Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДАРА ДАУЫС ИЕСІ

ДАРА ДАУЫС ИЕСІ

Бүгінде есімі алтын әріппен жазылған, талай тұлғаның туған жері болған Шиелі өңірінде өнерімен өрге жүзіп жүрген жастар жетерлік. Солардың қатарында Қадырбек Қалдардың да бар екенін айтып өткен жөн болар. Дарынды жас кішкентайынан ән өнеріне жақын болды. Қоңыр үнді қараторы жігіт қазақ елінің шашбауын әлемдік дәрежеде көтеруге бар ынта-жігерін салып жүр. Қазіргі уақытта Қазақ ұлттық өнер университетінің «Вокалдық өнер» мамандығында білім алады.
– Дарын дегеніміз – жеміс ағашы тәрізді. Күтіп-баптамасаң, ұшып кетеді. Басқа қонған бақ десек те жарасардай. Сол себепті өнер қашан да өзіммен бірге. Ән – жанымдағы серігім, сырласым, мұңдасым. Көңілім құлазыса да, шаттанып, қуансам да қасымнан табылады, – деп бастады әңгімесін Қадырбек Темірбекұлы.
Қадырбектің ерекшелігі – оның дауысында. Тенор дауысымен көрермендердің көзайымына айналған. Тенор – ер әншінің жоғарғы дауысы. Дауысты жоғары нотада ұстап тұру оңай емес. Олар әлемнің өзінде өте аз. Ал кейіпкеріміз ән айтқан кезде, залда отырған көрерменнің қатты тамсанып қарайтыны рас. Оның айтуынша, тенор дауысқа адам біртіндеп қол жеткізеді. Спортпен шұғылданғанда, денені кезең-кезеңімен үйреткен секілді вокалмен де дәл солай жұмыс істеу керек. Себебі дауыс – әншінің басты құралы.
«Талант – табиғаттан, талап – өзіңнен» деген ұстанымды алға тартқан жас өнерпаздың алда алар асуы айқын. Қазіргі кезде жетістік желкенін керіп, көптеген белестерді бағындыруда. Талай рет аймақтық, облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Айбынды елдің арда туған ұландарының қатарында өз биігін еселеп келеді. Атап айтсақ, 2021 жылы Түркістанда өткен XXIV Қазақ романсиадасы» романс орындаушыларының халықаралық байқауында III орынды иеленген. Әрмен қарай республикалық XIV Ұлттық Дельфий ойындарына қатысып, I орынды қанжығасына байлап, биікті бағындырған. Сондай-ақ 2023 жылы Мәскеуде болған С.Я.Лемешев атындағы XII халықаралық вокалистер байқауында III дәрежелі дипломды жеңіп алды. Талантты жастың жетістіктер қоржынында мұндай сан алуан жеңістер жетерлік. Байқап қарасақ, Қадырбек қатысқан жарыстардың көпшілігі –халықаралық байқаулар. Шынында, өнер адамы үшін кез келген марапат бағалы.
– Меніңше, өнерді бағалай білу керек. Өнер – үйренетін, жаттап алатын нәрсе емес, талант болса, әрі қарай ізденіп, талаптану қажет. Абай атамыз айтқандай, талап, еңбек, терең ой – сол өнерді дамытады. Әлбетте, ұстаздардан үйренер нәрсе көп, олар өнерді дамытуға септеседі. Өнерде де, өмірде де тәлімгерлерім көп. Қандай да бір жақсы нәрсе үйренер болсам, сол менің ұстаздарымның зор еңбегінің нәтижесінде. Өйткені ұстазға бай жанның өмірде де алар асуы мен шығар шыңы мол болады. Өмір мектебінде алғыр, зерек болмасаң, шыңға шығуың қиын, – дейді ол.

Айнұр ИБРАШ
22 мамыр 2024 ж. 153 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930