Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЫР ДОДАСЫНДА ТОП ЖАРДЫ

ЖЫР ДОДАСЫНДА ТОП ЖАРДЫ


Жақында Қызылжар төрінде республикалық айтыс өтті. Додада жерлесіміз, айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан бас жүлдені қанжығасына байлады.

​​​​Айта кетейік, Қызылжар халқының қара өлеңге ықыласы ерекше. Жыл сайын бұл өңірде аламан айтыстар өткізіліп тұрады. Ал залға жиналған сөзұғар көрермен – оның дәлелі. Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған «Ұлы күні Ұлыстың, басы болсын ырыстың» атты айтысқа елге белгілі 14 ақын қатысты. Айтыстың ерекшелігі, әр жұпқа жеке-жеке тақырып беріліп, мерейтойлы тұлғалар жырға қосылды.

Жыр жүйріктері кезек-кезегімен Біржан сал Қожағұлұлы, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, Шәкен Айманов, Сағадат Нұрмағамбетов, Рақымжан Қошқарбаев, Сәкен Жүнісов, Ерік Асқаров сынды мерейтой иелерімен қатар, салт-дәстүр, мейірімділік, көші-қон, тәрбие, бірлік, ұлттық киім және спорт тақырыптарында жыр өрді. Нәтижесінде, қатысқан барлық ақындарға 300 мың теңгелік ынталандыру сыйлығы берілді. III орынның 400 мың теңге жүлдесі Иранғайып Күзембаев, Жарқын Жұпархан, Айым Асылбекқызы, Хазірет Бердіханға бұйырды. Ал II орынға Нұрбол Жауынбаев пен Мақсат Ақанов тұрақтап, 600 мың теңгеден жеңіп алды. I орынның 1 млн теңгесін Төлеген Жаманов еншіледі. Бас жүлденің 2 млн теңгесі екі айналымда да көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген Мейірбек Сұлтанханға лайық деп саналды. Ендеше, еліміздің әр өңірінен келген жүйріктер жарысында алдыңғы қатардан көрінген Мейірбек ақынды жеңісімен құттықтаймыз!

Айнұр ИБРАШЕВА

27 наурыз 2024 ж. 86 0