Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 1000 АЙДАН ДА ҚАДІРЛІ: КЕШІРІМ МЕН МҮМКІНДІК АЙЫ

1000 АЙДАН ДА ҚАДІРЛІ: КЕШІРІМ МЕН МҮМКІНДІК АЙЫ

Мұсылман қауымы үшін жылдың ең қасиеттісі әрі берекелісі болған Рамазан айының да аяқталуына санаулы күндер қалды. Алланың мейірімі төгіліп, жұмақ есіктері айқара ашылып, сауаптар еселеніп жазылатын шарапаты мен шапағаты мол бұл уақыттың маңызы мүлде бөлек. Рамазан – тәрбие мен рухани өзгерістердің айы. Бұл – пейілдердің кеңейіп, мейірімнің көбейетін, иманның жаңарып, ізгіліктің таралатын қасиетті уақыты.
Айлардың сұлтаны деп Рамазанды танысақ, түндердің ең қасиеттісі – Қадір түні. Қадір түнін – тағдыр түні деп бекер айтпайды. Қасиетті Құран аяттары түскен бұл түннің маңызын ислам ғұламалары Алла Тағала адамдардың келер жылғы тағдырын, яғни ризығы мен несібесін жазатындығымен байланыстырады. Сондықтан бұл уақытты құлшылыққа арнап, жақсы амалдарды көбейтудің маңызы зор. Осы тақырып төңірегінде, сондай-ақ жан мен тәннің рухани тазартушысы болған Рамазан айының қадірқасиеті жөнінде тереңірек ақпарат алу үшін Шиелі ауданының бас имамы Бақыт Ұлжаевпен сұхбат жүргіздік. Ол берекелі түнде жасалатын құлшылық турасында кеңестермен бөлісіп, бір ай көлемінде ауданда атқарылған игі шаралармен таныстырды.
– Бақыт Бахрамұлы, қасиетті Рамазан айы да санаулы күндерден соң аяқталмақ. Уақытын құлшылыққа арнап, Алладан әр ісінің қайырын сұрап, үздіксіз дұғада болған мұсылман қауымы енді Қадір түнін қарсы алуға даяр отыр. Бұл түннің дінімізде маңызы қандай?
– Ассаламуалейкум! Қасиетті Рамазан айында ұстаған оразаларымыз, жасаған құлшылықтарымыз қабыл болсын! Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Рамазан айында бір түн барын, бұл уақытта жасаған әрбір игі амалдар жеті жүз есеге дейін көбейетінін айтқан болатын. Бұл түн – Қадір түні. Қадір түнінің басқа түндерден қайырлы, қасиетті болу себебі, бұл айда Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Құран Кәрімнің алғашқы үзінділері түсірілген. Сондықтан Рамазанды айлардың сұлтаны деп білеміз. Биылғы Қадір түнінің уақыты көпшілік ғалымдардың мақұлдауымен Рамазан айының 27-түніне, яғни 5 сәуірден 6 сәуірге қараған түнге бекітіліп отыр.
Құран Кәрімде «Қадір» сүресі бар. Бұнда: «Біз оны (Құранды) Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан қайырлы. Ол түні періштелер және Жәбірейіл (а.с.) Раббыларыңның рұқсатымен барлық іс үшін түседі. Ол түн таң бозарып атқанға дейін мейірім мен есендік түні болмақ» делінген. Осының өзі бұл түннің аса маңызға ие екенін көрсетеді. Мың айдан да қайырлы болған бұл уақыт Рамазан айына сәйкес келеді. Бұған байланысты көптеген хадистер келген. Сол себепті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті арқылы мұсылмандарға қасиетті айдың соңғы он түнінде Қадір түнін күтуді, оның сауабын іздеп, уақытын құлшылықпен өткізуді насихат еткен.
– Бұл түнде қандай амалдар жасаған абзал? Қадір түнін мешітте өткізу қаншалықты дұрыс?
– Қадір түнін ізгі амалдарды еселеп, құлшылықпен өткізген дұрыс. Түнді құлшылықпен өткізген пенденің Жаратушысы алдында дәрежесі артады, тілеген дұғасы қабыл болады. Кейбір жастар Қадір түнінде ұйықтамау керек деп, уақытын қажетсіз нәрселерге жұмсайды. Бұл түннің маңызы, керісінше, барынша көп құлшылықғибадат етіп, жақсы амал жасауға асығуда жатыр.
Қадір түнінде жасалатын құлшылықтарды мешітте өтеу міндет емес. Дегенмен, түнін осында өткізіп, Хатым дұғасына қатысып, жамағатпен нәпіл намаздарын оқимын десе, адамның өз еркі. Бұл түні Шиелі аудандық орталық мешітінде қарилар медресесінде білім алған қарилар Құранды толық аяқтап, Хатым дұғасын жасайды. Сондай-ақ жамағат арасында викториналық сұрақтар қойылып, қасиетті түннің қарсаңында әртүрлі сый-сияпаттар таратылады. Мешітте Тарауих, Тасбих намаздары оқылады. Құлшылығын жамағатпен бірге орындаймын деушілер мешітке келуіне болады. Сондай-ақ жас балалардың үлкен кісілерсіз жалғыз мешітке келмеуін ескертудеміз.
