Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚИЫН ШАҚТА ЖӘРДЕМДЕСУ – ҚАНДА БАР ҚАСИЕТ

ҚИЫН ШАҚТА ЖӘРДЕМДЕСУ – ҚАНДА БАР ҚАСИЕТ

Өздеріңізге мәлім, еліміздің кейбір өңірлерінде қардың ерте еру салдарынан су тасқыны орын алып, елді мекендегі үйлер су астында қалып, автомобиль жолдары жабылып, мал шығыны пайда болуда. Адам қауіпсіздігі бірінші кезекте болғандықтан, төтенше жағдайлар министрлігі су басқан аймақ тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіріп, қажет заттармен қамтамасыз етіп жатыр.
Осы орайда Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың төрағалығымен су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб отырысы өтіп, апат болған аймақтарға қолдау көрсету ісі тапсырылды.
– Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға тиісті барлық көмек көрсетілсін. Бұл мақсатқа Үкіметтің және әкімдіктердің резервін ғана емес, «Қазақстан халқына» қорының қаржысын да пайдалану қажет. Осындай жауапты сәтте еліміздегі бизнес өкілдерін халыққа қол ұшын созуға шақырамын. Апаттан зардап шеккен азаматтарға және аймақтарға барынша қолдау көрсету керек. Бұл – дәл қазіргі кезеңде баршаға ортақ міндет. Қарғын судан қатты шығынға ұшыраған батыс аймақтарда ірі кәсіпорындар көп. «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялар, жер қойнауын игерушілер бар. Олар халыққа жәрдем беріп, бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге атсалысады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақ халқы қандай жағдай болмасын, бірлігі мен тату тірлігінен айнымаған. Осындай сын сағатта бір-біріне жәрдемдесіп, су алған аймақтарға азық-түлік жіберіп, көмек қолын созуда. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Бейбітшілік пен қоғамдық келісім – баға жетпес байлығымыз. Біздің бірлігіміз бекем, мақсатымыз ортақ, рухымыз асқақ. Соның арқасында кез келген қиындықты жеңіп, жасампаздық пен өрлеу жолында жаңа белестерді бағындырамыз деп сенемін», – деп үлкен сенім артқан болатын.
Еліміздің бірқатар өңірлерін су алуына байланысты «Арал-Ақтөбе» жолының жабылып қалған болатын. Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болат Ысмағұлов, Бәйгеқұм ауылдық округінің маңына орналасқан автокөліктер мен жүк көліктерінің жүргізушілеріне арнайы барып, жолаушылардың жағдайын бақылап қайтты. Қысылтаяң шаққа бір-бірімізге жәрдем беру басты міндетіміз екенін айтып, апаттық жағдайға байланысты тоқтап тұрған жолаушыларды ыстық тамақ, жылы панамен қамтамасыз етіп, мүмкіндігінше қолдау білдіретінін жеткізді.

Мейіржан ҚАЙРАТҰЛЫ
02 сәуір 2024 ж. 127 0