Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұрлан Биімбет: «Нарықта 35 компаниямен байланыс орнаттық»

Нұрлан Биімбет: «Нарықта 35 компаниямен байланыс орнаттық»

Kyzylorda-news.kz «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын иелену оңай емес. Оған озық ой мен тың идея керек. Жеңіске жеткеннің өзінде жобаның тамырына қан жүгірту маңызды. Мақсат мардымды, нәтиже нанымды болмаса құр қисаптан түк шықпайды. Ал сырбойылық жас Нұрлан Биімбет дарынын дәлелдеді. Жоба-жоспары да жүйелі.
– «Ақпараттық технология» бағыты бойынша Qmed бағдарламасын әзірледіңіз. Мұның мақсаты мен медицинаға ықпалы жайында сөз қозғасаңыз…
– Адамның денсаулығы – қоғам байлығы. Сондықтан жоба науқастың жағдайын жақсарту, саулығын қадағалау мақсатында жасалды. Qmed – созылмалы ауруларды өзін-өзі бақылауға арналған мобильді платформа. Салмақ, қан қысымы өлшеміне байланысты сауалнама жүргізіледі. Берілген жауап бойынша науқастар аурулар мен аймақтарға автоматты түрде бөлінеді. Ол жасыл, қызыл және сары аймақ. Жағдайға байланысты уақытылы дәрі-дәрмек қабылдау бойынша да нұсқаулық беріледі. Бұл мәліметпен медбике де хабардар болып, сол бойынша ем тағайындайды. Сондықтан медицина үшін пайдалы платформа екені анық.
Күйбең тірлікпен көбі денсаулыққа мән бермейтіні рас. Ал, бұл соның алдын алады. Яғни смартфоннан жағдайын бақылап, өмір сапасын жақсартуға мол мүмкіндік. Күтілетін нәтиже де жаман емес. Асқынуларды ерте болжау арқылы науқастың ауруханаға жатуы мен өлім-жітім деңгейін азайтады.
– Көптеген байқауда қомақты қаржы бөлінеді. Дегенмен «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауының артықшылығы қандай?
– Байқаудың басталатынын интернеттен көрдім. ІТ саласында 4 жыл жүргеннен кейін, жеңіске жететініме сенімді болдым. Сондай-ақ, бұл мемлекет басшысы тағайындаған грант, республикалық деңгейде өтетін байқау болғаннан кейін әділ өтетініне үміт арттым. Негізгі артықшылығы да осы деп білемін. Осы уақытқа дейін іс-шараларға қатысып, көптеген жобаны жүзеге асырдым. Қабілетімді шыңдап, тәжірибе жинап келемін.
Елімізде дарынды, білімді жас көп. Қарсыластар да осал еместігін байқатты. Қателеспесем, жобаға 3 мыңнан аса өтініш түскен. Жалпы грант саны 30. Бес бағыт бойынша 6 гранттан бөлінді. Кіл мықтының арасында көш бастап, жеңіс тұғырынан көрінгеніме қуаныштымын. Осы жобаның басы-қасында жүріп, қолдау көрсеткен әріптестер, команда бар. Сондықтан, бұл – ортақ жеңіс.
Иә, қомақты қаржы бөлінеді. Маңдай тер мен еңбек ақталып, бұған да қол жеткіздік. Әрі мұны орнымен пайдаланбақшымыз. Стартап компания болған соң команданы жалақымен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар қаржы техникалық құралдарға да жұмсалмақ. Алдағы уақытта әлем деңгейінде жұмыс істейтін алып компания болсақ деген ниет бар. Ел дамуына үлес қоссақ басты жетістік осы.
– «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлегісіз. Негізгі мамандығыңыз қандай? Ал «qBots» компаниясының негізін қалаушы ретінде не айтасыз?
– Иә, Ресейде мемлекеттік қызмет және корпоративтік персоналды басқару мамандығы бойынша білім алдым. Осылайша 2018 жылы магистратураны тәмамдадым. Елге оралған соң мамандығыммен Алматы қаласының әкімдігінде 1 жыл қызмет атқардым. Жұмыс істеп жүріп, жобамен қосымша айналыстым. 2020 жылдан бастап ІТ саласына қызығушылық танытып, бірқатар жобаны қолға алдым. Соның бірі – «qBots». Қазіргі таңда 10 шақты қызметкер бар. Бірлесе отырып, 70-тен аса жоба әзірледік. Нарыққа енгеннен 30-35 компаниямен байланыс орнаттық. Техникалық қызмет көрсетіп, тиісті төлемді аламыз. Алғашында телеграм ботты жасақтасақ, қазір бірнеше бағдарламаны іске қосу жоспарда бар.
– Сұхбатыңызға рақмет!
23 наурыз 2024 ж. 116 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930