НАУРЫЗНАМА: ШАҢЫРАҚ КҮНІ
Шаңырақ – киіз үйдің ең жоғарғы әрі маңызды бөлігі. Киіз үйдің шаңырағы тұтас үйді біріктіріп тұрады. Күмбез тәрізді дөңгелек шеңбер. Шаңырақтың қызметі киіз үйге жарық түсіріп, пештен шығатын түтінді сыртқа шығарады. Қазақ халқы үшін «шаңырақ» сөзі қастерлі ұғымды білдіреді. Жаңа үйге қоныстанған адамға «шаңырақтарың шаттыққа, іші жанға, сырты малға толсын» десе, ал жас жұбайлар отау құрғанда «шаңырақ көтерді, шаңырақтарың биік болсын» деп тілек айтады. Ол – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани және материалдық құндылық.
Биылғы Әз-Наурыз мерекесі елімізде жаңа бір үлгіде аталып өтілуде. Қабылданған тұжырымдамада арнайы күнтізбе бекітіліп, «Наурызнаманың онкүндігі» ұлттық құндылықтар мен мәдениетімізді, ынтымақ пен салт-дәстүрді жаңғыртуға үлкен ықпал етіп отыр. Әр күні жекелеген тақырыптар аясында, елімізде түрлі іс-шаралар өткізіліп, тойлануда.
Наурызнаманың онкүндігі аясында 17 наурыз «Шаңырақ күні» болып бекітілді. Осыған орай Бәйгеқұм ауылдық округінде клуб үйінің ұйымдастыруымен «Ұлағатты отбасы – ұлт құндылығы» атты мәдени танымдық кеш өтті. Жиында ауылдың ақ жаулықты әжелері жас келіндерге ұмытылып бара жатқан салтдәстүрлерді насихаттап, Ұлттық тағамдарды қалай дайындау қажет екенін көрсетті. Клуб үйінің алдына ауыл жастарымен бірге тал отырғызып, шараның жалғасы мерекелік концерттік бағларламаға ұласты.
Алдымен, ауыл әкімі Дәулет Сейітқалиұлы атаулы мерекемен құттықтап, қазақ үшін шаңырақтың қадір-қасиеті өте жоғары екенін жеткізді. Клуб меңгеруші Орынкүл Асылбекқызының жетекшілігімен құрылған, 17 жылдық тарихы бар «Ақ әжем – алтын қазынам» әжелер ансамбілі халық әндерін нақышына келтіріп орындады. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін көрініс қойылып, өнерлі келіндерден құралған «Әдемі-ай» ансамблі көрермен көзайымына айналды.
Бұл айтулы мерекені ескерусіз қалдырмаған клуб меңгерушісі Орынкүл Асылбекқызының мәдениет саласында еңбек еткеніне биыл 36 жыл. Қажырлы қайрат, адал маңдай тердің арқасында, үйірмеге қатысушы шәкірттері қолөнер, би, ән айту бағыттары бойынша облыстық, республикалық сайыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Иә, сонымен дәстүрімізді ұлықтап, өскелең ұрпаққа үлгі еткен танымдық кеш жоғары деңгейде аяқталды.
М.ИБРАГИМОВ