІ КЕЗЕҢ АРҚЫЛЫ ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ
Ыстық су мәселесі – Қызылорда облысы тұрғындары үшін ең өзекті мәселелердің бірі еді. Биылдан бастап бұл мәселе оңтайландырылып, тұрғындар ыстық сумен қамтыла бастайды. Нақтырақ айтқанда, тұрғындарды ыстық сумен қамту екі кезең арқылы жүргізіледі. Тиісінше биыл 187 үй, ал 2025 жылы 237 тұрғын үй ыстық су жүйесіне қосылады. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін демеушілік есебінен 32 жоба әзірленді. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин хабарлады.
- Мемлекет басшысы өткен жылы өңірімізге жасаған жұмыс сапары барысында Қызылорда халқын ыстық сумен қамту мәселесін дер кезінде шешуді тапсырған болатын. Осыған орай, облыс әкімінің тапсырмасы негізінде тиісті жұмыстар қолға алынды. Бүгінге дейін Қызылорда қаласындағы тұрғын үйлер электр сужылытқыш немесе газбен жылытатын құрылғылар арқылы ыстық сумен қамтамасыз етілген еді. Өздеріңіз білесіздер, бүгінде әр үйде кем дегенде 50 литрлік арестон бар. Ол құрылғы суды ысыту үшін 3 киловатт электр энергиясын қажет етеді. Оған кететін шығындар 1 700 теңге мен 2 000 теңгенің аралығын құрайды. Біз осы орайда арестон пайдаланатын үй мен ыстық су жүйесіне қосылған үйді салыстырдық. Нәтижесінде, ыстық сумен қамтылған үйдің шығыны 5 есеге арзан болатынын анықтадық. Жалпы, бүгінде қалада орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 804 тұрғын үй бар. Осы тұрғын үйлерді ыстық сумен қамту үшін биылдан бастап құрылыс монтаждау жұмыстары басталуда. Мәселен, бүгінде 17 жоба бойынша 186 көппәтерлі тұрғын үйді ыстық сумен жабдықтау үшін ҚР Үкіметінің резервінен тиісті қаржы бөлінді. Осы жоба бойынша биыл қаламыздағы Шұғыла, Сырдария, Сол жағалау, Тәуелсіздік, Бейбарыс көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су жүйесі жүргізіледі, - деді Медет Усаин.
- Өздеріңіз білетіндей, Қызылорда қаласындағы ең өзекті мәселелердің бірі – тұрғындарды ыстық сумен қамтамасыз ету. Осы мақсатты облыс әкімінің арнайы тапсырмасы негізінде бірнеше жобалар қарастырылып, ыстық су желілерін орнату жұмыстары басталды. Қазіргі таңда қаладағы 174 үйді ыстық суға қосуға мүмкіндік бар, ал 424 үй қаржыландыруды қажет етеді. Осы қаржыландыру талап ететін тұрғын үйлерді ыстық суға қосу үшін демеушілік есебінен 32 жоба әзірленді. Бүгінде қала әкімдігі тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылып, қала тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын тұрғындарға айтарымыз, дер кезінде ыстық су желілерін орнатуға өз рұқсаттарын беруге шақырамыз. Бұл өз кезегінде жұмысты дер кезінде орындауға және уақыт үнемдеуге ықпал етеді, - деді Қызылорда қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ғалымжан Еркебай.
- Ыстық су желілерін жүргізу тұрғындар үшін өте тиімді болмақ. Себебі арестон құрылғысы ұзаққа жарамды құрылғы емес. Сонымен қатар, электр энергиясы мен қаржы үнемділігін реттейді. Бұдан бөлек, ыстық су желілерін жүргізу арқылы көпқабатты тұрғын үйлердегі су қысымы жоғарылайды. Осы арқылы ауыз су мәселесі оңтайлы шешілмек, - деді «Қызылорда су жүйесі» МКК директоры Бауыржан Әбідқаппарұлы.
- Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су желілерін жүргізу электр энергиясы мен электр қондығыларын үнемдеуге және сенімді жұмыс жасауға септігін тигізбек. Мәселен, қала бойынша электр энергиясын тұтыну көлемі – 84 МВТ болса, ыстық желісі орнатылғаннан кейін 14 МВТ-қа дейін жүктеме азаяды, - деді Қызылорда электр тарату тораптары АҚ басқарма төрағасының орынбасары Шалқар Рахышев.
- Жылу маусымында барлығына ыстық су беріле ме деген сұрақ жиі қойылады. Осы орайда тұрғындарды қысы-жазы ыстық сумен қамтамасыз етілетінін жеткізгім келеді, - деді «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-нің директорының орынбасары Хасанғали Иманғалиев.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі