КОНГО-ҚЫРЫМ ҚЫЗБАСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте Конго-Қырым қызбасының алдын алу мәселелері талқыланып, құзырлы органдардың жұмыс бағыты айқындалды.
Аймақ басшысы профилактикалық залалсыздандыруды уақытылы жүргізіп, дайындық жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды тапсырды.
«Ауа райы жылынысымен кене арқылы кең тарайтын індеттің бірі – Конго-Қырым қызбасы. Өткен жылы облыста осы аурумен 48 адам тіркелген. Зертхана қорытындысымен оның 13-інен Конго-Қырым қызбасы анықталды. Індеттің алдын алу үшін облыстық бюджеттен қажетті қаржы бөлініп, көктем және күзгі маусымда залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Биыл да профилактикалық жұмыстарды белгіленген уақытта бастауды қатаң бақылауда ұстау керек. Мал қоралары таза болмаса, кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының сапасына кері әсер етеді. Сондықтан залалсыздандыруды бастамас бұрын елді мекендердегі мал қораларды механикалық тазалаудан толық өткізу қажет. Механикалық тазалауға бөлінген мемлекет қаржысының тиімді пайдаланылуын бақылауға алыңыздар. Уақ малды дәрілеуде тоғыту әдісі тиімді», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиында облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына кенеге қарсы залалсыздандыруды бекітілген кестеге сәйкес, сапалы жүргізу тапсырылды. Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасы Конго-Қырым қызбасын емдеуге қажетті дәрі-дәрмек қорын жасақтап, науқастарға дер кезінде медициналық көмек көрсетуге дайын болуы тиіс.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі