Пияз 30 теңге: Қызылордада 2 аптада 370 тонна жуа сатылды
Маусымаралық кезеңнің аяқталуына орай 15 наурыздан бастап «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ның тұрақтандыру қорындағы бірқатар азық-түлік тауарларының бағасы төмендетілген болатын.
Арзандаған тауарлардың тізімінде басты пияз, қырыққабат, өсімдік майы, қарақұмық жармасы бар. Осы орайда 2 апта ішінде қоймадан жалпы көлемі 439 тонна азық-түлік өнімі босатылды. Оның ішінде бас пияздан 367,3 тонна сатылса, 49,7 тонна картоп және 22 тонна сәбіз өңірлік тұрақтандыру қорынан босатылған.
«Бүгінде біз маусымаралық кезеңнің аяқталуына сәйкес бас пияздың бағасын 30 теңгеге төмендетіп отырмыз. Осыған сәйкес, 2 апта ішінде қала және аудандардан түскен сұранысқа сәйкес 370 тонна жуамыз сатылып отыр. Тұрақтандыру қорынан босатылған бұл өнімдер әр аудан мен қаламызда жәрмеңкелер арқылы халыққа төмен бағада сатылуда», - деді тұрақтандыру қоры басқармасының басшысы Мейрамбек Серікбай.
Айта кетейік, бүгінде корпорацияның ұйымдастыруымен қаламыздағы “Сыбаға” базары мен жылжымалы көлік арқылы басты пияз тұрғындарға 30 теңгеден сатылуда. Мұнан бөлек, қаладағы 37 әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда үйлерінде және 14 үй жанындағы дүкендерден тұрақтандыру қорының өнімдерін төмен бағада алуға мүмкіндік жасалынған.