Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫЗЫЛ АЯҚ ҚАН КЕШКЕН ҚАҺАРМАНДАР

ҚЫЗЫЛ АЯҚ ҚАН КЕШКЕН ҚАҺАРМАНДАР

Ұлт тарихында қазаққа небір зұлмат әкеліп, елді дүрліктірген кезеңдер аз болған жоқ. Ұзақ уақыт арпалыспен өтіп, жүздеген жас өреннің өмірін жалмаған сондай оқиғалардың бірі — Ауған соғысы. Бұл күн тарих беттерінде көңілде сыз, жүректе із қалдырған ауыр күндердің бірі болып қала бермек.

Осы тақырыпты негізге алып, жат жерде жауынгерлік танытқан батырларды ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған патриоттық шара сейсенбі күні аудандық Жастар ресурстық орталығында өтті. Шиелі аудандық мәдениет және спорт бөлімінің «Нартай өнер үйі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны және аудандық қоғамдық даму бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-мен бірлесе жоспарланған кездесу «Ел еңсесі ерлікпен» тақырыбында жүргізілді. Аталған шараға Ауған соғысының ардагерлері Өркенбай Нагметұлы, Қайрат Әбутәліпұлы, Дүйсенбек Махатұлы, Нұрғазы Әбуұлы және Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің студенттері қонақ болды. Жиын барысында ардагерлер кезекпен сөз сөйлеп, соғыс алаңында қаза тапқан майдандастарын үнсіздікпен еске алды. Сондай-ақ Ауған даласында болған оқиғаларымен бөлісіп, жас сарбаздарға тілек білдіріп, жылы лебіздерін жолдады. – Құрметті жастар! Ел ертеңі, егемен даламыздың ендігі қорғаушылары сендерсіңдер. Бойларыңда қайнап жатқан намыс болсын. Ештеңеден қорықпаңдар. Спортпен айналысыңдар. Отандарыңды сүйіңдер. Біз сіздерге сенеміз! – дейді ақсақалдар. Жас сарбаздар жылы жүздесуде Ауғаннан аман қайтқан батырлардың ерлік істеріне қанық болып, оларға құрмет білдірді. «Дұшпанға қарсы оғын ата алғандар, Қызыл аяқ қан кешкен қаһармандар» деген нотада жалғасын тапқан кездесудің көркін ауданымыздың бірқатар өнерпаздары әрі қарай қыздырды. Ержан Әміров, Бағдат Тойманов, Сәбит Абжапбаров, Нұрберген Оспанов және Әсем Мажит секілді өнер иелері қазақтың қара домбырасымен қонақтарға әншашу ұсынды. Жиын соңында салтанатты шараның жүргізушісі Ынтымақ Боранбайұлы Ауған жерінде қару асынып, мұң арқалаған сын сағаттарда бірін-бірі бауыр дескен азаматтарға алғыс білдіріп, оларға ұзақ ғұмыр тіледі. Еске салсақ, он жылға созылған Ауған соғысына КСРО елдерімен қатар Қазақстаннан 22 мың сарбаз Отан алдындағы міндетін атқаруға аттанып, олардың 924-і қан майданда ерлікпен қаза тапты. Соның ішінде Шиелі өңірінен 50-ден астам жауынгер соғысқа аттанған болса, 2 азамат бақилық болды. Биыл осы бір қиын кезеңнің аяқталып, кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толып отыр. Бүгінде сұм соғыстың зардабын тартқан ардагерлеріміздің ортамызда азы қалды. Сондықтан осынау ойранда ержүректік танытқан батырларға деген сыйқұрмет ешқашан жоғалмауға тиіс.

Таслима ӘЛІШЕР
18 ақпан 2024 ж. 147 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930