АҚШ-та TikTok-қа тыйым салатын заң қабылданды
АҚШ конгресінің Өкілдер палатасы қытайлық TikTok мобильді қосымшасына бүкіл ел бойынша тыйым салатын заң жобасын мақұлдады, деп хабарлады turkystan.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Құжатты 352 конгрессмен қолдаса, 65-і қарсы шыққан. Заң жобасына сәйкес, интернет-платформаның иесі ByteDance алты ай ішінде TikTok-ты сатуы керек. Әйтпесе, әлеуметтік желі барлық қолданбалар дүкендерінен жойылады.
Заң шығарушылар TikTok АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді деп алаңдап отыр. Себебі, қосымша Қытай үкіметімен өз пайдаланушыларының құпия деректерін бөліседі.
Былтыр наурызда АҚШ конгресінде TikTok әлеуметтік желісі басшысының қатысуымен жиын өтіп, демократтар мен республикалықтар бұл әлеуметтік желінің қауіпсіздігіне күмән келтіретін айтты. Заң шығару органдарының өкілдері Бейжіңдегі ByteDance компаниясы TikTok әлеуметтік желісін пайдаланушылардың жеке деректерін Қытай билігіне жеткізеді деп қауіптенетінін мәлімдеді. Ал бұл АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін.
«TikTok америкалық құндылықтарға ие америкалық компанияға айналып, платформа Қытай коммунистік партиясымен байланысын үзуі керек, - деген еді конгресс депутаты Даррен Сото.
TikTok платформасының бас директоры Шоу Цзы Чу АҚШ конгресінде өткен жиында «Біз Қытайдың компартиясымен жұмыс істемейміз, оларға барлаушы қызметін атқармаймыз» деп ақталды.
«Біріншіден, біз желі қолданушылар арасында жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мән береміз. Екіншіден, АҚШ азаматтарының жеке деректері сырттан ұрланбау үшін жіті бақылау жүргіземіз. Үшіншіден, біз үкімет тарапынан TikTok-ты басқаруға немесе оның жұмысына араласуға жол берілмейді деп уәде етеміз», - деген болатын. Шоу Цзы Чу.
Айта кету керек, бүгінде платформаны 170 миллионнан астам американдықтар пайдаланады.