Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Конго-Қырым: 17 елді мекен қолайсыз аймақтар қатарында

Конго-Қырым: 17 елді мекен қолайсыз аймақтар қатарында

Сәрсенбі күні Шиелі ауданында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының таралуын алдын алу мақсатында дезинсекция жұмыстары бастау алды. Оған аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов, санитарлық эпидемиялогиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзада Әйтекеева, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары қатысты.
Көктем-күз айларында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу мақсатында елді мекендерде кенеге қарсы арнайы мекемелермен залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Қатер айтып келмейді десек те, кене шағу салдарынан ажал құшып жатқан жандардың қатары да жоқ емес. Бұл бағытта жыл сайын түрлі шаралар қабылданып, тиісті жұмыстар да атқарылып келеді.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Е.Апетов:
– Кент және ауылдық округ әкімдеріне, осы жүргізіліп жатқан жұмыстарды және мамандарға тиісті іс-шараларды нақты орындап, залалсыздандыру жұмыстарының уақытылы жүргізулеріне қолдау білдіруді тапсырды. Аудан аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының табиғи ошағында қоныстанған аудан тұрғындары мен ауылдық округтерде санитарлық тазарту жұмыстары бас­талды. Осы ретте, тиісті жауапты қызметкерлер нақты жұмыстар атқару қажет, – деді.
Біле жүрген жөн Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы аяқ астынан тез басталады. Басталуы кез келген вирустық инфекцияда болатын белгілермен сипатталады.
Мәселен, дене қызуының күрт көтерілуі, бас ауруы, тамаққа тәбетінің болмауы, буын мен белдің сырқырауы байқалады. Келесі күні лоқсуы, құсуы, іші өтуі, беті ісініп, қызаруы мүмкін. Ауру одан әрі дамыған жағдайда науқастың мұрнынан, қызыл иегінен, ине салған жерлерінен, ішектен, тағы басқа жерлерден қан кете бастайды, тері бөртпелері және тері астына қан құйылу арқылы көкала дақтар пайда болады. Мұндай жағдайлар байқалған жағдайда дереу дәрігердің көмегіне жүгінген абзал.
Санитарлық эпидемиялогиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзада Әйтекеева:
– Тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын күшейтіп, тұрғын үй аумағында жиналып қалған күл-қоқыстарды белгіленген қоқыс полигондарына шығару қажет. Осы арқылы дезинсекция жұмыстарының тиімділігі жоғары болмақ. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының негізгі тасымалдаушысы иксод кенелері. Сондықтан, адамдар арасында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы кенелердің белсенділігі артқан кезде жиі кездеседі. Барша тұрғындар сақтық шараларын сақтап, өздеріне абай болған жөн, – деді.
Айта кетейік, аудан көлемінде 17 елді-мекен қолайсыз аймақтар қатарына қосылған. Залалсыздандыру жұмыстарын «Сәтті түлік» ЖШС мамандары жүргізетін болады.

Дархан Ғалымжанұлы
18 қыркүйек 2023 ж. 255 0