– Қасиетті айдың аясында аудан көлемінде атқарылып жатқан игілікті істерге куәміз. Мешітте ұйымдастырылып, жүзеге асырылған сондай шаралар жөнінде толығырақ баяндап берсеңіз.
– Рамазан айында аудан бойынша бірқатар игі шаралар атқарылды. Өңірде орын тепкен мешіттердің алдына баннерлер ілініп, сауабы мол қайырлы айдың қасиетін айшықтайтын уағызнасихаттар жүргізілді. Мешіттерде келушілерге арнап күнделікті ауызашар дастарқаны жайылып, аудан тұрғындарына қызмет етіп жатыр. Ауылдық жерлерде де мешіттерде, үйлерде ауызашарлар берілуде. Ауылдық мешіттің имамдары халықпен тығыз байланыста қызмет атқарып келеді. Биылғы Рамазан айы Наурыз мерекесіне сәйкес келгендіктен, Наурыз жиындарын кешкісін ауызашарлар ретінде беру ұсынылған болатын.
Бұдан бөлек мұқтаж отбасыларға мешіт атынан азық-түлікпен көмек көрсетілді. Аз айлықты қанағат тұтып, қызмет етіп жатқан аудандағы барлық көше тазалықшыларына арнайы қайырымдылық жасалды.
Сонымен қатар орталық және ауылдық мешіттерде әр Тарауық намазының алдында «Отыз күнге отыз насихат» атты уағызнасихаттар ұйымдастырылды. Сол сияқты «Оразаны дұрыс ұстап жүрміз бе?» тақырыбында насихат жұмыстары жүргізілді.
«Ислам және отбасы» тақырыбында әйелдер арасында отбасы құндылықтары шарасы өтті. Сондай-ақ берекелі айдың аясында әйелдерге арналған дәрісхана ашылып, қолданысқа берілді.
Бұл ай Құран түсірілген ай болғандықтан, мешітке келіп, дәріс алушы шәкірттер арасында Құран жарысы өткізілді. Оның марапаты Алла нәсіп етсе, Қадір түнінде табысталатын болады.
Рамазан айында балалар да қуансын деген ниетте орталық мешіттің ұйымдастыруымен 200 балаға «Рамазан тәттісі» таратылды. Оның ішінде осында Құран үйреніп, ілім алып жатқан мешіт шәкірттері бар.
– Бұл Рамазан бұған дейінгілерден несімен есте қалды?
– Бұл Рамазанның бұған дейінгі Рамазан айларынан ерекшелігі біз жыл сайын мешіттерде Құран Хатым өткізетін, намазда тұрып, толық Құранды аяқтайтын қариларды басқа өңірлерден шақыртатынбыз. Былтырдан бастап Шиелі ауданының ҚМДБ-ға қарасты қарилар медресесінде, яғни өзіміздің медреседе білім алып, Құран жаттаған шәкірттеріміз Құран Хатым өткізіп жатыр. Олар тек кенттік мешіттерде ғана емес, ауылдық мешіттерде де Құран Хатым өткізуде.
Рамазан айы кезінде өткізілген облыстық Құран сайысында аталған аудандық қарилар медресесінің шәкірттері бір парадан 3-орын, үш парадан 2-орынға ие болды. Бүгінде алған білімінің нәтижесінде жоғары жетістіктерге жетіп жүр.
– Өткен реніштер кешіріліп, болашаққа жоспар құрылатын мүбәрак түннің қасиетін оқырман жақсы түсінді деп ойлаймын. Осынау ізгілік жайлап, құлшылық қабыл болатын берекелі айдың ерекше болу себебі неде?
– Рамазан айы – берекелі, қайырлы, жақсылыққа толы ай. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Рамазан айы келгенде, жұмақтың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері тарс жабылады және шайтандар кісенделеді», – дейді. Бұл айда адамдар көп жақсылық жасайды. Таң сәріден кешке дейін ораза ұстаған адам өзін күнәдан аулақ ұстайды. Бұл айда ауыз бекіткен адам мұқтаж адамдардың жағдайын түсініп, жүректерінде соларға деген жылулық оянады.
Рамазан айында ауызашар дастарқаны жайылып, шамасы келген кісілер зекет беріп, мұқтаж адамдарды қуантады. Бұл айда адамдар өздерінің пенде екенін түсініп, ағайын-туысты шақырып, бірге ауыз ашып, бір-бірінің амандығын біліп, қарым-қатынасын күшейтіп, қасиетті айдың келуімен құттықтайды. Рамазан айын ерекше берекеге толы деуіміздің себебі осында жатыр. Сондықтан үнемі жақсы тілекте, дұғада болған дұрыс.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Ағайын мен туысты мерекесі мен берекесі үйлескен басқосуда тоғыстырып, бір қауым елді имандылыққа ұйытқан сабырлық мерзімі бәрімізге қайырлы болғай. Қадір түнінде жасаған құлшылықтар мен ұстаған оразалар қабыл, Рамазан айы мүбәрак болсын!

Таслима ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ
08 сәуір 2024 ж. 119 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930