Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЭФ:Ғаламдық дамудың бес бағыты

АЭФ:Ғаламдық дамудың бес бағыты


Астанада «Жаһандық сын-тегеуріндер саммиті» атты ХІ Астана экономикалық форумы өтіп жатыр. Алқалы жиынға Нобель сыйлығының
лауреаттары, әлемге әйгілі сарапшылар, саясаттанушылар, дүниежүзінің бизнес элитасы қатысуда. Пленарлық отырыста мәртебелі меймандар әрі спикерлердің санатында болған Халықаралық Олимпиада комитетінің Этика жөніндегі комиссиясының төрағасы, Біріккен Ұлттар Ұйымының сегізінші бас хатшысы Пан Ги Мун, «Apple» компаниясының негізін қалауға қатысқан тұлғалардың бірі, әйгілі меценат Стив Возняк, физик, футурист және ғылымды дәріптеуші Митио Каку, Golman Sachs бұрынғы төрағасы, британдық қаржыгер, экономист, философ Джим О`Нил, Францияның экс-президенті Франсуа Олланд, «Яндекс» компаниялар тобының негізін қалаушысы әрі басшысы Аркадий Волож және басқалар қатысып, форум тақырыбына қатысты ойларын ортаға салды. Дөңгелек үстел форматында өткен кездесу барысында экономикалық дамудың және сауда қатынастарының жаһандық үрдістері, «жасыл» экономикаға көшу, баламалы энергия көздерін пайдалану, Қазақстанның көлік-транзит әлеуетін дамыту және экономиканы цифрландыру мәселелері талқыланды.
Үш күнге созылатын форумның пленарлық отырысы ЭКСПО-2017 көрме кешенінің базасындағы Конгресс-орталықтан бастау алды. Ел экономикасын арттырып, бәсекеге қабілетті болу үшін цифрлы жүйенің маңызын айқындаған кездесу барысында дүниежүзілік сауда ұйымы бас директорының орынбасары Алан Вольф халықаралық электронды сауда жүйесін дамытудың қазіргі ахуалы мен перспективалары жөнінде әңгімеледі. Сонымен қатар, Еуропа қайта құру және даму банкінің бірінші вице-президенті
Юрген Ригтеринк Қазақстан экономикасы­ның өсімін және оның қайта құрылып келе жатқанын атап өтіп, еліміздің көлік-транзит әлеуетін, агроөнеркәсіп кешені мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдаланудың маңызды екенін тілге тиек етті.
Кездесу барысында «он бірінші рет өткізіліп отырған форум экономиканың, инвестицияның және инновацияның мейлінше өзекті мәселелерін талқылауға арналған. Биылғы форум жаһандық сын-тегеуріндерге лайықты жауап табу мәселелерін де қарастырады, – деді Елбасы Н.Назарбаев. Әлемнің әр жерінен жиылған мәртебелі меймандар Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Раджендра Кумар Пачаури, Рае Квон Чунг та «жасыл» экономикаға көшудің қажеттігін айтып, баламалы энергия көздерін қолданудың жағымды тұстарын талдады. Ал, Доктор Энтони Таунсенд «ақылды қалаларды» дамыту және қалаларды басқару үдерісінде жасанды интеллект технологияларын қолдану жөніндегі ойын ортаға салса, Елбасы өз сөзінде ғаламдық дамудың басты бес мегатрендін атап өтті. Олардың қатарында адам қызметінің барлық салаларының цифрлануы, энергетикалық революция, планетадағы тұрғындар санының жылдам өсуі, урбанизацияның қарқыны мен сипатының және жаһандық еңбек нарығының өзгеруі бар.
Әлемнің жетекші сарапшылары баяндама жасаған АЭФ-те бірнеше маңызды панельдік пікірталастар, дөңгелек үстелдер, таныстырылымдар өтіп, онда жаһандық сын-қатерлерге қатысты тақырыптар тереңінен талқыланды. Форум соңында Қазақстан Президенті Астана экономикалық форумына қатысушыларға және дөңгелек үстел отырысында айтқан тың идеялары үшін ризашылық білдірді.

Түйін: Қазақстанда Астана экономикалық форумы, Еуропада Давос форумы, ал Тынық мұхитының жағалауында Боао Азия форумы бар. Бұл форумдар бір ғана мақсатты – қалыптасқан ахуалдан шығу жолын іздеуді көздеп отыр. Осындай, аталмыш ірі форум барысында әлемдік сараптамалар жасалып, бірінші күнінде жалпы құны 300 миллиард теңгені құрайтын агроөнеркәсіптік кешен саласындағы бірнеше келісім құжатына қол қойылды. Бұл дегеніміз, Қазақстанның экономикасы артып, әлемдік бәсекеде қабілетіміз арта түседі деген сөз. Ал, осы форум жұмысына жалпы 500-ге жуық спикер қатысып жатқаны да шараның қаншалықты маңызы барын айқындай түсті. Өз кезегінде бұл көрсеткіш осымен он бірінші рет өтіп жатқан форум үшін үлкен мәртебе, әрі еліміздің күннен-күнге дамып келе жатқандығының айғағы болса керек.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
19 мамыр 2018 ж. 1 282 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930