Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП»: 21 МЕКТЕП ЖӘНЕ 12 300 ОРЫН

«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП»: 21 МЕКТЕП ЖӘНЕ 12 300 ОРЫН

«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды» деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында.
Бұл ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасайтындығын, осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі толық шешілетіндігін атап көрсетті. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Қазіргі таңда ауыл мектептерінің деңгейі біртіндеп қала мектептерімен теңестіріліп келеді. Ғаламтордың қолжетімділігі, кітап қоры мол кітапханалар, мектеп ішіндегі арнайы дәретханалар, ішкі және сыртқы бейнебақылаудың болуы, жайлы оқу кабинеттерінің болуы ауыл мектептерінің сапасын арттырып отыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысы мектеп формасын барлық оқушыға қолжетімді ету аса маңызды екенін айтты. Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын кейбір топтағы балаларға мектеп формасын бюджет есебінен беру де қарастырылған. Өз кезегінде бұл көптеген отбасыларға көмек болар еді.
Ұлттық жоба аясында Сыр өңірінде 12 300 орындық 21 ­заманауи білім ошағы бой көтеруімен басталмақ. Биыл 10 мектептің құрылысы басталған. Қалған 11-і алдағы уақытта еңсе тіктейді. Айта кететіні, аймақта дарынды балаларды қолдау саясаты өз деңгейін жүзеге асырылуда.
Шаһардың сол жағалауынан құны 7,9 млрд теңгені құрайтын 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернатының құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек биыл «ҚазГерМұнай» компаниясының қаржылай қолдауымен 350 орындық заманауи «Оқушылар сарайының» құрылысы басталғанын білдік. Өздеріңізге мәлім, жыл соңында Қызылорда қаласында 600 орындық және Жаңатұрмыста 250 орындық екі жаңа мектеп ел игілігіне қолданысқа берілген-ді.
Жайлы мектептің жаңалығы көп. Мәселен, жаңа оқу жылында облыс орталығындағы 4 білім ұясының жанынан 1850 орынға лайықталған жаңа қосымша ғимараттар бой көтерді. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін 30 жаңа автобус сатып алынған. Бала қауіпсіздігі қашанда басты назарда. Оған аймақтағы білім беру ұйымының бейнебақылау жүйесімен жүз пайыз қамтылғаны дәйек. Қоса кеткен жөн, биыл Қызылорда қаласы және аудан орталықтарында орналасқан оқушы және персонал саны 700-ден асатын 106 мектеп, 7 оқушылар үйі, қаладағы 28 балабақша лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілген. 47 мектепті жаңғыртудан өткізуге 529,5 млн теңге бөлінсе, оның 484,1 млн теңгесіне 63 жаңа модификациялық кабинеттер сатып алынғаны тағы бар. Бұл - жас ұрпақтың саналы тәрбие, сапалы білім алуы үшін мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан ауқымды жұмыстардың бірі. Ел бойынша екі жылға жоспарланған жұмыстардың жүйелі жүзеге асырылатынына - уақыт төреші.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
26 желтоқсан 2023 ж. 437 0