Президент балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығын аралады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының жаңа корпусымен танысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Жаңа ғимарат Emergency халықаралық стандартына сай салынған әрі триаж жүйесіне сәйкес тәулігіне 500-ден аса науқасты қабылдай алады. Орталықта 26 төсек орынға есептелген реанимация және қарқынды терапия бөлімі, диагностика бөлімі және 4 операция блогы бар.
Президентке орталықтың заманауи медициналық аппараттармен жабдықталған диагностика кабинеттері, нәрестелерге арналған қарқынды терапия бөлімшесі және операция бөлмелері таныстырылды. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, 1965 жылы негізі қаланған қалалық балалар ауруханасы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті педиатрия кафедрасының клиникалық базасы саналады. Ауруханада тек Алматы қаласының емес, бүкіл Қазақстанның балалары жоспарлы ем-дом алады.
Республика бойынша тек осы клиникада жаңа туған нәрестелерде кездесетін асқазан артрезиясы, көкет жарығы (диафрагмальная грыжа), рахишизис, гастрошизис секілді туабітті дерттерді хирургиялық жолмен емдеу тәсілдері жолға қойылған. Соңғы үш жылда бұл ауруханада емделушілер саны 30 пайызға артқан. Сол себепті қазір Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының негізгі ғимаратын жаңарту және реконструкциялау жоспары әзірленіп жатыр. Соған сәйкес ескі корпустардың бәрі күрделі жөндеуден өткізіліп, қосымша оңалту, отоларингология, аймақтық офтольмология орталықтары және жақ-бас сүйек хирургиясы бөлімшелері ашылмақ. Нәтижесінде стационардағы төсек-орын саны 350-ден 470-ке дейін артады. Сондай-ақ, көрсетілетін медициналық қызметтердің түрі көбейіп, халықаралық стандарттар деңгейіндегі сапаны қамтамасыз ету мүмкіндігі пайда болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық мекеменің қызметіне табыс тілеп, 2 реанимобиль мен интерактивті тақтаны сыйға тартты.