Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СУ ТАСҚЫНЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕН АЙМАҚТАРҒА СЫР ӨҢІРІНЕН 50 МЛН ТЕҢГЕНІҢ ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕГІ ЖІБЕРІЛДІ

СУ ТАСҚЫНЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕН АЙМАҚТАРҒА СЫР ӨҢІРІНЕН 50 МЛН ТЕҢГЕНІҢ ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕГІ ЖІБЕРІЛДІ

Еліміздегі күрделі жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Үндеу жолдап, «Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді» деген болатын.
Осыған орай аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсетуді ұйымдастыруды тапсырды.
Қызылордалықтар су тасқыны болған аймақтарға жәрдемдесуге жаппай жұмылуда. Қала және аудан әкімдіктері ұйымдастырған «Күшіміз – бірлікте» акциясына облыстың жанашыр азаматтары мен волонтерлер өз үлесін қосты.
Бүгін аймақтағы ірі мұнай компанияларының бірі – «Торғай Петролеум» акционерлік қоғамы Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына 50 млн. теңгенің 120 тонна қайырымдылық көмегін жіберді. Жиырма тонналық 10 жүк көлігі азық-түлік, газ плиталары, қайықтар мен құрал-саймандар, төсек жабдықтары, ыдыс аяқ, гигиеналық заттар мен дәрі-дәрмек тиеп жолға шықты.
Облыстық мәслихат төрағасы, "AMANAT" партиясы облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов, «Торғай Петролеум» АҚ бас директоры Дәурен Әбілқайыров ізгілік керуеніне сәт сапар, су басқан аймақтардағы ағайындарға Сыр жұртшылығы атынан ізгі тілегін білдірді.
Тасқын судан зардап шеккендерге көмек көрсетуден жергілікті компаниялар да қалыс қалған жоқ.
Бүгінгі қайырымдылық керуенін және еріктілерді айтыскер ақын, Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық академиялық драма театрының директоры Мұхтар Ниязов бастап барады. Оның бастамасымен өнер адамдары, мәслихат депутаттары 3 млн. теңге қаржы жинап, көмек беруде.
Айта кетейік, қазір Қостанай, Ақтөбе облыстарында 66 қызылордалық құтқарушы, 9 арнайы техника, 4 қайық, 20 мотопомпа жұмыс істейді. Бұған дейін Ақтөбе қаласы мен аталған облыстың Қобда ауданына 25 жүк көлігімен 83 млн. теңгенің 112 тонна азық-түлік, көрпе-төсек, гигиеналық құралдар, дәрі-дәрмек, құрылыс заттары, 50 млн. теңгенің 20 тонна жем-шөбі жеткізілді, 2,5 млн.теңге қаржы Ақтөбе облысында ашылған есепшоттарға аударылды.
Тасқыннан зардап шеккен басқа өңірлерге де гуманитарлық көмек көрсету үшін «Жастар орталықтары», сауда үйлері мен базарларда ашылған пункттерде әлі де гуманитарлық көмек жинақталуда. Оған Сыр өңірінің жанашыр азаматтары мен еріктілері атсалысып, өз үлестерін қосуда.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
11 сәуір 2024 ж. 147 0