Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЛІМ САЛАСЫН СЫНҒА АЛДЫ

БІЛІМ САЛАСЫН СЫНҒА АЛДЫ

Жұма күні аудандық мәдениет үйінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов және аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұловтың төрағалығымен білім саласының өзекті мәселелері бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті. Отырысқа аудандық мәслихат төрағасы, құқық қорғау органдары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ата-аналар кеңесі, ардагерлер мен қоғамдық кеңестің төрағалары, әйелдер кеңесінің төрайымдары, ауыл имамдары қатысты.

Еске салсақ, осы жылдың 29 қаңтар және 22 мамырында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жалпы орта білім беретін мектеп директорлары мен ата-аналар комитеті төрағаларының қатысуымен кеңейтілген мәжіліс өткізген болатын. Аталған отырыста аймақ басшысы бала тәрбиесіне байланысты жауапты сала мамандарына бірқатар тапсырмалар берді. Сол тапсырмалар аясында бүгінде жұмысшы топтар жасақталып, аудандағы балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігін сақтау бағытында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Кең көлемде ұйымдастырылған мәжілісте де осы тақырыптар ортаға салынып, кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және тәрбие бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйі талқыланды.
Жиынның кіріспе сөзін аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов алып, қай қоғамда болсын, ұрпақ тәрбиесінің қашан да өзекті мәселе
саналатынын атап өтті. Бұдан кейін білім беру ұйымдарындағы құқықбұзушылықтың профилактикасы жөнінде аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Әлібек Жүсіпбек, сондай-ақ аудандағы білім саласында тәрбиелік мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар жайында аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Ақпанбетов баяндама жасады.
– Бүгінде аудандағы барлық білім беру ұйымдарында әртүрлі бағыттағы жобалар бойынша жұмыстар жүргізілуде. Креативті жобалардың есебінен ынталы оқушылардың саны артып, қазіргі уақытта 8000-нан асты. Мектептердегі отбасылық құндылықтарды дәріптеу және оны сақтаудың маңыздылығына назар аудару мақсатында «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер кеңесі» мүшелерінің қатысуымен отбасын нығайтып, шаңырақтың берекесін арттыратын әдет-ғұрыптар жайлы 73-тен астам шара өткізілді. Сондай-ақ балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында ауданда 2 мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Онда 2000-ға жуық бала білім алуда. Ал мектеп жанындағы спорттық секциялар мен үйірмелерге 16 000-нан астам оқушы қатысады, – деді Марат Асанханұлы.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың статистикалық мәліметтеріне сәйкес, профилактикалық есепке 2022 жылы 5 жасөспірім алынса, өткен жылы 1 оқушы қылмыс бойынша тіркелген. Ал Ш.Қодаманов ауылында орын алған қайғылы жағдай – биыл тіркелген алғашқы қылмыс болып отыр. Мектепішілік есепке өткен оқу жылында 14 бала алынса, биыл бұл көрсеткіш 34-ке жеткен. Есепке алынған балалар – көбіне ата-ана тәрбиесіне көнбейтін, көңіл күйлері ауыспалы, сабаққа себепсіз кешігіп келетін, кетіп қалатын, бұзақылыққа бейім оқушылар. Аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы қазіргі таңда дәрістерге ұзақ уақыт бармайтын немесе себепсіз қатыспайтын білім алушылардың жоқ екенін айтады. Оқушылармен сынып жетекшілер, мектептің педагог-психологтары жекелей жұмыс істесе, бұдан бөлек арнайы қоғамдық жетекшілер тағайындалып, жасөспірімдердің жүріс-тұрыстары қатаң бақылауға алынып, ата-аналармен тікелей байланыс орнатуға жағдай жасалуда.
Мінберге келесі көтерілген білім басқармасының басшысы Асқарбек Темірбекұлы білім сапасын арттыруда, балаларға жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыруда атқарылып жатқан жұмыстарды атап айтты. Сондай-ақ аймақ көлемінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыс саны азайғанымен, ауыр қылмыстар санының арта түскенін мәлімдеді. Оның сөзінше, облыстық білім басқармасы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп тиісті шаралар қабылдағанымен, жыл басынан бері балалардың оқыстан опат болуы тыйылмай отыр. Ш.Қодаманов ауылында орын алған мектеп оқушысының өлімі – жыл басынан бергі үшінші қайғылы жағдай. Осы тұста бала тәрбиесіне ата-ана, мұғалім және қоғам болып жауапкершілік алғанда, бұндай оқиғаға жол берілмес пе еді?
– Бүгінде барлық білім бөлімдеріне облыс тарапынан тиісті нұсқаулықтар беріліп, әдістемелік көмектер көрсетілген. Дегенмен, бұған дейін орын алған қайғылы жағдайлар жергілікті жерлердегі білім бөлімдерінің, мектептердің берілген тапсырмаларды қажет деңгейде орындамайтынын көрсетіп отыр, – деді ол.
Бұдан бөлек осы мақсатта арнайы құрылған жұмыс тобымен жүргізілген зерделеу шаралары барысында бірқатар олқылықтардың бары анықталған. Басқарма басшысы жоспарға сай толық жұмыс жүргізілмеген білім ордаларын сынға алды. Сөз соңында жасөспірімдерге ұлттық
құндылықтарды, салт-дәстүрді кеңінен насихаттаудың маңызы жоғары екенін баяндап, басқармаға қарасты мектептер мен колледждерде «Аналар академиясының», «Әкелер кеңесінің», ата-аналар комитетінің жұмысын жандандыруды қолға алуды жүктеді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Еренғалиұлы жасөспірімдер арасында орын алатын түрлі келеңсіз жайттардың алдын алу үшін, ең алдымен, ата-аналар қауымымен жұмыс істеуді күшейту керегін, сондай-ақ балалардың бос уақытын ұйымдастыру бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын арттырудың маңызды екенін жеткізді. Сонымен қатар ауданда болған оқиғалардың қайталанбауына әрекет етуге шақырып, жиында көтерілген мәселелер бойынша тиісті сала басшыларымен жұмыс атқаруды тапсырды.
Мәжіліс соңында тиісті тапсырмалар негізінде атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, тыңдаушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстарға кезек берілді.

Таслима ӘЛІШЕР
28 мамыр 2024 ж. 147 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930