Қызылорда қаласында Сенат депутаттығына үміткерлермен кездесу өтті
Биыл 25 сәуірде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Қызылорда облысынан шығып қалған депутатының орнына сайлау өтеді. Соның аясында дүйсенбі күні қалалық мәслихатта Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттармен кездесу өтті.
Кездесуге облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, ардагерлері кеңесі, қалалық жастар ресурстық орталығы басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
ҚР сайлау заңнамасына сәйкес, Сенат депутаттары жасырын дауыс беру арқылы жанама сайлау құқығы негізінде сайланады. Ал жанама сайлау құқығы Парламент Сенатының депутатын сайлауға дауыс беруге тек сайлаушылар ретінде мәслихат депутаттары ғана қатысатынын білдіреді.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына үміткерлер Наурызбай Байқадамов, Алмасбек Есмаханов, Абайбек Жүнісов сөз сөйледі. Үміткерлер жиынға қатысушыларға өздерінің сайлау алды бағдарламаларын таныстырды. Сондай-ақ, депутаттар тарапынан қойылған сауалдарға жауаптар берді.
Кездесуге қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев төрағалық етті.