Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Маған қарсылас табу қиын – Шавкат Рахмонов

Маған қарсылас табу қиын – Шавкат Рахмонов


Фото: Chris Unger/Zuffa LLC

Аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов АҚШ-тың Лас-Вегас қаласына америкалық Стивен Томпсонмен айқасқа келді.

Бұл жекпе-жек 17 желтоқсанда Лас-Вегаста UFC 296 турнирі аясында болады. Бүгін қарсыластар жекпе-жек алдында салмақ өлшеу рәсімін өткізіп, көз түйістірді.

Шавкат ММА-де өткізген 17 жекпе-жегінің барлығында жеңген. Бүгінде ол UFC-де жартылай орта дивизионда бесінші орында тұр. Соңғы жекпе-жегін наурыз айында UFC 285 турнирінде Джефф Нилге қарсы өткізді. Сол кезде 29 жастағы отандасымыз қарсыласын үшінші раундта «қылқындыру» әдісімен жеңді.

Енді ол 17 желтоқсанда 40 жастағы америкалық Стивен Томпсонмен жекпе-жекке шығады. Томпсон да оңай шағылатын жаңғақ емес. Ол 24 рет октогонға шығып, 17 рет жеңіске жеткен. Соның 8-ін нокаутпен жеңсе, 6 айқаста төрешілер Томпсонды жеңімпаз деп таныған. Ал бір жекпе-жекте америкалықтың қарсыласы жеңілуге мәжбүр болған. Бір айқасты тең аяқтаған.

Осы күні орта салмақтағы британиялық Леон Эдвардс пен америкалық Колби Ковингтон өзара кім мықтыны анықтайды. Шавкат Рахмоновтың айтуынша, өзінің келесі қарсыласы сол екеуінің жекпе-жегінен кейін белгілі болады.

Титул үшін күш сынасуға дайынмын. Бірақ Томпсонға қарсы жекпе-жектен кейін не болатынын білмеймін. Маған қарсылас табу қиын. Әйтеуір біреудің жекпе-жекке шығуға келісім бергеніне қуаныштымын. 2024 жылы Қазақстанға чемпионның белбеуін алып келгім келеді, – деді отандасымыз.

Еске сала кетсек, жақында Колби Ковингтон Рахмоновты кекетіп, оны балағаттаған болатын. Кеше Лас-Вегаста Стивен Томпсонмен жекпе-жек алдында өткен баспасөз мәслихатында Шавкат Рахмонов осы жағдайға қатысты пікір білдірді.

«Колби камераның алдында, көпшіліктің ортасында маған қатысты нешетүрлі сөздер айта береді. Ал, бірақ, бетпе-бет келгенде ештеңе айта алмайды», – деді ол.
15 желтоқсан 2023 ж. 180 0