ЕЛГЕ КӨМЕК – ЕРГЕ МІНДЕТ
Биыл еліміздің батыс аймақтарында көктемгі су деңгейі күрт көтеріліп, салдарынан бірқатар елді мекен табиғи апаттың зардабын шекті. Су астында қалған өңірлерде төтенше жағдай режимі жарияланып, тұрғындар қауіпсіз аймаққа көшірілді. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы «Біріңді қазақ бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» деп өлең жолдарына арқау еткен ынтымақ-бірлік, достық сынды асыл қасиеттерді өн бойына жинаған азаматтар жұдырықтай жұмыла қызмет етті. Қарғын судан зардап шеккен тұрғындарға қол ұшын созып, өзге облыс, қала, аудан, тіпті ауыл көшелерінде жылу жинау бекеттері ашылып, азық-түлік пен қажетті заттарды жөнелткен болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Қазақстан – бәріміздің қасиетті қарашаңырағымыз. Сондықтан әрбір азамат ел тағдырына өз тағдырындай қарауға тиіс.
Біздің күшіміз – ынтымақта. Еліміздің әлеуметтік саясаты осы құндылыққа негізделген. Мемлекет те, қоғам да көмекке шын мұқтаж адамдарды қолдауға қашан да дайын. Біздің еріктілерміздің ерен еңбегі – жанашыр болудың шынайы үлгісі. Олар кез келген сәтте өзгелерге риясыз көңілмен көмектесуге ұмтылады. Бизнес өкілдері және басқа да азаматтарымыз түрлі қайырымдылық шараларға белсене атсалысады. Бұл да – тілеулес болудың айқын көрінісі. Халқымыздың қанына сіңген жанашырлық, қамқорлық, бауырмалдық сияқты асыл қасиеттер біздің ұлттық ерекшеліктеріміз болып қала береді» деген еді.
Осыған сәйкес қарғын судан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жіберу пунктері ашылып, айтып келмейтін апатқа тосқауыл қою үшін аудан азаматтары мен еріктілер де өз үлесін қосты. Шиелі ауданында «Ұлттық атом компаниясына» қарасты «КАР Logistics» ЖШС-нің «Шиелі-Сұңқар» филиалы, «РУ-6», «ТТК-Шиелі», «Волковгеология ГРЭ-23», «Уранэнерго» мекемелерінің ұжымы еліміздің зардап шеккен өңірлеріне қаржылай және техникалық көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастырды. Нәтижесінде, жеңіл автокөлік, кран, экскаватор, трактор, жүк көлік, қайық сияқты техника тиелген жүк пойызы жолға шыққан еді.
Мемлекет басшысы еліміздегі күрделі жағдайға байланысты жолдаған Үндеуінде: «Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді» – деген болатын. Осынау қағидалы сөзді ту еткен аудан азаматтары халық сенімін ақтап, жуырда аман-есен абыроймен елге оралды.
Олар 2 ай көлемінде Атырау облысындағы су басқан Махамбет елді мекенінде 65 шақырым жолға бөгет салып, бірнеше ¬ауылды қарғын судан арашалап қалған.
Елге оралған азаматтарды құрметпен күтіп алу үшін аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Насырбек Мырзабеков бастаған зиялы қауым өкілдері жиналды. Күтіп алу сәтінде елін, жерін сүйген жандардың ерен еңбегі ескерусіз қалмайтынын айтқан Болатбек Ысмағұлов:
– «Бірлік бар жерде, тірлік бар» демекші, батыстағы бауырларға қол ұшын созып келген сіздерге ерекше алғысымды білдіремін. Табиғи тосыннан болған апатқа тосқауыл болу оңай шаруа емес. Дегенмен, бірігіп әрекет етудің арқасында жұмыс нәтижесін берді. Сіздер ел бірлігі сыналар шақта Сыр елінің аманатын арқалап, абыройлы қызмет етіп, аман-есен оралдыңыздар. Алда келе жатқан Әкелер мерекесіне орай өткізілетін жиында өздеріңізді арнайы марапаттайтын боламыз, – деп алғысын жеткізді.
Елдегі жағдайға бей-жай қарамай, ерікті түрде табанды еңбек етіп келген Қожахмет Әзімханұлы көмек қолын созу әрбір азаматтың міндеті екенін тілге тиек етті.
– Біз Атырау облысы, Махамбет ауданында болдық. Халқы өте кішіпейіл әрі қонақжай. Өзге өңірлерден келген азаматтарға қолдау көрсетіп, демеп отырды. Осынау игілікті іске атсалысуға сенім білдіріп, құрметпен қарсы алған аудан тұрғындарына үлкен рақметімді айтамын, – деді азамат.
Иә, төтенше жағдай орын алған аймақтардағы апатты жайт халықты алаңдатқаны жасырын емес. Әркім қолынан келген көмегін аямай, мейлінше қауіптің сейілуіне атсалысты. Бірі гуманитарлық көмек жіберсе, өнерпаздар тегін концерттер ұйымдастырып, жиналған қаражатты апат болған аймақтарға беруде. Расында, бірлігіміз сыналар шақта жұрт аянып қалған жоқ. Жүйелі жұмыстар нәтижесін беріп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
М.ИБРАГИМОВ