Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Биыл қандай тұрғын үй бағдарламалары болады?

Биыл қандай тұрғын үй бағдарламалары болады?


көрнекі фото: Halyq Uni

2024 жылғы баспана нарығындағы басты жаңалық «9-20-25» ипотекалық бағдарламасы болмақ. Соңғы уақыттары жиі талқыланғанына қарамастан бағдарламаны жүзеге асыру тетіктері әлі белгісіз. Әзірге Үкімет тек қажетті қаражат көлемін ғана жариялады. Оған жыл сайын 150 млрд теңге керек. Нәтижесінде 8 мың отбасы немесе адам ипотека алады. Бағдарламаны іске қосу үшін 100 млрд теңгені нарықтан, қалған 50 млрд теңгені «Отбасы банк» таза табысынан бөлуі керек.

«ЖЫЛЫНА 8 МЫҢ НЕСИЕ – ТЫМ АЗ»
Сарапшылар бағдарламаның нақты тетіктері анықталмай жатып-ақ сынға алып жатыр. Қаржы сарапшысы Жеңіс Шәріпұлының айтуынша, бұл бағдарлама аясында жылына 8 мың несие беру өте аз екенін айтады. Өйткені, біздегі банк жүйесі бір жылда 100 мың несие береді. Оның 60-70% «Отбасы банк» еншісінде.

Макроэкономикалық тұрғыда айтсақ, жыл сайын адам саны 300 мыңға көбейеді. Ал беріп отырған несиеміз 100 мың ғана. Сонда кемі 200 мың несие болу керек. Ал әлгі айтып отырған 8 мың несие жылдық қажетті мөлшердің 4-ақ пайызы. Тым аз. Оның үстіне, «Отбасы банкінің» есептерін салыстырып қарасақ, былтырғы 11 айдағы көрсеткіш алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда берілген несие саны шамамен 20 мыңдай аз. Алдыңғы жылы шамамен 75 мыңдай болса, былтыр 55 мыңға дейін түсіп қалған, - дейді сарапшы. 

Сарапшының сөзінше, «Отбасы банкінің» аралық қарыз (50/50%) деген өнімі жалпы нарықтың жартысын алып отыр. Ол несиеге көбінің қолы жетпейді, себебі оған үй ақысының жартысын жинау керек. Оны алатындардың көбі – бар пәтерін сатып ақша салып отырғандар немесе байлар. Оның үстіне, басқа баспана ипотекасы несиелері де азайған. Бұл да ипотекалық несиеге деген сұранысты арттыра түседі.

Одан бөлек, әлеуметтік санаттарға арнап шығарылған баспана бағдарламалары да мүлде жеткіліксіз дер едім. Жыл сайын берілетін несие саны 3 мыңнан аспайтын шығар. Елімізде баспана нарығында жылына 2 трлн теңге несие беріледі. Ал «Отбасы банкінің» депозит портфелі қазір 2,2 трлн теңге. Өте аз. Толық қамту үшін банктің депозит портфелі кемі 5 трлн теңге болу керек, - дейді сарапшы.

Сондықтан 200 мың несие беру керек болған соң, Үкімет оған субсидия жасау керек деген пікірде. Себебі, «9-20-25» бағдарламасына қажет қаражаттың 100 млрд теңгесін нарықтан және 50 млрд теңгесін «Отбасы банкінің» капиталынан алмақ. Сарапшы бәрібір ақшаның жеткіліксіз болатынын айтады және бұл бағдарламаның ұзақ уақытқа созыларына күмәнмен қарайды.
Сарапшы қазіргі бүкіл банктегі депозит портфелінде жатқан 30 трлн теңгенің есебінен нарықтың ипотеканың тек пайыздық мөлшерлемесін ғана субсидиялауды дұрыс шешім деп санайды. Ондай жағдайда қаражат та аз кетеді, несие алушыларға да пайдалы. Мәселен, нарықтағы 18,5%-дың 7,5%-ын субсидиямен жапса, жылына шамамен 500 млрд теңгедей кетеді. Есесіне, несие беру көлемі 100 мың адамға артық болады.

ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІНДЕГІ ЖҰМЫСШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН ИПОТЕКА
Жуырда Мәжілістегі Respublica партиясы фракциясының депутаттары өңдеу өнеркәсібіндегі жұмысшылар үшін жаңа ипотекалық бағдарлама әзірлеуді ұсынды.

Біз бизнеспен бірлесіп, «Әскери баспана» бағдарламасына ұқсас жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама әзірлеуді ұсынамыз. Бұл бағдарлама өңдеуші өнәркәсіп саласындағы жұмысшыларға арналады, - деді депутат Динара Шүкіжанова.

Сол арқылы жұмыс орындарын сақтап, өңдеу өнеркәсібі саласына білікті кадрларды тартуға болады деген пікірде. Ол үшін өңдеу өнеркәсібі саласының жұмысшыларына арнап өнеркәсіптік ипотекалық бағдарлама әзірлеуді ұсынып отыр. Онда пайыздық мөлшерлемені 6% деп белгілеп, баспананың құнына байланысты алғашқы жарнаны – 15% деңгейінде бекітуді ұсынады.

Алайда депуаттардың бұл бастамасы да әуелден-ақ сарапшыларға жақпай отыр. Өйткені, инфляция бәсеңдеп жатқанда мұндай бағдарлама шығару қисынсыз екенін айтады. Қаржы сарапшысы Эльдар Шамсутдинов бір кездері бірқатар ірі компанияның осындай бағдарламалар жасағанын, бірақ олар жиі қолданылмағанын жазды, әрі бизнес те мұндай жобаға ақша салғысы келмейді.  
Сонымен бірге, өнеркәсіп бизнесі атынан мемлекет ақшасына жеңілдетілген бағдарлама жасауды керемет идея деп санамайды. Соның нәтижесінде салынатын үйлердің сапасы нашарлап кетуі мүмкін. Оның үстіне, үйлерді өнеркәсіп нысандарының маңайында салу қажет, ал ол төңіректе үй салатын жағдай жасалмаған.

«7-20-25» ЛИМИТПЕН ЖАЛҒАСА БЕРЕДІ
Ұлттық банк жариялаған биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша, «7-20-25» бағдарламасы арқылы 967,9 млрд теңге көлемінде 71 320 қарыз берілген. Бағдарламаға келер жылы да 100 млрд теңге ғана бөлінеді.

2022 жылға дейін кемі 150 млрд теңге беріліп келген бағдарлама өзгертіліп, 2029 жылға дейін жылына 100 млрд теңге ғана лимит қойылған еді. Ал биылғы 100 млрд толық игерілмей қалған қалдық болса, ол 2024 жылдың бюждетіне өтпейді.
Бұдан бөлек, әлеуметтік санаттарға арналған, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын «Бақытты отбасы» (2-10-20) және «Нұрлы жер» (5-10-20) бағдарламалары бар. Оларға тек әлеуметтік осал топтағы азаматтар ғана қатыса алады. Ол үшін мынадай екі негізгі шартқа сай болу керек:
  • соңғы 5 жылда жеке баспанасы болмау керек;
  • тұрғын үйге мұқтаждардың тізімінде, яғни әкімдік кезегінде тұру керек.
Сондай-ақ, «Отбасы банкінің» барлық ипотекалық өнімін мына сілтемеде көруге болады.
03 қаңтар 2024 ж. 196 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930