Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ

ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ

Биылғы су тасқыны халықты алаңдаушылық күйге түсіргені анық. Ауқымды апат басталғалы бері еліміздің көп аймағындағы ахуал күрделеніп, табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Тілсіз жау мыңдаған отандасымызды баспанасыз қалдырды. Бүгінге дейін тасқын болған өңір тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп, оларға көмек көрсету үшін құрылған қорлар мен қабылдау пункттері тұрақты жұмыс істеп келеді. Ал су басқан ауылдарға жіберілген гуманитарлық көмек еліміздің бірлігінің айғағы ретінде діттеген орнына жеткізілуде. Игілікті іске шиеліліктер де жұмылды.

Тасқын судың ұлғаюына байланысты кент ішінде зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жіберу пункттері ашылған болатын. Нәтижесінде, осыдан 1 айға жуық уақыт бұрын Сыр өңірінен жүк көліктері, жеңіл автокөлік, кран, экскаватор, трактор сияқты 120-ға тарта техника тиелген жүк пойызы жолға шықты. Бұған ауданның жанашыр азаматтары мен еріктілер де өз үлесін қосты.
Мемлекет басшысы еліміздегі күрделі жағдайға байланысты жолдаған Үндеуінде: «Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен
қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді» – деген болатын. Осы мақсатты арқалап, халыққа қызмет етуді парыз санаған жерлестеріміз жақында елге оралды. Олардың қатарындаНұрғали Урманов, Бектай Сейтенов, Мырзахан Әжиев, Азимбек Тыныштықбаев, Алтынбек Дариялов, Мұхаммед Жанәбіл сынды азаматтар бар. Аудан азаматтары тасқыннан қатты зардап шеккен аймақтың бірі – Орал өңіріне табан тіреп, қажетті көмек көрсетіп, апаттың алдын алуға бір кісідей атсалысқан. Мұнда су мөлшерінің әдеттегіден жоғары көтерілуіне байланысты қала іргесіндегі тұрғын үйлер мен саяжайлар судың астында қалған. Аталған мекенге аудан әкімдігі, «Гежуба Шиелі Цемент» зауыты, «Шиелі Жолшы» ЖШС, «Ақмая» шаруа қожалығы атынан барлығы 7 техника жөнелтілді. Қиын сәтте қол ұшын созып, көмектесуге ниеттенген жандардың қол жәрдемінен бастап, барлық іске жұмыла үн қосқаны байқалды. Апатты өлкедегі сапар барысын, ондағы ахуал жайын білмек мақсатта жұмысшы жандарды тілге тартқан едік.
– Өңірдегі су деңгейі тым жоғары. Соған сәйкес халықтың жағдайы да қиын.Біз бір адамдай жұмылып, қолдан келгенше көмек беруге тырыстық. Бірігіп дамба тұрғыздық. Күні бойы демалыссыз жұмыс істеп, көліктің ішінде ұйықтаған сәттер де болды. Кейін арнайы жатақханаларға ауыстық, – деді Бектай Сейтенов.
Көп жылдан бері болмаған ең ауқымды тасқын халықты әбден әбігерге түсіргені анық. Азимбек Тыныштықбаевосындайда ең қиыны халықтың көз жасын көру болғанын айтады.
– Бәрінің көзінде үлкен үрей бар. Қаншама адам баспанасынан, ондағы жиған дүниесінен айырылып жатыр. Олардың көз жасы – сонда көргеніміздің ең қиыны болған шығар, – деді ол.
Бірлесе атқарылып жатқан жұмыстар елеусіз қалмаса керек. Жерлестеріміз сапар барысындағы еңбегінің нәтижесінде ауыл әкімінің арнайы алғыс хатына ие болды.
«Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» демекші, күрделі кезеңде көп ойланбастан көмек беруге аттанған азаматтар ауызбіршілік таныта білді. Бүгінде су жайлаған өңірлерде тиісті жұмыстар жүргізіліп, гуманитарлық көмек жинау пунктері үздіксіз қызмет істеуде.Жасыратыны жоқ, алда әлі де беті қайтпаған тасқыннан халықты аман алып шығу міндеті тұр. Жіберілген көмек сол жақтағы ағайынның жетпей жатқан тұсын жамайды деген ниеттеміз.

Таслима ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ
07 мамыр 2024 ж. 42 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930