Антикор басшысы: Түзелмейтін жемқорларды ыстық темірмен мемлекеттік аппараттан жұлып алу керек
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Асхат Жұмағали елдегі жемқорларды “темірмен күйдіргендей” жазалау керектігін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ол журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында сыбайлас жемқорлықтың бұрыннан келе жатқан оба, шешек секілді індеттің бір түрі екенін алға тартты.
"Біз ол аурулардан дәрілер, вакциналарды ойлап табу арқылы қалай құтылсақ, жемқорлықтан да елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті көтеру арқылы құтыла аламыз”, дейді А.Жұмағали.
Оның пікірінше, жемқорлықпен күресте қатаң шаралар қолдану мәселені толықтай шешуге көмектеспейді. Ол мұндай қатаң шаралар қолдану бойынша Қытайды мысал ретінде көрсетті. Қытайда мұндай қылмыстар үшін ату жазасы белгіленсе де, жағдай айтарлықтай түзелмеген. Сондықтан Қытай билігінің түсіндіру жұмыстарына көңіл бөліп жатқанын айтты. Алайда, түзелмейтін жемқорларға қатаң шаралар қолдану қажет.
“Түзелмейтін жемқорларды ыстық темірмен мемлекеттік аппараттан жұлып алу керек. Бірақ бұл қадрлық мәселе. Адамдар қандай ортаға түседі. Егер балғын қиярды тұздалған қиярлар салынған ыдысқа салып қойсаңыз, ол түбінде тұзды қиярға айналады. Сондықтан бізге ортаны түзеу қажет”, – дейді Асхат Жұмағали.