Шиелі ауданының тынысы – Үкімет назарында
Өткен апта соңында жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Шиелі ауданына қарасты ауылдарға табан тіреп, мектептер мен ауданаралық ауруханаға бас сұқты. Жалпы ауданда 6 апатты мектеп бар. Биыл соның үшеуі шешімін таппақ.
Үкімет басшысы орынбасарының іс-сапары «Иіркөл» ауылдық округіне қарасты Жансейіт ауылындағы мектептен басталды. Іргетасы 1979 жылдары қаланған бұл ғимарат шын мәнінде апатты жағдайда тұр. Пайдалануға берілгеніне 44 жылдан асқан. Ескіні жамай бергенше, жаңа мектеп салынғаны абзал. Ауыл тұрғындарының да тілегі сол. Бүгінде бұл ауылда 80 түтін бар. 423 адам тұрады. Білім ошағында 6 сынып бөлмесі, мұғалімдер бөлмесі мен медициналық кабинет бар. Ал асхана мен акт зал, спорт зал атымен жоқ. Мектеп оқушылары 2 ауысымда оқиды. Бүгінгі таңда 90 оқушы білім алуда. Елді мекенде 6 жасқа дейінгі 70 бала бар. Демек, алдағы уақытта оқушылар саны артпақ. Сол үшін мұнда жаңа білім ұясын салу қажеттілігі басым.
Алтай Сейдірұлы жұмыс сапарын «Жаңатұрмыс» ауылдық округі, Байсын ауылында жалғастырды. 250 орындық №207 мектеп құрылысын көрді. Екі қабаттан тұратын мектеп ғимаратын бас мердігер – «Авангард ПГС» ЖШС салуда. Құрылыстың жалпы құны – 942,5 млн теңге. Бүгінде жұмыстың 60 проценті біткен. Бірақ қаржының жетіспеушілігіне байланысты жұмыстың тұралап қалу қаупі жоқ емес. Бұл мәселеге орай тиісті шаралар қаралатын болды. Айта кетейік, қазіргі таңда бұл елді мекенде 185 үй мен 1068 адам тұрады.
Жоғарыда ауданда алты апатты мектеп барын айттық. Солардың қатарында №45 Ақ Орда мектеп-гимназиясы бар. Мекеме 1922 жылы ашылып, 1958 жылы бейімделген жобадағы мектеп ғимаратына көшіріліпті. Сыйымдылығы 640 орынды құрайтын білім ошағында 777 оқушы білім алуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында Үкіметке «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жолға қоюды тапсырды. Яғни, «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады», – деген болатын. Бұл мәселеге қатысты үкімет басшысының орынбасары А.Көлгінов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында апатты мектептер шешімін табатынын жеткізді. Сондай-ақ биыл «Білім беруді қолдау қоры» есебінен Қызылорда облысында 5 мектеп салынатыны мәлім болды. Оның ішінде дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты да бар.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары ауданға сапар кезінде Шиелі орталық көпбейінді аудандық ауруханасының жайымен танысты. Қызмет тарихы бір ғасырдан асатын аталған мекеме 1974 жылы «Бәйгеқұм» ауылынан көшіріліп, Шиелі аудандық ауруханасы болып қайта құрылады. Білікті де білімді дәрігер Нұрлан Әмір басқаратын аурухана жаңадан 2019 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі таңда 271 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 41 дәрігер, 127 медбике, 63 техникалық және тағы басқа қызметкерлер бар.
Іс-сапар соңында Алтай Сейдірұлы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны бой көтеретінін жеткізді. Бүгінде Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емхана және онкологиялық көпбейінді аурухананың құрылысы басталған. Жобаны жалпы құны – 36,4 млрд теңгені құрайды.