“МЕНІҢ БАУЫРЫМ”: ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСТАМАСЫМЕН ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛҒАН ЖОБА СЫР ӨҢІРІНДЕ
Кеше облыс орталығындағы 264 мектеп-лицейінің базасында Оқу- ағарту министрлігінің “Менің бауырым” атты жобасы өз жұмысын жүргізді. Семинар жұмысын басқарма басшысы Есжанов Асқарбек Темірбекұлы ашып, жобаның маңыздылығына тоқталып өтіп, семинар жұмысына сәттілік тіледі.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрбір кездесулерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі болып табылады, жастарды адал азамат ретінде тәрбиелеу, олардың бойына ізгілік құндылықтарын сіңіруге баса назар аударуымыз тиіс деп айтуда. Осы мақсатта қолға алынған “Менің бауырым” әлеуметтік еріктілер жобасы өңірдегі жасындай жарқылдаған жастарға үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.
Атап айтар болсақ, қала мектептерінің басын қосқан “Менің бауырым” әлеуметтік еріктілер жобасы балалардың құқықтарын қорғауға және балалық шаққа қатысты жобаларды тиімді басқаруға, мектеп оқушыларының қауіпсіз ортада білім алуына, қолайлы жағдай жасауға және тәрбиелі, саналы, білімді ұрпақтың қалыптасуына бағытталған.
Бүгінгі семинарға облыс орталығындағы барлық мектептердің ұстаздары, олардың ішінде тәрбие жұмысына тікелей қатысты мамандар, Қызылорда қаласындағы 43 мектептің 200 жуық ұстаздары арнайы семинар мен тренингтерінен өтті.
Мұғалімдер мұнан не ұтты деген заңды сауал туындайтыны анық. Мұғалімдер аталмыш семинар-тренингтен білім беру кеңістігінде оқушылардың өзара қарым-қатынас мәдениетін жақсарту, балалардың салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңыздылығы, мектептің тәрбие үдерісінде әлеуметтік жобаларды әзірлеу және оны жүзеге асырудың әдіс-тәсілдерін меңгерді.
Қазіргі таңда аталмыш жоба Астана, Алматы және Қарағанды, Жетісу өңірлерінде де жүзеге асырылуда.
Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі